Үйінді астынан 55 жастағы ер адам құтқарылды.
Қостанай облысында жылу қазандығы жарылды
Фото: Instagram/tobol_info
263
оқылды

6 қараша күні Қостанай облысына қарасты Амангелді ауылында мәдениет үйінің бөлек орналасқан қазандығы жарылып, ғимарат қирап қалды,  деп хабарлайды Aikyn.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Үйінді астынан 55 жастағы ер адам құтқарылды. Оны Арқалықтағы ауруханаға жеткізу үшін арнайы тікұшақ шақырылды. 

Куәгерлердің сөзінше, жарылыс болған кезде ғимаратта басқа адамдар болмаған. 

Амангелді ауданының әкімдігі аталған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

 "Аман-су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты N2 қазандық 2 қабатты үш тұрғын үйді және әкімшілік ғимараттарды (сот, мұражай, мәдениет үйі) жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Сол қазандықтағы 2022 жылы орнатылған жылу қазандығы жарылып, оқыс оқиға болды. Оқиға барысында 1969 жылы туған науқас Амангелді аудандық орталық ауруханасына жатқызылды. Науқасты аудандық ауруханадан Арқалық қаласындағы өңірлік ауруханаға жеткізу мәселесін шешу және емдеу шараларын реттеу мақсатында санитарлық авиация арқылы ауданға анестезиологтер бригадасы жіберілді",  деді аудан әкімі Қанат Кеделбаев.

Сондай-ақ жергілікті әкімдік өкілдері жылумен жабдықтауды қалпына келтіру үшін бір тәулік ішінде дайын контейнерлік типтегі блоктық-модульдық қазандық орнатылатынын айтты.

"Сондай-ақ  қалпына келтіру жұмыстары кезінде қазандыққа қосылған үйлердің тұрғындарына жылумен қамтамасыз ету үшін бірқатар шара  қабылданып жатыр. Тұрғындар жылусыз қалмайтын болады",  деді олар.