Тәтті түбір төңірегіндегі түйткіл шешілер емес. Осыдан екі жеті бұрын еңбек адамдарын шырылдатқан мәселе бүгінде Сенат мінберіне жетіп отыр.
Шаруалар неге шырылдайды?
419
оқылды

Нақтырақ айтсақ, сенатор Сәкен Арубаев қант қызылшасын өткізе алмай жүрген диқандардың жанайқайын Ауыл шаруашылығы министрлігіне жеткізіп, сауалын төтесінен қойды. Бұқараның базынасы орынды екенін тілге тиек етіп, «министрлік келтірген сандар сандырақ» деп сын тезіне алды. 

Сенатор Сәкен Қаланұлының сөзіне сүйенсек, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан Жамбыл мен Жетісу облыс­тарына қант қызылшасы алқабын екі есеге ұлғайту туралы тапсырма түскен екен. Нәтижесінде, екі өңір де биыл бекітілген межені артығымен орындаған. Алайда шаруалар жинаған өнімін қайда өткізерін білмей шырыл қағуда. Оған себеп – қант зауыттарының тәтті түбірді қабылд ауға қуаттылығының жетпеуі. 

– Биыл екі облыстың шаруалары 1 млн 200 мың тонна өнім бергелі отыр. Алайда оны қабылдауға қант зауыттарымыз қау­қарсыз. Неге зауыттардың мүмкіндігін ескермей, министрлік мұндай көлемдегі қант қызылшасын егуге тапсырма берген? Оған қоса, екі өңірдің шаруаларына берілуге тиіс 30 миллиард субсидияның бүгінге 1 тиыны да бөлінген жоқ.  Мұны сонда қалай түсінуге болады? Ертең жауапкершілікті кім мойнына алады? – деп сенатор министрлікке сауалын жолдады. 

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков барлық жағдай бақылауда екеніне сендіруге тырысты. 

– Қазір еліміздегі үш қант зауыты 900 мың тонна қант қызылшасын қабылдауға қауқарлы болып тұр. Оның 400 мың тоннасы «Меркі қант зауытына» өткізіледі. Артылған 300 мың тоннаның 100-150 мың тоннасын Қырғызстан еліне жөнелтсек деп жоспарлап отырмыз. Тәтті түбірді қабылдап, өңдеу келер жылдың наурыз айына дейін жүргізіледі, – деген вице-министр 100-150 мың тонна өнім Қырғыз еліне жіберілгенімен, қалған тағы 150 мың тонна қайда өткізілетіне қатысты анық ақпарат бере алмай кібіртіктеді. Сондай-ақ Ербол Қуанышұлы жауапкершілік жүгіне қатысты да жауаптан жалтарып, «ол мәселені қарау әлі ерте» деумен шектелді. 

Алайда сенетор Сәкен Арубаев: «Меркі қант зауыты 200-250 мың тонна ғана өнім қабылдауға қауқарлы. Сіз 400 мың тонна өнімді қайдан шығарып отырсыз?» деп вице-министрді тағы тығырыққа тіреді. Ербол Тасжүреков бұл сауалға да тұщымды жауап бере алмады. 

Иә, осылайша биік мінбердегі тұлғалар текетіресіп жатқанда, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев те құр жатпай, Меркі ауданына ат ізін салды. Ербол Шырақпайұлы шаруалармен тілдесіп, ұзын-сонар кезек мәселесін шешу үшін қант зауыты жанынан қосымша қызылша қабылдайтын екі алаң құру туралы тапсырмасын берді. Сондай-ақ «Меркі  қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігіне мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие берілмек. Өндіріс ошағы бұл қаржы арқылы шаруалар алдындағы берешегін өтейді деп көзделуде. Оның ішінде, қабылдаған қант қызылшасы үшін 15 теңге, 100 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан шаруаларға тасымалдау шығындары үшін 3 теңгеден беріледі. 

Әрине, бұл тығырықтан шығатын жолдың бірі болуы мүмкін. Алайда негізгі мәселе қайда? Не себепті өнімді өткеруде қиындықтар туындауда? Оның басты себебі – биыл «Тараз қант зауыты» тәтті түбір қабылдауды тоқтатқаны анық. Егер облыс орталығындағы зауыт қант қызылшасын қабылдағанда мұндай қиындықтар туындамас па еді? Сонда кәсіпорын дәл науқанда неге жұмыс істемей отыр? 

Ұзынқұлаққа сенсек, «Тараз қант зауы­ты» сатылып кеткен көрінеді. Сондықтан ресейлік қожайындар қант қызылшасынан гөрі, шетелден қант құрағын алдыруды жөн көрген. Бұл мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін зауыт директоры Александр Шлегельге қанша хабарласқанымызбен онымен байланыса алмадық. Алайда көптің көкейінде жүрген сауалдың жауабын облыс әкімдігі Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев берді. 

– Бұрын қарқынды жұмыс істеп келген қант зауыттарында ара-тұра іркілістер болып тұрады. Бұл кәсіпорынның жұмысына кері әсер ететіні анық. Қазір Тараз қаласында қант бағасы 350 теңге болса, Меркі ауданында 320 теңгеден саудалануда. Ал Ресей мемлекетінен қант 290 теңгеге келіп, сатылып жатыр. Бұл жағдай жергілікті зауыттардың өнімдерін өткеруіне салқынын тигізуде. Зауыттың жұмысы қай кезде ретке келеді? Өзбекстан, Қырғыз­стан және Қазақстан мемлекеттерінің нарығында қант бағасының келісі 400 теңгеге тұрақтағанда. Қазір облыстағы екі зауыт та шығынмен жұмыс істеп жатыр. Әзірге «Тараз қант зауыты» сатылған жоқ. Қиындықтарға қарамастан облыс орталығындағы кәсіпорын жұмысшыларына тұрақты айлығын беріп отыр. Сол себепті зауыт басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Бұйыртса бұл қиындықтардан да өтерміз, – дейді басқарма басшысы.

Бір анығы, биыл «Тараз қант зауыты» іске қосылмайды. Жұмыс істегеннің өзінде тәтті түбір қабылдамайтыны анық. Себебі бұған дейін де зауыт сырттан қант құрағын алып, содан қант өндіруді құп көретін. Жылда аз мөлшерде қызылша қабылдап, өңір өндірісіне үлесін қосқандай болатын. Ал кәсіпорын келіп тұрған тәтті түбірді неге қабылдауға құлықты емес десеңіз, қант қызылшасынан қалатын қалдық көп. Ал шетелден келетін қант құрағынан шығын шықпайды. Толықтай қантқа айналдыруға болады. Сондықтан «Тараз қант зауыты» байырдан қант құ­ра­ғы­мен жұмыс істегенді жөн көретін кә­сіпорын. Сол себепті «Тараз қант зауыты» тәтті түбір қабылдайды деп сенім артпасақ та болады. 

Сонда мұндай жағдайда қайтпек керек? Жарайды биыл жиналған тәтті түбірді «Меркі қант зауытына», одан қалса Қырғыз еліне тасып әйтеуір өткерерміз. Ал келер жылы дәл осындай мол өнім жиналса қайтеміз? Бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін облысқа заманауи қант зауытын салу керек. Ол кәсіпорынның орнына шырайлы Шу өңірі сұранып тұр. Рас, осыдан біраз жыл бұрын Шу ауданынан жаңа қант зауытын салу туралы бастама көтерілген еді. Оған қоса, аталған елді мекенде Кеңестік кезеңде қант зауыты болған. Алайда жекешелендіру кезінде құрылғылары талан-таражға түсіп, 7 мың адамға жұмыс көзі болған зауыттың қазір орны ғана жатыр. Ауыл ақсақалдары осы жерге жаңа зауыт бой көтерсе деген тілектерін жеткізуде.

– Қазір аудандағы шаруалар жинаған қызылшасын Меркі ауданына жүк көлікпен тасуда. «КамАЗ» көлігінің бір тасымалы 100 мың теңге тұрады. Оған тағы кететін жол шығындарын қосыңыз. Сонда диқан «Меркі қант зауытына» барып келемін дегенше әжептәуір шығынға батады. Егер Үкімет Шу ауданынан қант зауытын салып берсе, біз өнімді үш-төрт есе көбейтер едік. Бұған дүнген ұлтының диқандары да жең түре кірісуге дайын тұр. Тек өнімді өткеруде қиындық болмаса болды. 

Кеңес одағы кезінде бір ғана «Жаңажол» кеңшері 1000 гектарға дейін қызылша өсірген. Нәтижесінде, диқандардың бірнешеуі Социалистік Еңбек Ері атанды. Міне, осы дәуірді қайта әкелу үшін бізге қант зауыты керек. Егер ауданнан қант зауыты ашылып жатса, қарапайым тұрғындардың өзі есік алдындағы 25 соток жерге тәтті түбір егетіні анық, – дейді аудан ақсақалы Жапарқұл Тәжиев.

Расында, биыл Шу ауданының шаруалары 1030 гектарға қант қызылшасын егіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға биылғы жылы ауылдық округтер ерекше белсенділік танытқан. Егер ауданнан зауыт салынып жатса, диқандар өнім көлемін еселеуге белді бекем бууда.

Әрине, зауыт салу оңай шаруа емес. Алайда Шу ауданынан құрылған «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағындағы бір инвестициялық жобаны неге осы бағытқа бағыттамасқа? Салынған қаржысы еселеніп қайтатын жобаға инвестор да қарсылық таныта қоймас. Енді тек дипломатиялық жолмен демеушілерді тарту керек. Сол кезде шарулар да шырылдамай, билік те бас қатырмай қант қызылшасын еселеп өндіретін күн туар. 

Дана қазақта «жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі» деген тәмсіл бар. Яғни, тәтті түбір төңірегіндегі түйткілден шаруалар ғана жапа шегіп жатқаны анық. Міне, осы жағдайды билік мінберіндегілер жіті назарға алып, қант қызылшасына қатысты мәселені оңтайлы шешіп береді деген сенім мол. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы