Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Балалығым-ай, ауылда қалған...
112
оқылды

Бүркеншік аты: Бөрі

Балалығым-ай, ауылда қалған

 

Қайтқан қаздың тізбегі,

Құмырсқаның іздері.

Жан-жапырағын сарғайтты-ау

Желменен желпіп күз демі.

 

Жылқы жылдарым жарысып,

Уақыт ауыздықпен алысып.

Ақпанның айы сары аяз,

Кірпікке қары жабысып.

 

Ауылға қарай беремін

Көздері қалған көненің.

Күнге қақталып кебетін

Құртын сағындым өренің.

 

Торы атты мініп тағалап,

Қойтасты жүрдік аралап.

Қозы-лақ иісін сіңірген

Қанжығамызда кереқап.

 

Жұлдыздар ағып сөнерде

Көң иісі сіңген көгенде

Марқа қозы-лақ ұйықтайды

Шаруасы жоқ әлемде.

 

Көбелек – сәні гүлдердің

Астында қалды бір белдің.

Жыланқияқтан қамшы өріп,

Асықпен ойнап жүрген күн.

 

Қора салып тастардан,

Жұртымда қара қос қалған.

Балалығымның арманы,

Қара тастарда басталған.

 

Балағым шаңын сіңіріп еді,

Бала қиялым бірігіп еді.

Сынық ай кейде жабықтан сығалап,

Қылаңда түңілік түріліп еді.

 

Жылқы жинауға мінем деп атты,

Бозтаңда тауып шідердегі атты.

Күміс шық кешкен тілерсегінен,

Үйге әкелуші ек жүгендеп атты.

 

Желбегей киіп көк шапандарын

Қой өргізуші еді ақсақалдарым.

Төбесінде ойнап күн шағылысып,

Боялған нұрға қасқа тауларым.

 

Бордама шаймен талқан қосатын,

Шөлін бір басып, қауқылдасатын.

Тезек жаққанда түтіннің иісі,

Тынысың кеңіп, қолқаңды ашатын.

 

Жаңғырған үнім тауыңда қалған,

Көлеңкеңде ойнап талыңда қалған.

Қалдырып бәрін алыстап кетті,

Балалығым-ай ауылда қалған! 

 

Ауылдың мұңы

 

Алай-дүлей ғып миым сананы,

Құлазып ауыл құйын соғады.

Жұрттың көбі жұртынан безіп,

Бес күнгі тірлік тиын санады.

 

Иесіз ауыл мұң жасырыпты.

Ырыс пен құтын кім қашырыпты?

Қарашаңырақ қурап қалыпты,

Қараошақ күлі құмға сіңіпті,

 

Жастардың көбі далаға сыймай,

Үй таба алмай жүр, қалаға сыймай.

Төрт түлік малы қораға сыймай,

Жүрген күндерін бағаласынба-ай?

 

«Шыбын жанымды қинаттың» деді.

Торғайдай тоз ғып қираттың нені?

Көктемде судың астында қалады

Бабасы жатқан зираттың көбі.

 

Қалаға бәрі ағылып жатыр,

Үй жалдап қалта қағылып жатыр.

Қараусыз қалған ауылдың көбі,

Мектеппен бірге жабылып жатыр.

 

Бекініс еді екі арадағы,

Ауылдың көбі шекарадағы.

Иесіз сиреп қаңырап қалды,

Қай жаққа билік апара алады?

 

Бас катырмаймыз ауылым-айлап,

Қырықжамау ғып жолын ыңғайлап.

Билік басынан шіріген заман,

Ауылын емес, қарынын ойлап.

 

Ауылда қалған ата-анаңды ойла,

Жағдайымызға жат алаңдай ма?

Үй болам десең іргеңді қымта,

Ел болам десең шекараңды ойла.

 

Жастары кетіп қарттары қалды,

Күш қуат бойда жоқтары қалды.

Түтінсіз қалған кей ауылдардың,

Зираты, жұрты аттары қалды.

 

Бұлттай ауырлап қалың ойларым,

Бастан тепті ме танымай бағын?

Жұртында қалды сәби бесігі,

Ауылдың мұңы барын ойладым.

 

Қара орман елім тамырыңды ойла,

Ауыл тынысын дауыл ұрлайма?

Мәңгілік елге айналу үшін,

Ұлт болам десең ауылыңды ойла.