Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Елу екі келі бидай
148
оқылды

Бүркеншік аты: Көкжал

 Елу екі келі бидай

(деректі әңгіме)

1948 жылдың сарша тамызында төбеден нөсерлеген тамшы толастамады. Қырда күйек басталса да аспан төңкеріліп түскендей жер қызуы қайтқан емес. Қырық күн шіліңгір шілдеге бой бермеген шөптің басы енді қурай бастаған. Босағаның қасындағы қазыққа байланған, қос аяғын бауырына тығып  қалғыған қоразды да таңғы шапақ оятып, «елді де шақырып оятсаңшы» деп табиғи міндетін есіне салғандай. Ай құлақтанған алакөлеңке кеште жатып, қазөтінің басын шық жапқан алгеуім таңмен таласып тұратын Ермағамбет бүгін тағы да Майлыаяққа бар білген жаттанды боқтығын жаудырып жүр. «Қайрош, әкелші ана әкемнің дар ауызын, көзін құртамын мына иттің» деп қыстыға айқайлап, жан-жағына жаутаңдап қарап қорсылдап, ышқына жылайды. Інісінің ызалы дауысын естіді ме, жатаған үйдің сыртынан шешесі кенеп қаптан тігіп берген, балағы тілерсегіне жетпейтін шалбарын киген Қалмағамбет те сау етіп келе қалды. Күстенген қолында  Ермағамбеттің тері шәркейі. Бұл екі бала адам жанының бақырдай құны қалмаған Ұлы Отан соғысы жылдары майдан даласында иә оқ жұтқаны, иә от жалмағаны белгісіз, қара қағаз келіп қара шаңырақты қара жамылтқан Қожбанның қос құлыны. Уақытында Алқакөл болысының Шортанбай қыстағында дүниеге келген, ел Қожбан атап кеткен Қажмағамбет болыстықта ұяхатшы боп еңбек еткен, өз әулетінің қамшы ұстары еді. Ойда жоқта отағасы опат болып, қос тізесін құшақтап амалы құрыған Жамал балаларымды біреудің босағасына телміртпеймін, жетімсіретпеймін, арқа сүйер паналары болсын деп осы Бабақ қыстағының орнында құрылған Куйбышев ауданы Пролетар селолық кеңесіне қарасты «Ленин» колхозының ұстасы, жақында ғана еңбек армиясынан оралған Тілеужанға екінші рет күйеуге тиген. Оң жақта сыңарын сарыла күтіп отыратын, атастырылып тақиясына үкі қадалған қыз емес, қиямет-қайым күн туғанда Куйбышев әскери комиссариатының өкілдері он сегіз жасқа шыққан жігіттерді топырлатып тізімдеп алып кеткенде солардың сапында соғысқа алынып шейіт болған сарбаздың жесірі. Көйлегінің етегіне жабысқан үш тірі жетімнің анасы. Алпамса зор денелі болмаса да мығым, қолдары қарулы, дөнен өгізді мойнын бұрап жалғыз жығуға қауқары жететін кексе әйел. Ашуға мінсе айбарынан осы аядай колхоздың төмен етектілері түгілі   кейбір еркек кіндіктілері де желден құлаған шалғындай жапырылып тықсырылатын. Екінші рет күйеуге тию ойы жоқ еді, бірақ өлмектің артынан кетпек жоқ, балаларының болашағы үшін үйде ер адамның сөзі керек. Шоқиып отырса да еркектің аты еркек қой, қайраты болмаса да мысы бар. Өзі қанша мықты болғанымен табиғаты әйел екенін терең түсінеді. Оның үстіне кенже ұлы Амангелді аурушаң болып туды, оған қарайласатын да қосымша көз керек. Бастысы өзіне деген Тілеужанның көңілі көктің кеңістігіндей.

Тете туған Қалмағамбет пен Ермағамбеттің күнделікті шаруасы бозарған таңмен бірге таласа тұрып, түнгі отқа өрелеп жіберген өгей әкесінің қарагер атын ұстап алып келіп, кигіз тоқымдарын жалаң тартпамен тартып алып қозыкөш жердегі қырман басындағы түнгі комбайн күзетінде болған аналары Жамалға бару. Қарагер атқа Жамал алмасып мінеді де үйге қайтады, ал екі баласы егін алқабында колхоздың басқа балаларымен бірге саршұнақ аулау науқанына кірісетін. Егінжайда саршұнақ аулау колхоз балаларының ойлап тапқан ермегі емес, күнделікті жұмысы, орындайтын тәуліктік жоспары да бар. Олар туралы тіпті аудандық газетке де озық көрсеткіштерін үлгі еткен мақала шыққан. Биылғы белуардан келетін егін де бітік, адам баласын көрсе анадайдан жанұшыра қашатын саршұнақтар да семіз. Кейбір колхозшы ағатайлары  саршұнақты құйрығынан ұстап жерге бір ұрып, бидай таситын ағаш арбаның шиқылдаған доңғалағы мен тұтасатын білік темір ортасына салып жіберетін. Ондай кезде ағаш арбаның доңғалағының майланып жеңілдеп қалғанын жегілген аттар да сезінетін. Тышқантектілер де әбден әккі болып алған, індерінің ауыз бөлігін тар қылып қазады. Балалар су әкеліп құйған уақытта құбырдың ішіндегі тығын құсап құйрықтарымен жауып алады. Бірақ  Қалмағамбет пен Ермағамбеттер колхоздың басқа жүгірмектеріндей оларға амал қалдырсын ба? Бір түйір кигізге от қойып, бықсыған күйінде іннің ішіне сүңгіте салады. Бықсық иістен тұншыққан тышқан тектестер іннен атып шығып, жандары қалмай қашады. Ұстаған саршұнақтарды қолма-қол бауырын тілмей бітеудей сойып,  теріні аяқтарына шәркей қылып сүңгіте салатын. Оның зарын да талай тартты. Күн тас төбеге шығып алқаптың топырағын қуырған уақытта аяқтағы шәркей де кеуіп, қыртыса тарылып, аяқты қысқан үстіне қыса  түседі. Ойын баласы оған мән берсін бе, саршұнақ қуып қызықтасып жүгіріп жүріп кешкі уақытта қажалып қызыл-жосыл болып, күмпиіп іскен аяқтарын суға малып шәркейлерін жібітіп шешеді де, бір жерден шағын ұра қазып су құйып, лайсаңға көміп тастайды. Таңертең оянғанда күні бойы ыстық топырақ пен күпі киген адамның арқасынан өтетін ыстықтан тыртысып қалған шәркейлері жібіп икемге келіп қалатын. Кейде сол шәркейлерді колхоздың аш иттері «ұрлап»  кетеді. Бүгін азанда Ермағамбеттің соңғы оғын Майлыаяққа ататын болып сайланып, дүниені дүр сілкіндіріп азан-қазан қылып жүргеніне де сол себеп. Қайта ағасы Қалмағамбет желаяқ, иттің аузындағы шәркейді көре салысымен жүгіре жортып жетіп алып, асқан әбжілдікмен шайнап жұтуға үлгермеген қақпан аузынан жұлып алған.  Қайроштың желі бар аяғының жүйріктігі бір бөлек. Таңертең қарагер атпен қырман басына барған кезде Ермағамбет салт мінеді де, торсықтағы саумалды бозаға айналдыратындай қара желіске салады. Ал Қайрош болса қасынан бір елі қалмай жүгіріп отыратын.  Оның сүйегінің құстыкіндей жеңілдігі сондай, көлде құлаштап малтыған уақытта кеудесі су бетінде жүретін. Ақ айдында емін-еркін батпай шалқасынан аспанға қарап рахаттанып жататынына не дерсің?!

Жамалдың да, Тілеужанның да тамыр тартқан атамекендері жиектегі Жаңабет колхозы. Бәйсеудің Берекесінің бес ұлының кенжесі Тілеужан ата-бабасынан жалғасып келе жатқан темірге құмар, тылсым тілін түсінетіндей.  Әйелі кенеттен қайтыс болып, екі қызының үлкені Дәметкенді ағасы Үсен бауырына басқан. Ал екінші қызы Үміт Тереңкөл төңірегіндегі нағашыларының қолына кетіп, сол жақта опат болды. Нағашысының баласы екеуі қасиетті саналатын бір жерде өсіп тұрған тал-теректі білместікпен балталап жұлып тастапты. Өздері де оңбады, төрт-бес күннен кейін  ауырып жантәсілім болған.

Бес жанды отбасы «Ленин» колхозына жақында қоныс аударған. Оған себеп қантуыс боп келетін ағасы, осы колхоздың төрағасы, шолақбелсенді Ырысбек. Қашан көрсең де бір жамбас ақсақ торы атына мініп шоқалақтап шабады да жүреді. Құрсақтан жылап емес, ақырып шыққан бәле ме дерсің! Қашан көрсең де аузынан шыққан көк иті қауып, ақ иті арсалаңдап жүргені, қарсы тұрғанға екі көзі алайып шатынап,  шадырайып шыға келеді. Шып еткен дыбыстан шоршыған шортандай алақ-жұлақ. Еркек кіндіктілердің бәрі соғысқа кеткен уақытта тамыр-таныстарының көмейін майлап, мүгедек деген қағаз жасатып, майдан түгілі еңбек армиясына жарамсыз деп танылып тылдағы ауылда қалып, кәрі-құртаң шалдар, панасыз бала-шағаға бұйрығын өткізіп, сыныққа сылтау тауып бүлдіргесінен бүктеп ұстаған бұзаутіс қамшысын үйіріп  әдеттеніп алған. Жесір әйелдерге келгенде қызыл көз, дүниенің тұтқасы қолында тұрғандай қысқа қайырып, күрмеп байлайды. Колхоз төрағасы ретінде өз ісіне төселген мүттақым. Егін науқанында бір түйір бидайды шығын етіп сыртқа шығарып көрген емес, қырман мен қамба басында қатаң тәртіп. Үкіметтің нанына келгенде туғаным, туысым деп ажыратып жатпайды, дар ағашының алдына бұғалық салып сүйреп алып баруға бар. Оның тойымсыз еркек нәпсісін құлқын құрты қытықтап Жамалдың жесірлігі арбағалы қай уақыт. Бірақ Жамалдың биліктің буына мас болған нәпсіқұмарларға жаны қас, арам қатса да тоқтап қарамайды, тулақ құрлы құн таппайды. Оңтайын тауып оңынан келгендер омақаса құлап, сылдыр сөзін сүйрелеңдетіп солақай сүйкенгендерді сөздегенде сүйегін сырқырататын. Өзіне деген көңілі барын тоят іздеген Ырысбектің қадала қарайтын аш көзінен, өмекси қалатын майда тілінен сан мәрте аңғарған. Сол Ырысбек  бұларды бармаймыз дегендеріне болмай «Ленин» колхозына көшіріп әкелген. «Тілеужан, шиеттей балаларың бар, қартайған әке-шешең бар, оларға сен бас-көз болмағанда кім қарайласады? Біздің колхозға ұста керек, сенің қолың алтын, керегемізді жасап бересің. Еңбегіңді жемейміз, төбеңнен алтын құймасақ та, ықылық атқанша тойдырамыз деп уәде бермеймін, бірақ балаларыңның бүйірі шығады» деген аспаннан шұға жаудырған сөзіне аңғал Тілеужан мастанып сеніп қалған. Ырысбектің түпкі ойы Жамалдың көңілін тауып, төрағалығын көлденең тартып, тығылып кездесетін көп «тоқалдың» бірі қылмақ екенін ол қайдан білсін?  Жаңа қонысқа келе салысымен Тілеужан көрік үйде егіншілердің, қырманшылардың темірден қажетін қанағаттандырды, Жамал болса түнгі комбайн күзетшісі болып орналасты. Ал балалары саршұнақ аулайтындардың тобына ілесті. Бірақ бүйірлері шығып тамақ жеген жоқ, ешкінің иленген терісімен қапталған  жалғыз тар терезесі бар там үйде қолшамның білтесін өлшеп жағып, күнделікті таразылап берілетін тары, бидайды қол диірменге тартып талғажау қылып күн кешті. Шағынарға дәрмен жоқ, өздері құралпы колхоздастары да сондай күйді өткеруде.

Қожбанның қос ұлы қырман басына жақындағанда топтанған адамдарды, көкке көтерілген шаңды көздері шалды. Жақындаған сайын құлақтарына ұрандаған айқай-шу естіліп, топырласқан жұртты анық байқады. Биылғы жер апшысын қуырған аптап ыстыққа қарамастан тың жерге егілген бидайдың шығымы жақсы екен. Оны көрген Ырысбек ырысым тасып, аудандық атқару комитеті жүктеген мемлекеттік жоспарды екі есе орындаймын деп масаттанған және сол қуанышының желімен колхозшыларға бір қап мысыққұйрық аралас бидай бөліп, ботқа жасатқан, сорпалыққа бір балабай берген, күзгі алым-терімді сабантоймен бастаған. Тізеге дейін қалың етіп салынған бидайдың сабанының үстіне кілем төселіп, алқа-қотан дөңгелене қоршаған колхозшылар белбеу күрестің қызығына батқан екен. Кілем үстіндегі кезек әйелдерге тиіп, ортада екі моншақтағар қызық үшін күресіп жүр. Қалмағамбет қарсыласының беліндегі белбеуді сығымдап ұстаған өз анасын анық байқады, тіпті «апа, шалып ұр» деген ішкі дауысын да тежей алмай қалды. Көктемде қырман басында тұқым салынған центнерлік кенеп қаптарды тиеген уақытта білегі талған еркектерге қос алақынына түкірініп, жеңін білегіне дейін түріп жіберіп көмектесіп, қаптың бір жағын жүк құрлы көрмей көтеріп «ынжық неме, көтерсеңші» деп зекіген анасының мықтылығына шек келтіре алмады. Жамал да қарсылас әйелмен қызық үшін итжығыс жасап, біраз жүрді де тас лақтырғандай анадай жерге домалата салды. Айналасына жапырласа жиналған жұрт «Жарайсың Жамал», «Балуан Жамал», «Пәлі Жәміш» деп көтермелеп шулап қоя берді. Колхоздастарының  марапат сөзіне масаттанып тұрғаны сол еді қасына Ырысбек жақындады.

– Еркегіңе жолықпаған екенсің, Қожбанның қатыны, менің тақымыма түсерсің әлі, – деді көпке естірте қасақана қалжыңдағандай түр көрсетіп. Бұзауды бас жібімен балтырына байлай салып сиырды әрі қарай сауа беретін Жамалдың бұл сөз жан-жүйесін қанжармен тілгендей жайратып сала берді. Көп ойланған жоқ, төрағаны қос қолдап алқымнан алды да жамбасқа салып аяғын аспаннан келтірді. Күрес тамашалап тұрғандардың ешқайсысы бұлай болады деп күтпеп еді, бәрі күлкіге қарық болды. Қос санын шапалақтап қос көзінен қос-қостап жас аққанша ішек-сілесі қатып күлгендері қаншама. Қатынның астында қалғанына қорланған білдей төрағаның бет-жүзі шиедей қызарып, бұқпантайлай адымын жедел баса  жөнелді. Сол күйі колхоздағы Тілеужанның көрік үйіне қарай бет алған. Басынан сөз асырып көрмеген ол Жамалдың қылығына қынжылып, тағынан түскендей күйде еді. «Көрсетем мен саған Қожбанның қатыны, Тілеужанның тақымбасары».... Ұстахананың босағасынан аттай берді де сан-саққа сеңдей шашыраған ойын бір арнаға жинап алды.

 – Тілеужан, – деді аптығып.

– Әу.

– Төлешжан, тілшігім көмейіме жабысып қалмай тұрғанда бір ұрттам су берші.

Тілеужан көп күттірген жоқ, анадай жерде тұрған шелектен бақырашпен су алып берді. Қара суды қомағайлана жұтқан Ырысбектің екі езуінен аузына симаған су сыздықтай ағып кеудесіне тамшылап тұр. Бір бақыраш суды сімірген ол жеңімен аузын сүртті де, босағаның қасындағы кесек ағаштың үстіне барып отырды. Сыртта не жағдай болғанынан Тілеужан хабарсыз.

– Төлешжан, биыл бидайдың шығымы жақсы, төгіліп тұр. Оған сенің де еңбегің сіңді ғой. Бүтін биялай кигеніңді көрсем көзім шықсын, қашан болсын көрік үйіңде көмірдің ысына тұншығып балғаңды тоқылдатып тастамайсың. Сен бүгін түнде қырман басына атыңның тұяғына кигіз байлап дымыңды шығармай астыртын бар да, бір қап бидай алып кет. Айдан айға ұласқан өлараның түні ғой, көлеңкеңді де ешкім көрмес. Бала-шағаң бар, ауылда ағайын-туысың бар. Қолдан келері осы ғана, мен Мұқашқа айтып қоярмын. Тек бұл жайында бөтен біреуге тіс жарушы болма! – деді сабасына түсіп.

– Жақсы, – деді Тілеужан өзіне тән екі тау соғылысып жатса да селт етпейтін сабырлығын жоғалтпай. Жымиған күлкісінің әр жағында ризашылық сезім толқығандай. Өмірінде алғаш рет жомарттық жасаған туысының кеңжайлау көңіліне таңданды, бет моншағы неге үзіле қалды деп те ойлады. Бірақ бұл жомарттықтың астарында зымияндық барын сезбеді.

Қой көрген қасқырдай көзі қызарған Ырысбек сол күні қатты қапаланды. «Қожбанның қу жесірі Төлешіңмен бірге көзіңді құртамын, тентіретіп тезек тергіземін» деп ашуға мінді, көңіл көкжигіне кек тұнған. Айтқанынан шықпайтын, Құдай күнін өзіне қаратқан қарамағындағы қырман күзетшісі Мұқашты шақырып алды да жымысқы жоспарын жайып салды. – Түнде Тілеужанның сенегіне жасырын барып жатасың. Бидайды әкелген уақытта ұстайсың да маған хабар бересің. Ауданнан тамыр милиционер келеді, ол да дайын тұрады. Мемлекеттің меншігін ұрлаған зиянкестің көзін осылай құртамыз, – деді ол қабағынан қар борап бұйыра сөйлеп.

Ымырт түн. Аспан әлемінде әншейінде самсап тұратын жұлдыз да жоқ. Айдың бетін де қара бұлт көлегейлеп жапқан. Қыңсыламаса қасыңдағы итті де көру мүмкін емес. Сенекте тығылып жатқан Мұқаш көп күткен жоқ, қап көтеріп кірген Тілеужанды білегінен сығымдап ұстап алып, ышқына айғайлаға ащы дауысы колхоз аспаны астында жаңғырды. Сау етіп Ырысбек, оның артынан қызыл жағалы  милиционер сау етіп келе қалды. Апақ-сапақта дайын тұрған майшам жағылды. Сенекке кірген Жамал да тұтқынға айналды. Заң адамына қарсы келер дәрмен жоқ, қылмыс үстінде ұсталғандай. Түн ауғанда бәрі қалай рет-ретімен саңылау-жігін таба қалғанына, табағыңнан ас ішіп, үзеңгіңе у жағып кететін екіжүзділікке таңданды екі мұңдық. Бірақ бәрі кеш еді. Сол түні Тілеужанның там үйін тінткен қызыл жағалылар бір қап бидайды таразыға тартқанда елу екі келі болғанын хаттап, қос боздақты табан аузында  бұлтартпай тұтқындау туралы қаулы шығарды. Ерлі-зайыпты ұрыларды Куйбышев ауданындағы  уақытша ұстау абақтысына алып кетті.

Болған жайдан түн ішінде хабардар болған колхозшылар бір-біріне сөз жалғады, абыр-сабыр күйге түсті, бәрі неден басталғанын іштері сезсе де тіс жарып айтуға батылдары жетпеді. Заңның құрығы ұзын, бір шеті төрағаның қолында. Төрт күннен кейін колхоздың мектеп үйінде сот болды. Кісендеулі әке-шешесін көргенде зар жылаған Дәметкеннің етегі жасқа толды, Қалмағамбет пен Ермағамбеттің долданғаны соншалық дауыстары да шықпай қалды. Ортада түксиген тергеуші, қабағы мұздай қатқан прокурор, сұсынан су қататын сот төрағасы отыр. Куәгерлер Ырысбек пен Мұқаш міз бақпайды, сазарған беттерін бәкімен тіліп жіберсең шапшып қан шықпайтындай.  Екеуі мемлекет меншігіне қол сұққан зиянкестер түн ішінде оқиға үстінде ұсталып, заң органдарына тапсырылғаны туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Өтірікті шындай соқты.  Қасақана құрылған қақпанның құрбаны болған қос айыпкердің ақ сөзін кім тыңдасын?!

1948 жылдың 17 қыркүйегінде басталған қылмыстық іс бас-аяғы төрт күннің ішінде тергеліп бітіп, қос боздақтың тағдырына қыл үстінде осылай нүкте қойылды. Ерлі-зайыптылар бірігіп елу екі келі бидай ұрлағаны үшін әрбірі тоғыз жылға бас бостандығынан айырылып, еңбекпен түзеу лагеріне кесілді. Боздаған ұл-қызын балалар үйіне беру жайлы ұсыныс айтылды. Салалы саусағымен шоқша сақалын сипап, болған іске сабырлықпен табандылық танытқан Тілеужанның ағасы Үсен балаларды туыстары асырайтынын, мемлекеттен көмек керек емес деген қолхат берді. Дәметкенді бауырына басқан қарттың сөзі Қалмағамбет пен Ермағамбеттің болашақ тағдырларына майшам жаққандай болды.

Сол жылы  қара масаның тісі ерте шығып, қара көлдің қара балығы қорыстың түбіне  тереңдеп ерте кетіп, қара күз де жылдағыдан ерте түсті.

***

Өскемен қаласындағы әйелдер лагерінде төрт жыл жазасын өтеген Жамалға рақымшылық жасалып балаларымен қауышты. Бір жылдан кейін елу екі келі бидай үшін денсаулығын түрмеде қалдырған, құр сүлдері ғана қалған Тілеужан да оралды. Ол елге табан тіреген күні өз шаңырағына бас сұқпай, әй-шайға қарамай бірінші «Ленин» колхозының екі жыл төрағасы болған Ырысбектің үйіне тартып отырған. Нақақтан нақақ жала жауып, боз даланың боздақтарын ботадай боздатқан төраға ол күндері аяқ-қолы сал тартып, тамағынан қою ас өтпей, маңына хал сұрайтын жан бармай, қатынынан қарғыс естіп, бейшара күй кешіп төсекке таңылып жатқан еді.