Түбі бір түркі халықтарының интеграциясы күн өткен сайын қанатын кеңге жайып, тереңдеп келеді.
Түркі әлемі: ырыс алды – ынтымақ
808
оқылды

Осыдан 15 жыл бұрын  Әзербайжанның Нахчиван қаласында іргесі қаланып, кейін салмақты халықаралық құрылымға айналған Түркі мемлекеттері ұйымының Бішкекте өткен ХІ саммиті интеграциялық процестердің келесі кезеңін бастады. Саммитке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  қатысып, Қазақстанның ұйымға  төрағалық еткен жылын қорытындылады. Әрі ынтымақтастық аясында атқарылуы қажет деп санайтын  ұсыныстарын  ортаға салды.

«Түркі әлемінің күшеюі: Эконо­ми­ка­лық интеграция, тұрақты даму, цифр­лық болашақ және қауіпсіздік» деген атау­мен басталған жиында сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ерек­ше қонақжайлық көрсеткен Қырғызстан Пре­зиденті Садыр Жапаров пен бірту­ған қырғыз халқына шынайы риза­шы­лы­ғын білдірді. Сондай-ақ «Ынтымақ Ор­до» ғимаратында өтіп жатқан алқалы жиын Түркі мемлекеттері ұйымының 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр­ға­нына назар аударды.

– Бұл – мерейлі белес. Осы сәтті пай­даланып, баршаңызға құтты болсын де­гім келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға ай­налды. Оның әлемдік мәртебесі арт­ты. Бұл – ең алдымен, берекелі бір­лі­гі­міз­дің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент еліміздің Түр­кі мемлекеттері ұйымындағы төра­ға­лығы аясында атқарылған шараларға тоқ­талды. Былтыр  қарашада  осынау  ұйым­ға төрағалық етуді бастаған Қазақ­стан ынтымақтастықтың  жаңа кезеңіне ерек­ше атау берген берген еді.  Қазақша «Түр­кі дәуірі»,  ағылшынша «TURKTIME!»  деп аталған ұрандағы әр әріптің өзіндік мәні бар екенін Мемлекет бас­шы­сы ұйымның Астанада өткен Х сам­ми­тінде атап өткен болатын. Қазақстан Traditions, Unifications, Reforms, Knowledge, Trust, Investments, Mediation, Energy дейтін 8 бағыт ұсынған. Осынау ба­ғыттардың әрқайсысы заманауи әлем­ді   Қазақстанның ғана емес, күллі түр­кі әлемінің орнын, даму бағытын ай­қындайтын ұстанымдар. Дәстүр мен біре­гейлік, реформалар, білім мен се­нім, инвестиция, медиация мен энергия түр­кілерді алға жетелейтін құндылықтар мен факторлар екеніне тоқталған бола­тын. 

Бішкектегі саммитте Қасым-Жомарт Кемелұлы  бір жыл ішінде ауыз толты­рып айтарлықтай  іс тындырылғанын атап өтті. 

–  Қазақстан  Ұйымның іс басындағы тө­рағасы ретінде «TURKTIME!» ұра­нын көтерді. Түбі бір түркі жұртын бі­рік­тіруге баса мән бердік. Жан-жақты ын­тымақтастықты кеңейтуге ерекше на­зар аудардық. Осы уақыт аралығында нақ­ты жетістіктерге қол жеткіздік. Бір­қа­тар жобаны жүзеге асырдық. 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Аста­на­да V Дүниежүзілік көшпенділер ойын­дары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өр­кениетін жер-жаһанға танытты. Түр­кі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұ­ны тарихи оқиға деуге болады. Был­тыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйы­мы жанындағы Тұрақты өкілдерді та­ғайын­дау туралы шешім қабылдадық. Оның ережесі бекітілуге дайын, –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткен  жетістіктерді  бір жыл ішінде атқарылған іс-шараларға көз жүгірткен кез келген азамат байқай­ды. Қазақстан  ұйымға төрағалық еткен бір жыл ішінде ТМҰ-ның  халықаралық сах­надағы беделі біршама көтеріле түс­ті. Бұрынғы  саммиттерде  қабылданған шешімдер нақты  жүзеге аса бастады. Атап айтқанда, Түркі инвестициялық қо­ры жұмысын бастап, өткен көктемде қор­дың инаугурациялық  отырысы ұйым­дастырылған еді. Бастапқы  капи­талы 500 млн доллар болатын бұл қор күндердің күнінде  Еуропа даму банкі, Азия даму банкі немесе Еуропалық ай­мақ­тық даму қоры  тәрізді  қаржы инс­титутына айналуы бек мүмкін. Өйткені түр­кі мемлекеттері осыған мүдделі.

Бәлкім, қор жұмысының маңызын ескергендіктен болар, Қазақстан Президенті саммитте мұны айрықша атап өтті. 

– Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын. Бүгінгі саммитке қырғыз бауырларымыз «Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік» тақырыбын ұсынып отыр. Бұл ұсыныс бәріміздің мүддемізге сай келеді. Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді, – деді Президент. Әрі  ұйым тарапынан қолға алынған тың бастамаларды  жалғастыру қажет деп санайтынын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, ұйым аясында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар да беки түскен.

– Түркі әлемін экономикалық тұр­ғы­дан одан әрі өркендету үшін Орта дә­ліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін, – деді Пре­зидент.

Мемлекет басшысы қаржы-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұл бағытта Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарып келеді. Сонымен қатар тараптардың Орталық банктер кеңесін құру туралы бастаманы бірауыздан құптағанын жеткізді.

Президент адам капиталын дамытуды аса маңызды міндет ретінде атады.

– Түркі өркениетін жаңғырту үшін адам ресурстарын тиімді пайдалану керек. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажет. Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн. Былтырғы Саммитте елдерімізде беделді университеттеріміздің бөлімшесін ашу туралы ұсыныс айтылды. Соның нәтижесінде Қазақстанда Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы саммитте қол қойылған «Цифрлық экономикадағы әріптестік туралы» келісімді Түркі мемлекеттері ұйымы мүшелері үшін мәні зор құжат деп бағалады. Сондай-ақ түр­кі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалып­тастыру мақсатында кабельдік те­ле­арналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру қажет екеніне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында саммит аясында жасалатын келісімдер түркі мемлекеттерінің әлеуетін арттыратынына сенім білдіріп, ұйымға төрағалық ететін Қырғыз еліне табыс тіледі.

Интеграция бағыты айқын

Негізі,  Түркі мемлекеттері ұйымының Бішкекте өткен ХІ саммитінде  бауырлас  халықтар арасындағы интеграцияны  күшейтуге қатысты  ұстанымдарды байқауға болады. Бір байқағанымыз, Қазақстан да, Өзбекстан да, Қырғызстан мен Әзербайжан да ұйым жұмысын же­тіл­діруге бағытталған ұсыныстарын бұрынғы бастамалардың жалғасы  ретінде  алға тартатындай. Біздің пайымдауымызша, халықаралық ұйым үшін мұндай  ұстаным өзекті болуға тиіс. Қазіргідей геосаяси  шиеленіс өршіп тұрған кезде  популистік ұрандарға,  халықаралық құқық нормаларына қайшы түсетін қадамдарға баруға болмайды.  Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі ұстанымы ретінде бағалаған дұрыс. 

Қазақстан басшысы ТМҰ-ға жетекшілік еткен жылдағы бастамалардың одан әрмен  жалғасын тауып,  міндеттердің жүйелі түрде  орындалғанын  қалай­тынын байқатты.  Қ.Тоқаевтың  баян­дамасындағы адам капиталын дамыту идеясын TURKTIME атауымен өткен саммитте еліміз ұсынған Knowledge бастамасының заңды жалғасы ретінде бағалауға болады.  Ал қаржы-инвестиция саласындағы ынтымақтастықты  тереңдету ұйымға мүше елдердің дамуына қажет бастама.  Айталық,  ұйым елдері арасындағы  тауар айналымы 2023 жылдың күзінде 22 миллиард доллардан асқанын Қасым-Жомарт Кемелұлы Астанадағы саммитте атап өткен еді. Әрі ортақ талаптар  бекітілсе,  бұл көрсеткішті 1,5 есе  ұлғайтуға болатынын айтқан. Ал биыл Қазақстан  басшысы ұйым мүшелерінің өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асып түскенін тілге тиек етті. Яғни, түркі мемлекеттерінің  өзара тауар айналымы  өте жылдам қарқынмен өсіп келеді деген сөз. 

Мәселен, ТМҰ-ға мүше  Өзбекстан Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің біріне айналып, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7-орынға шықты. Қазір екі елдің арасындағы тауар айналымы 5 млрд доллардан асты. Мамандар  бұл көрсеткіш жақын жылдарда 10 млрд-қа жететінін болжап жүр. Түркиямен арадағы тауар айналымы  2023 жылы 6 млрд долларға жеткен. Әрі былтыр Түркия Қазақстанның сауда серіктестерінің тізімінде 5-орынға шығыпты. Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы былтыр 1,6 млрд долларды құраған. Біздің пайымдауымызша, бұл көрсеткіш жыл өткен сайын ұлғая береді. Өйткені  ТМҰ-ға мүше елдер ынтымақтастығында  экономика мен қаржы секторының  орны бөлек. Ұйымға  мүше елдердің басым көпшілігі  құрылымның геосаяси кикілжіңдер кезінде қандай да бір тарапты жақтамауға мүдделі. Әрі өзіміздің ортақ мүддемізді қорғаудың түрлі тетігін жетілдіру де маңызды. Бұл үрдіс Бішкек саммитінде де байқалды.

Айталық,  Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күллі түркі әле­міне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Ақпараттық кеңістікке бас-көз болудың маңыздылығы геосаяси турбуленттілік кезінде тіптен күшейді. Ал әлемнің түрлі аймағында  белгілі бір ақпараттық мүддені көздейтін платформалар қалыптасып үлгерді. Айталық, араб әлемінің ақпараттық кеңістігіне 1996 жылы енген Әл-Жазира телеарнасы, 2003 жылы қосылған Әл-Арабия  телеарнасы таяу Шығыс пен Солтүстік Африка аймағында белгілі бір көзқарас қалыптастыратын құралға айналған.  Әрі бұл ресурстар араб әлеміне батыс медиасына балама ретінде танылды және түрлі мүдделі топтың мінберіне айналды. Түркі дүниесінде әзірге  мұндай ортақ  платформа  қалыптаса қойған жоқ. Бірақ алғышарттар  байқалады. Қазақстан  Президенті кабелдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру идеясын ұсыну арқылы тығырықтан шығар жолды  нұсқаған тәрізді. 

Жалпы,  ТМҰ-ның Бішкек саммитінде мемлекет басшыларының барлығы дерлік  ұйымның  алдағы даму бағыттарына қатысты ортақ пікірде екенін байқатты. Айталық,  Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ұйым аясында инвес­тициялық процестерді күшейту,  көлік дәліздерін тиімді пайдалану қатарлы  мәселелерге назар аударса,  Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров  баяндамасында климат мәселесінің де өзекті екенін атап өтті. Ол өз сөзінде Қырғыз тауларындағы мұздықтардың 16%-ы соңғы 70 жылда  жойылып кеткеніне назар аударды. 2100 жылға қарай  Орталық Азия тауларындағы мұздықтардың  тең жартысы  еріп кетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде  су тапшылығын туындатары сөзсіз. Ташкент  пен Бішкектің бұл  ұстанымдары Қазақстан саясатымен де үндеседі. Яғни, Қазақстанның  климат, көлік дәліздері, инвестициялық ахуалды  жақсарту,  халықаралық құқықтың, соның  ішінде БҰҰ нормаларының бұзылмауы мәселелеріне назар аударуы өңір мүддесіне сәйкес екенін білдірсе керек. 

Сол сияқты Әзербайжан мен Түркия президенттері Оңтүстік Кавказда бейбітшілік орнатудың өзекті екеніне тоқталды. Ал Әзербайжан мен Армения арасында бейбіт келісімге қол қоюдың маңыздылығын Қазақстан ұдайы алға тартып келеді. Ресми Астананың бастамасымен жер дауын шеше қоймаған екі мемлекеттің сыртқы істер министрлері Алматыда келіссөз өткізген. БҰҰ жарғыларына сәйкес кез келген мемлекеттің  аумақтық тұтастығының сақталуын Қ.Тоқаев  үнемі жақтайды. Қақтығыстардың дипломатиялық  амалдар арқылы тоқтатылғанын құп көреді. Ал Оңтүстік Кавказ тыныш болса, Орта дәліздің мүмкіндігі арта түседі. Мәселен, 2024 жылдың  тоғыз айында ТМҰ-ға мүше және  бақылаушы елдердің Орта дәліз немесе Әзербайжан  жері арқылы тасымалдаған жүгінің көлемі былтырғыдан 15%-ға көп болған. Демек, ТМҰ үшін де, Еуропа мен Азия үшін де Орта дәліздің салмағы артып келеді деген сөз.

Әрине, ТМҰ саммитінде  өзге де пікірлер айтылды. Палестина-Израиль қақтығысы, Ауғанстан мәселесі тәрізді тақырыптар да қозғалды. Әрі ТМҰ-ға мүше әр мемлекет басшысы интеграциялық процестерге қатысты өз пайымын білдірді. Дегенмен ешкім басты ұстанымынан айныған жоқ. Өйткені ТМҰ  бейбітшілікті жақтайтын, халықаралық құқық нормаларына қайшы әрекет етпейтін,  мүшелерінің барлығы  тең құқылы,  бауырлас халықтардың әл-ауқатын жақсартуды,  оларды рухани-мәдени тұрғыда  бір-біріне жақындастыра түсуді  көздейтін  құрылым. ТМҰ саяси немесе әскери блок емес. Ұйымның әр саммитінде саясаткерлердің  пайымынан осы ұстанымды  байқаймыз. Осы жолы да солай болды. 

Жаңа құжат – жаңа деңгей

Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммиті аясында 8 құжатқа қол қойылды. Былтыр өткен Астана саммитінде 12 құжат еді. Әрине, әр саммиттің өзіндік күн тәртібі, талқылайтын тақырыбы мен  қабылдайтын құжаттары болады. Сондықтан құжаттардың саны емес, салмағы маңызды болатын тұстар кездеседі. Әрі келісілген  құжаттар бұрынғыларды толықтырып тұруы да мүмкін.  Бішкек   саммиті барысында алдымен Түркі мемлекеттері ұйымы XI саммитінің декларациясы қабылданды. Сонымен бірге «Түркі әлемінің жасыл дамуы: орнықты келешектің бірлігі», Бішкек қаласын 2025 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық астанасы деп жариялау, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанды «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапаттау, Түркі әлемінің хартиясын қабылдау туралы шешімдерге қол қойылды. Сонымен қатар Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасарларын тағайындау туралы шешімге де мемлекет басшылары  қол қойды.  «Түркі мемлекеттері ұйымының Тұрақты өкілдері жөніндегі ереже» туралы, Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының туы жөніндегі шешімдер қабылданды. Бұл құжаттар ТМҰ-ның қызметін жетілдіріп, салмақты  құрылым ретінде іргесін бекемдей түсуге  қызмет етері сөзсіз. Әр құжаттың  өз міндеті бар. 

Саммитте Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев сөз сөйледі. 

Сондай-ақ Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапатталды.

Амангелді ҚҰРМЕТ