Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Тұран дала тұлпарлары
160
оқылды

Бүркеншік аты: Көкжал

ТҰРАН ДАЛА ТҰЛПАРЛАРЫ

(Циклды өлеңдер)

 

ҚОБЫЛАНДЫНЫҢ ТАЙБУРЫЛЫ   

                                  

Көк-ала бие құлындап,

Жатыр екен қырындап.

Көкбауыр құлын төсінде,

Тәңірім берген тұлымдап.

Жолыңа қидым ырымдап.

Жылқының болар пырағы,

Қобыландының сыңары,

Тұлпарды іштен таныған,

Тоқтарбай неткен қырағы!

Түтікпенен сүт ішкен,

Құртқа бағып күтіскен.

Жал-құйрығы алтыннан,

Тай тұяғы күмістен.

Киіз үйде бапталған,

Саумал ішкен ақ таңнан.

Құрым киіз төсеніш,

Жабуы жібек-мақпалдан.

Тез жетіліп жануар,

Түйедей ірі ат болған.

 

Шыққан кезде жарыққа,

Таңдай қаққан  халық та.

Қобыланды батыр ер салып,

Аттанып кеткен жорыққа.

 

Сүйегі әбден бекіпті,

Таудан қарғып өтіпті.

Алты ай жүрер жерлерді,

Алты-ақ аттап жетіпті.

 

Бітімі бөлек, зор болған,

Шапқан жері ор болған.

Қобыланды батырға,

Тәңір ие жар болған!

 

АЛПАМЫСТЫҢ БАЙШҰБАРЫ

 

Бөрібайдың жылқысын,

Құлтай баққан бөктерде.

Ала-құла түр түсін,

Ажыратқан көктемде.

Алпамыс келді үйірге,

Жетіге жасы жеткенде.

 

Көп жылқыны қалқалап,

Ер-тұрманын арқалап,

Құрық сұрап қоймайды,

Құлтай құлды қолқалап.

 

Үйір-үйір пырақты,

Құстай ұшқан құр атты.

Құлтай айдай жөнелді,

Дүбірлетіп қыратты.

-Уа, Алпамыс таңдап ал,

Топ жылқыдан бір атты.

Құйрығынан ұстап қал,

Жігітсің ғой қуатты.

Қалың жылқы құйғытқан,

Бұйымтайы бұйрықтан.

Байшұбарға жабысты,

Жолбарыстай құйрықтан.

Шөккен нардай иілді,

Батыр басты құйынды.

Алпамысқа осылай,

Байшұбар ат бұйырды.

 

ЕР ТӨСТІКТІҢ ШАЛҚҰЙРЫҒЫ

 

Қара таудың қиыры,

Ерназардың үйірі.

Кілең жүйрік жылқысы,

Қара жердің құйыны.

 Ішінде көп асауы,

Табылмайды осалы.

Жылқы басы Шалқұйрық,

Кенжекейдің жасауы.

Ер Төстіктің серігі,

Жануардың керімі.

Шалқұйрықтың жанары,

Қызған оттың көрігі.

Дауыл, құйын соққанда,

Қамал, орға, қақпанға.

Тоқтамайды Шалқұйрық,

Төстік мініп шапқанда.

Қалың елден мұң қашқан,

Әр қадамы бір дастан.

Шалқұйрық пен Ер Төстік,

Қиын сәтте сырласқан.

Тау суындай тасыған,

Құмдай сырғып жосыған.

Қыл құйрығын тұтатса,

Табылатын қасынан.

 

ЕР ТАРҒЫННЫҢ ТАРЛАНЫ

 

Қазанаттың қаны бар,

Төсінде де жалы бар.

Төтесінен айтқанда,

Текті туған жануар.

 

Майы толып жіліктің,

Бабы келген күліктің.

Қысырақтың сүтінен,

Қанып ішкен қырық күн.

 

Тік сіңірлі аяғы,

Бітімі ордың қояны.

 Тұяқ ізі ошақтай,

Кең сауырлы, жаялы.

 

Ер Тарғынның Тарланы,

Ел жұртының ардағы.

Жау қамалын жапырып,

Қай құрлыққа бармады...

 

ҚАМБАРДЫҢ ҚАРАҚАСҚАСЫ

 

Мойыны алтын таяқтай,

Жанары жасыл жай оттай.

Жанына жан баласын,

Жатсынады таятпай.

 

Сүрінбеген ойпаңнан,

Тай күнінен тайпалған.

Дөненінде бурадай,

Бітімі бөлек байқалған.

Қамбар мінсе елемей,

Қайыспай түскен қайқаңнан.

Бесті жасқа шыққанда,

Белін жазған байталдан.

Қарақасқа айғырмен,

Жаудың бетін қайтарған.

 

ЕР ҚОСАЙДЫҢ САРҒЫШ АТЫ

 

 Ер Қосайдың Сарғышы,

Қызығатын әр кісі.

Аш күзендей бүгілген,

Жолбарыстай қарғысы.

Сарғыш аттың шабысы,

Түздің құлан тағысы.

Қос құлағы – қос көлдің,

Түзу шыққан қамысы.

Күндік жерге жететін,

Кісінеген дауысы.

Астындағы арғымақ,

Ер Қосайдың намысы.

 

КҮЛТЕГІН МІНГЕН АЗБАНАҚ

 

Азбанаққа мінген кезде Күлтегін,

Сауырынан сорғалатқан кіл терін.

Күн түбіне жортып жүре беретін,

Құйрық-жалы жібек жіптей, күлтелім.

 

Айбаттанып арқыраса Азбанақ,

Боз жусанды дала мынау боздамақ.

Бауыр жазып кең өлкеде көсілсе,

Төрт тұяғы жай отындай маздамақ.

 

АБЫЛАЙДЫҢ НАРҚЫЗЫЛЫ

 

Нарқызыл жылқы көрікті,

Қызыққан әр бір бөрікті.

Абылайды құрметтеп,

Бөгенбай сыйға беріпті.

Өжет жылқы топ бастап,

Өткізген талай жорықты.

 

Нарқызыл – нардай жануар,

Арғымақ екен ары бар.

Ақылы зерек ат мінген,

Абылай ханның бағы бар.

 

ҚАБАНБАЙДЫҢ ҚУБАСЫ

 

Өкпеті, Майлышаттың арасында,

Талды-Базар, Боғастың жағасында.

Туыпты тұлпар текті Қубас құлын,

Ежелгі Тарғыбатай даласында.

 

Жануар жастайынан зор қуатты,

Құрық салса аспанға қарғылапты.

«Қабанбайдың қанаты, серігі» - деп

Би Боранбай таңдапты арғымақты.

 

Қабанбай қартайғанша серік қылған,

Тауды кесіп өтіпті, желіп қырдан.

Бабы мен бағы жанған тұлпар екен,

Батырдың ыңғайына көніп  тұрған.

 

Қубас ат дара болған үйірінде,

Қабанбайдың сан басқан күйігін де.

 Жан тапсырған жарықтық жасы жетіп,

Ақсуат-Жағалбайлы биігінде.              

 

РАЙЫМБЕКТІҢ КӨКОЙНАҒЫ

 

Көкойнақты таныған,

Райымбек тұрқынан.

Тұлпар екен қанынан,

Текті айғыр ұрқынан.

Қызығыпты Райымбек,

Жас құлынға сыртынан.

Нағашысы Қабанбай,

Ұстап берген жылқыдан.

Жиен қолын қақпайтын,

Бабалардың ғұрпынан.

Сыйға кеткен Көкойнақ,

Қалың Найман жұртынан.

 

Көкойнақтың шабысы,

Күзде соққан дауылдай.

Райымбек мінгенде,

Сырғып өткен сағымдай.

Жалына бір жабыссаң,

Жүйткіп соғар жалындай.

 

ИСАТАЙДЫҢ АҚТАБАНЫ

 

Исатай мінген Ақтабан,

Құлын жастан баптаған.

Жауға мінер жарау деп,

Жел тигізбей сақтаған.

 

Таңбай сыншы таныған,

Таң асырған бабынан.

Зеңбіректің оғының,

Зулат өткен жанынан.

Ақтабанның бұйрығы,

Исатайдың бағынан.

Батыр туған бабамның,

Жылқысын да сағынам.

 

МАХАМБЕТТІҢ КЕСІКҚҰЛАҒЫ

 

Кесікқұлақ тарланы,

Махамбеттің ардағы.

Шатынайтын қос көзі,

Жауды көрсе жардағы.

Талайлардың арманы,

Махамбеттің зор бағы.

Жауы найза сілтесе,

Кесікқұлақ қорғаны.

Кесікқұлақ кесегім,

Қайтпаған еш меселің.

Махамбетке ең адал,

Сертке берік дос едің.

Ғажап еді кескінің,

Көне көзден естідім.

Бір батырға бұйырған,

Жолыменен ескінің.            

Кесікқұлақ тұлпарға,

Татымайды-ау бес күнім.

 

КЕНЕСАРЫНЫҢ АҚТАҢКЕРІ

 

Бұл даладан қанша тұлпар өтті екен,

Мәресіне сүрінбестен жетті екен?!

Қара жолда, жау ішінде қалдырмас,

Хан Кененің – Ақтаңкері текті екен.

 

Ақтаңкер ат кісінесе арқырап,

Сай-саладан бұлақ аққан сарқырап.

Оң қолына шолақ найза ілінген,

Кенесары келе жатыр жарқырап.

 

Ақтаңгердің жүрісі де шираған,

Үстіндегі Хан Кене де сыйлы адам.

Желген кезде жел-дауылға жеткізбес,

Шапқан сәтте шартарапқа сыймаған.

 

НАУРЫЗБАЙДЫҢ ҚЫЗЫЛАУЫЗЫ

 

Батырлардың тұлпары,

Аты шыққан айқастан.

Қызылауыз ат мініп,

Наурызбай шайқасқан.

Жануар желдей гулеген,

Сүрінуді білмеген.

Көлденең жатқан көк тасты,

Тұяғына ілмеген.

Батыр – елдің қамында,

Қызылауыз бабында.

Жануарға оқ тиген,

Кекілік тау маңында.

Батыр атын ауысып,

Жалға қайта жабысып,

Қабыланша  алысып,

Кертайлақ деген ат мінген,

Тізгінге қол қарысып.