Ақылды көзілдірік төрт түрлі функция атқарады.
«Ақылды көзілдірік» ойлап тапқан атыраулық оқушы әлемнің кез келген университетінде тегін оқуға мүмкіндік алды
6,781
оқылды

Атырау «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушылары Хайдар Атағұлла мен Қайырхан Лұқпанов ойлап тапқан «Ақылды көзілдірік» бағдарламасы әлемнің үздік 100 жобасының қатарына енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz өңірік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

«Ақылды көзілдірік» Jasscience-2024 байқауынан 1-орын иеленді және дүниежүзіндегі ең беделді бағдарламаның бірі 100 Rise Global Winners 2024 тізіміне енді. Соның нәтижесінде жоба авторларының бірі Хайдар Атағұлла әлемнің кез келген университетінде тегін оқуға мүмкіндік алды.

- Көзілдірік RikaAI жасанды интеллектісі арқылы жұмыс істейді. RikaAI -  бұл интуитивті бағдарлама, жай ғана саусақпен басу арқылы іске қосылады. Пайдаланушыларға құлаққап арқылы дауыстық команда беріп, өзара әрекет жасауға мүмкіндік береді. Материалын 3Д принтермен жасадық. Камера, құлаққап пен микрофонды шетелден тапсырыспен алдырттық, – деді Х.Атағұлла.

Көзілдірік төрт түрлі функция атқарады.

– Біріншісі біз білетін сhatGPT, wikipedia секілді кез келген сұраққа жауап береді. Екіншісі мәтінді сканерлеп, оқиды. Үшіншіден, жол бойындағы кедергілер туралы мәліметтерді айтады. Бұл функция көзі нашар көретін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.  Төртіншіден, нысанға кіргенде ондағы оқиғаларды баяндап береді. Алдағы уақытта оның функцияларын көбейтіп, дамытқымыз келеді, – деді Қ.Лұқпанов.

 

Баян Жанұзақова