Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Суға кеткен ажал
103
оқылды

Бүркеншік аты: Қыр баласы

 

Суға кеткен ажал
(әңгіме)

Үш жылға созылған карантиннен кейін екінші курсты тәмамдап ауылға бардым. Бөкентаудың бауырындағы ат төбеліндей аз ғана қазақ мекендеген осы өлке мен үшін тым ыстық. Қалаға кірген бетте арнасын кеңге салып қаланы қақ жарып аққан Қобда өзенді көргенде алты қырдың астында қалған сол бір жайдары балауса шақтағы бір қызық жәйт есіме түсе кетті.

Ол кезде күз болатын. Қобда өзен сонау Алтайдың басынан бастау алады. Біздің ауыл сол Алтай таудың етегін жайлап, өзен жағалап күзейді. Сол күздің бір тамаша күні. Ымырт үйіріліп күн ұясына батуға арқан бойы қалған. Таң бозара таудан сарымсақ қазуға шыққанбыз... Құдабайдың суға мінген күнгей бетімен қапталдап түсіп келеміз. Астымда мінезі шәркез алаяқ бесті, шерте аяңдап, әсем басып келеді. Етекке түскен соң күн батпады деген сылтаумен тошала теруге теріскей бетке өттік. Балбырап піскен қарақат пен қызылқаттан тойғанша жеп қалғанын торсықтап өңгеріп қайта етекке түскенше қас қарайып күн де ұясына батып бара жатты. Жазды күні кешкі қараңғылық сай ішімен құлдай аққан өзен бойына басқа жерден гөрі ертерек түсетін. Енді іңір түспей тұрып өзеннен өтіп алу керек.

Кешкі салқын, ысыған күн басылған. Ырғақты желге бетімді сипалай өткізіп өзеннің басқа өткеліне қарай желе жортып келемін. Қараңғы түссе өзеннен өтудің қыл көпірден өтумен тең екені есімде. Мен өткелге жеткенде қараңғы түсіп үлгерді. Алаяқтың ауыздығын алып суардым да қос айылды мықтап тартып аа құдайлап толқын соғып  мүжілген қабақтан өзенге түстім. Қою қараңғы, бесті қорымнан тәнтірей басып, сиырша су ішіп келеді. Шү-шүлеп тебініп қоям. Аяғымның басы су сызып барған сайын тереңдеп келеді.

Құланның қасынуына мылтықтың басылуы дегендей қаюанның тап тереңге келгенде сүрінбесі барма. Ол екпеттеп екі аяғын көтергенше кеудемнен соққан су мені қаңбақша әкетті. Бір батып бір шығам. Жан бермек оңай ма су бетіне шығып келсем қырға қол созам. Ұшуға ыңғайланса да,  дәрмені жетпей тыпырлаған құстың балапанындай бар дәрменіммен жағаға талпынам, бірақ тас сабаған толқындар ырқыма көнбей батырып әкетеді. Зәрем зәр түбіне кетіп өлген деген осы екен деп ойладым. Тіршіліктің бар құнын ажал алдында ғана сезініп, кеш ұғынудан үрейлі азап жоқ шығар.  Иманым ұшып, жаным жарға таянған сәтте қолым аттың сулығына іліне кетті, ілінгені сол жағаға қарай тарта жөнелді жануар...

Киімімді де сықпастан үйге тарттым. Сол күнгі қорқыныш бүкіл ғұмырыма жететін еді. Үстім малмандай, иегім кемсеңдеп тоңып келемін. Үйіме жақын деп аяққы өткелмен өтіп кеткен досымды сабап-сабап алдым. Ішімнен әрине. Мінезі шәркез деп жақтырмайтын ала аяқты қайта-қайта мойнынан құшақтап қоям. Ащының дәмін татпай, тәттінің қадіріне жету қиын ғой. Алтын күннің астында, мамық жердің үстінде жүрудің адам үшін қаншалықты бақыт екенін енді ұққандай болдым. Жарыса үріген иттердің дауысынан келді-ау деп елеңдеп шыққан анам атымды атап келдіңбе деп шақырғанда тірі қалғаныма тәубе еттім, себебі мені үйдегі жұмағым күтіп отырыпты.