Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Ауыл болсаң – қауым бол!
118
оқылды

Бүркеншік аты: Сакура

Ауыл болсаң – қауым бол! 

- Динара ханым, сіздің жұмыс өтіліміңіз, қызығушылықтарыңыз бен мақсаттарыңыз жайлы білдік. Әкім болсаңыз осы ауылды қалай дамытатыныңыз туралы бағдарламаңызбен де таныстырдыңыз. Енді сізге соңғы сұрақ қойсам, рұқсат етсеңіз - деді қара шашы иығына түскен көзілдіріктегі журналист.   Динара Сарматқызы, сіздің ойыңызды түпкілікті өзгерткен оқиға жайлы айтып бере аласыз ба? 

- Ондай оқиғалар көп. Бірақ жадымда мәңгі сақталған бір естелігіммен бөлісейін – деді Динара журналистке қарап.

Динара мемлекеттік органдарда ұзақ жылдар бойы адал қызмет еткен тұлғалардың бірі. Биыл ол Дархан ауылына әкімдікке үміткерлердің қатарында. Қалада 30 жылдан аса тұрып, соңғы он жылда ауылға көшіп келді. Ауылды көркейтіп, тұрғындардың жағдайын жақсартуға, қаладан мықты мамандарды тартып, мектептегі балалардың білімі үшін аянбай еңбек етіп келеді. Әйел болса да, ауылдағы ең сыйлы адамдардың біріне айналған. Биылдан бастап ауыл тұрғындары өз әкімдерін өздері сайлайды.

Динара демін жұтып, кішкене аялдап әңгімесін бастады.

- Мен үйдің төртінші баласымын. Менен бөлек тағы 9 бауырым бар. Әкем – мұғалім, анам колхозда жұмыс істейді. Әкемнің анасы, яғни әжем Жиенгүл - шешеміз жұмысқа кеткенде бізге қарап қалатын еді. Әжем өте кербез болатын, қартайып қалса да ақ орамалы еш мыжылып, кірлемейтін. Киген киімі тап-таза, өзіне жарасып-ақ тұратын. Ал анамыз колхоздан шаршап келіп, бірден бәрімізге кешкі ас дайындауға кірісетін еді. Үлкен ошақтың астына отын мен тезекті сала салып, пиязды ашып, сәбізін қуырады. Демалыс күндері тандырға нан жауып, үйдегі 13 адамның кірін жуатын. 

Үйіміз үш бөлмелі, жер үй. Асханамыз бөлек, екі бөлмелі. Кіре берісте қазан-ошақ орналасқан, келесі бөлме азық-түлік сақтайтын қойма еді. Ауылымызда адамдар базарға бармайтын, себебі өздерінің ауласына керектінің барлығын егіп алады. Біздің үй наурыз айы басталғанда қызанақ, жүгері егуші едік. Қысқа арнап асқабақ, картоп, сәбіз, пияз тіпті қарбызымызға дейін қоймаға салып, сақтаймыз. Жаңа жылда сол қара қарбызды қазіргі лимонадтың орнына жейтінбіз.

Мен мектепке 7 жасымда бардым. Сабақ оқып, көзге түскенді қатты жақсы көрдім. Тақтаға шығып, тақылдап сабақ айтсам, мұғалім мені мақтаса деп түн демей сабақ оқитын едім. Үйдің төртіншісі болғандықтан, менен кейін тағы 6 бауырыма қарау, үйдің барлық шаруасы менің мойнымда болды. Осы естеліктердің ішіндегі ең жылысы – бастауыш сыныпта оқып жүрген кезім еді.

Менің әкем соғысқа бармады. Үйде жалғыз асыраушы болғандықтан, әрі мектепке мұғалім керек еді. Әжемнің айтуынша әкем соғысқа аттанбақшы болыпты. Бірақ, жоғары жақтан рұқсат берілмепті. Барлық еркек атаулысы соғысқа аттанып жатқанда, ауылда өзі қалғысы келмеген екен. Әжем Жиенгүл әңгімені әдемі айтушы еді. Үйдегі топырлаған балалар шулап кетсек, «Әй, өркені өскірлер бері келіңдер. Бір қызық әңгіме айтып беремін» десе, ойнап жатқан ойыншықты тастай сала, әжемнің алдына отыруға таласатынбыз. Ең көп айтатын әңгімесі сол соғыс жылдары еді. Атамыз ерте қайтыс болған. 9 баласын жер қойнауына беріп, аман қалған менің әкем Сармат пен қарындасы Алтынай ғана қалған ғой. Осы екі баланы жападан жалғыз өзі өсіріпті. Соғыс жылдарының азабын біз көрмедік, бірақ апамның әңгімесін естігенде бала жүрек ауыратын. Жым болып, әжемнің әрбір сөзін, әрбір тынысын естуші едік. Соғысқа баласын, күйеуін жібергендер хат күтумен күн санайтын болыпты. Әрбір аптаның жұма күні әруақтарға құран бағыштап, көршілер бір үйде жиналады екен. Соғыстағы суық хабар туралы емес, жақсы әңгімелер айтылып, адамдардың көңілдері бір сәтке көтеріледі екен. Әжем Жиенгүл дастархан басында тек жақсы әңгіме айтылсын, ондай әңгіме жоқ па, онда жым отырыңдар деп бәрімізді ұрсып отыратын. Бұл әдет сол сонау соғыс жылдарынан қалған екен қарап тұрсам. Осы дәстүр қазір өзімнің отбасымда да бар.

Қарт әжемнің айтуынша, қазірге дейін өмір сүруінің арқасы, бірінші Құдай, екінші – осы Дарханда тұратын ауылдастарының арқасы екен. «Алтынайым дүниеге келгенде бір аптадан соң аталарың жарық дүниемен қоштасты» деп бастады тағы бір қызықты әңгімесін. Мен сендерге ертегі айтып, сиқырға сенгендеріңді қаламаймын. Ащы да болса шындықты біліп өскендерің жөн! Бір апталық қызыл шақа бала қолымда, етегімнен ұстаған Сарматым жанымда. Ауруханадан шыққанымда қалжалайтын адам да болмады. Аталарың Сейдулла екеуміздің жиған-терген ештеңеміз жоқ еді. Ол жетім, мен жетім екеуміз қол ұстасып, жаңа өмір бастап кеттік. Міне, содан бері бір ғасырдай уақыт өтті. Үйде тамақ жоқ, екі бала екі жақтан шыңғырады. Жан жарымнан айырылып, есеңгіреп мен отырмын. Қанша жылағаны есімде емес, қараңғы бөлмеде отыра беріппін. Көршіміз баланың даусын естіп, жүгіріп келіпті. Басында шошып кеткен ғой, кейін май шам жағып, Алтынай мен Сарматты алып кетіпті. Бүкіл ауыл болып, Сейдулланы жерледік. Барлық шығынды өздері көтерді. Азын-аулық тамақпен де қол ұшын беріп тұрды. Қызым өсіп, ұлыма тастап кетуге жарағанда колхозға жұмысқа тұрдым. Осы Дархан болмағанда, қазір сендер де болмайтын едіңдер – деп әжем көзіне жас алды. Баламыз ғой, қиыншылықты толық түсінбесек те Жиенгүл әжемнің жылағанына біз де жылап қалушы едік.

Соғыс кезінде біздің ауылға, Таскескен, Ұлытау, Көктерек ауылдарына басқа ұлттың адамдарын көшіріп әкеліпті. Оның ішінде неміс те бар, пояк та бар, дүнген де бар. Кім қай ауылға түссе де, сол мекеннің тұрғындары құшақ жайып қарсы алған екен.

Біздің ауылда бір неміс отбасы тұрды. Ол отбасы туралы мен көп білмейтінмін. Білетінім тек Қайрат деген ағамыз соғысқа барған. Ұлы Отан соғысы біткеннен соң Мария деген әйелді алып келіпті. Сол  Марияның өзімен бірге еріп келген екі қызы бар еді. Бірінің аты – Сафия, екіншісі – Лена. Кейін ол отбасында тағы 6 бала дүниеге келді.

Қайрат ағаның үйі өзге ауыл үйлерінен ерекшеленетін. Себебі біздің және өзге де көршілеріміздің үйлерінің әйтеуір бір жері сынып, ол ұзақ уақыт қаңырап тұратын. Ал Қайрат ағаның үйінің алды да, іші де тап-таза. Далада раушан гүлдер жайқалып өсіп тұратын. Арам шөпті олардың ауласынан көрген емеспіз. Мария апамыз өте пысық еді. Жазда барлық өсіп тұрған жемістерден тосап жасайтын. Балаларға арнап джем қосылған бәліш пісіріп, бізге тарататын. Күзде көкөністерден банка жауып алатын. Біз қазақ отбасылар ондай жабылған банка көп жемейтіндіктен бе, әлде басқа себеп пе білмеймін, ол отбасының не істесе де бәрі көзге айрықша көрініп тұратын еді. Сафия менен төрт жасқа үлкен болды, оны тек мектеп кезінде көретін едім. Ал, Лена менімен жасты еді, бірақ ол жылдың басы болғандықтан мектепке менен ерте барып, бір сынып жоғары оқыды. Ленаның да, әпкесі Сафияның да киінуі ерекше еді. Анасы Мария өзі екі қызына киім тігетін, бәріміз дүкенде сатылатын бірдей киім кисек, олар өзгеше әдемі болатын.

Қашан және қандай себеппен білмедім, бірақ біз сол отбасын ұнатпай, кейіннен жаман көретін болдық. Сол кезде менің жасым 10-да. Мектепте болсын, көшеде болсын бәріміз  «Неміс – бір жерің семіз» деп Ленаны көрсек мазақ ететін едік. Ал, Сафиядан қорқамыз, себебі ол бізден төрт жасқа үлкен болатын. Ол сөзді кім ойлап тапты, неге басқаларды олай мазақтамайтынымыз туралы ешқайсымыз ойламағанбыз. Мария апамыз да, Сафия мен Лена да біздің ауылдың тұрғындарына мүлде ұқсамайтын. Шаштары сарылау, терілері де біздер секілді қара емес, ақ болатын. Көздері болса ашық қоңыр, мұрындары да ерекше үлкендеу еді, әрі бойлары да ұзын болатын. Ал Қайрат ағадан туылған 6 бала кішкене қазақтарға ұқсады, сондықтан шығар біз оларға тиіспейтінбіз. Немістер десе бәріміз түрлерімізді тыржитамыз. Себебі жыл сайын мамыр айынан бастап, теледидарда соғыс туралы фильмдерді көрсетеді. Ол кезде кімнің жақсы, кімнің жаман екенін еш түсінбейміз. Тек әкеміздің, кейде үйге келіп қалатын көршілеріміздің аузынан естіген сөздерден соң олардың жаман екендерін түсінеміз.

Бір күні құрбым екеуіміз мектептен қайтып бара жатып, Роза әңгімесін бастады:

- Сен білесің бе, немістер өте жаман. Бізді өлтірмекші болған.

- Сен оны қайдан білесің?

- Кеше үйге қонақтар келді. Онша танымадым, бірақ анам біздің алыс туыстарымыз деді. Келген қонақтармен шәй ішіп отырып, олардың әңгімелерін естідім. Қартай деген семіз туысымыз бар, сол немістер туралы көп нәрсе айтты. Енді сен Ленамен ешқашан сөйлеспе. Оларды бұл ауылдан қуу керек.

- Олай емес шығар. Мүмкін сен дұрыс түсінбей қалғансың?

- Жоқ, мен өз құлағыммен естідім. Мария апаны және оның екі қызын осы ауылдан кетіру керек. Әйтпесе тағы бізге қастандық жасауы мүмкін.

- Роза, бірақ олар бізбен бірге көп уақыт тұрады ғой. Қазақша сөйлейді, қазақ болып кетті ғой.

- Қайдағы қазақ? Таза неміс. Немістер жаман, олар соғыс ашты.

- Бірақ Мария апайдың тағы 6 баласы бар, олар қазақ қой.

- Қайрат көкені 6 баласымен қалдырамыз, ал анау екеуі мен анасын қуып жіберу керек. Кетсін өз Немістанына.

- Немістан емес, Германия де.

- Қайда болса да, біздің ауылдан кетсін!

Мүмкін осы диалогтан кейін, бәлкім басқа жағдайдан соң әйтеуір біздің жастағы балалар Сафия мен Ленаны көрсе мазақтайтын. Олар бізге жауап бермейтін, әрдайым өзімен-өзі жүреді.

1956 жыл, 7 мамыр. Теледидарда тағы сол жыл сайын көрсететін бір-екі соғыс туралы фильмдер жүріп жатты. Экранда көрсетіп жатқан кинода кімнің жақсы, кімнің жаман екенін онша түсінбеуші едік. Әкемнің «Атсайшы енді! Артыңнан келе жатыр ғой!» деп бұлқан-талқаны шығып, орнынан атып тұрып кететін әдеті бар еді. Сондай күндердің бірінде мен әкемнің қасында отырып, теледидар қарап отыр едім. Даладан «Динара» деген дауысты естідім. Розаның даусы екенін бірден біліп, далаға тез жүгіріп шықтым. Құрбымның қабағы қатулы екен.

- Бері келші, тез – деді Роза қатқыл дауыспен.

- Не болды, Роза? Сонша айғайлағаның не? Білесің ғой әкем шуды жақтырмайды.

- Маңызды шаруа бар.

- Қандай шаруа?

- Ешкім естімеуі керек. Тыңда – деді де құлағыма сыбырлай бастады.

Розаның айтқандарын толық естімедім бе, әлде сене алмадым ба қайтадан айтуын сұрадым. Құрбым бір бұлқынып алды да, қайта құлағыма сыбырлай бастады.

Мен қате естімеппін. Көзім шарасына шыға жаздап:

- Роза жындысыңдар ма? Біліп қойса не болады? Милиция әкетіп қалады ғой – деп айғайлап жіберіппін.

- Айғайлама! Ешкім білмейді. Біз оны осы түнде жасаймыз – деді.

- Болмайды, Роза. Сен қыз баласың ғой. Әке-шешең біліп қойса ұрсады - дедім мен.

- Ешкім білмейді. Сен бізбен біргесің бе?

- Жоқ, мен олай жасай алмаймын. Мені әкем ұрсады.

- Қорқақсың сен! Мен сені жан құрбым деп жүрсем. Сен пианер емессің!

- Роза, тоқташы. Біреуге олай жамандық жасауға болмайды. Әжем айтқан, кімге ор қазсаң, өзің түсесің деп.

- Біз емес, немістер бізге бірінші ор қазған. Енді соған өздері түседі – деді Роза қабағын түйіп. Бұл сенің соңғы жауабың ба?

- Сендермен тағы кім бар?

- Санат, Қуаныш және Марат бар. Қалима да келісіп отыр.

- Роза, олар ауылдың бұзықтары ғой. Оларға қосылмашы, жүр одан да үйге кір. Шәй ішейік, лагерьге биыл барамыз. Сол жерде не істейтінімізді ақылдасайық. Оқудың бітуіне де аз қалды, тоқсандық шығады. Грамота аламыз – деп құрбымды ойынан қайтармақшы болдым. Бірақ Роза қырсық еді, бір нәрсе ойласа оны райынан қайтару өте қиын болатын.

- Менің уақытым жоқ, онда сау бол! – деді де дарбазадан шығып кетті.

Роза кеткеннен соң, сыртта біраз тұрып қалыппын. Әкем мені шақырып, құрбымның не шаруамен келгенін сұрады. Айтуға қатты қорықтым. Баламын ғой, әкемнің ашуынан үйдегі тіпті әжем де қорқатын.

- Жәй сабақ сұрауға келіпті – дедім.

- Роза өзі сабаққа бармай жүр ме?

- Жоқ, барып жүр.

- Сонда апайларың үй тапсырмасын бергенде құрбың қайда қарап отырады?

- Ұмытып қалған шығар, әке.

- Сол құрбың маған ұнамайды – деді әкем теледидардан көзін алмай. Қашан қарасам ауылдың бұзықтарымен ойнап жүреді. Қыз деген шешесіне қолқанат болмаушы ма еді?!

Сол күні өзімді нашар сезіндім. Анама айтуға бірнеше рет талпындым, бірақ қорықтым. Анам бәрін әкеме айтып береді. Түнді асыға күттім. Роза райынан қайтып қалар деген үміт болды. Кешкі сағат оннан асқан еді. Біздің үйде тамақты ерте жеп, кешкі 9-дан аса жатып қаламыз. Ол жылдары жарық өлшеніп беріледі, әрі қымбат болғандықтан көп қолданбауға тырысатын едік. Әр түрлі ойларды ойлап жатып көзім ілініп кетіпті.

- Ойбай, Сармат тұр! Жанып жатыр! Тұр деймін! – деген анамның ащы даусынан оянып кеттім. Қарасам бәрі тұрып алған. Ұйқылы-ояулы кім жанып жатыр, не жанып жатыр түсінбедім.

- Әкеңнің! – деп әкеміз орнынан атып тұрды. Әкем ашуланғанда осы сөзді айтады.

- Қайраттың үйі жанып жатыр. Тез отты сөндіруге көмек бер. Абайлашы, өзің оттың ішінде қалып қалма! – деп анам азар да безер болып жатыр.

Жүрегім дүрсілдей бастады. Роза таңертең маған айтқанын ақыры істепті. Енді оларды милиция ұстап алса, қамайтын болды – деп ішімнен қорқып тұрмын.

Сол түні ауылымыздың үлкендері ұйықтамады. Барлық еркек атаулылары өрт сөндірушілер келгенше Қайрат ағаның үйін өздері бірігіп өшірген. Өкінішке орай, ағамыздың бесінші ұлының үстіне жанып жатқан ағаш құлап, қайтыс болды.

Әкеміз де, анамыз да сол жерде жүргендіктен біз де үйде қалмай, әжемізбен бірге шұбырып өрт жаққа барған едік. Сол оқиғаны еске алсам, әлі жүрегім ауырады.

- Мақаным, шыдашы. Балапаным, қазір дәрігер келеді, сені емдеп аламыз. Ауруханадан шыққаннан соң саған үлкен ойыншық әперемін. Ұлым менің, жаным менің. Батырсың ғой – деп еңіреген Мария апайымыздың даусы жүрегімді ауыртты. Бәріміз үнсіз тұрмыз. Көзімізден еріксіз пырылдап жас ағуда.

- Мама, денем ашып жатыр. Мама, дәрі берші – деген кішкентай Мақанның даусы жылап шығып жатыр.

- Дәрі беремін, балапаным. Сен жігітсің ғой. Кішкене шыдай тұр жаным – деп Мария апамыз көзінің жасын жеңімен сүртіп жатыр.

Осы сөздерді Мақан зорға айтып, кейін тынышталды. Біз түсіне алмадық. Үлкендер жағы түсінгендей болып, Мария мен Қайратты сабырға шақырып жатты.

Қашан қарасаң гүлді көйлектерін киіп алып, шашын бұйралап алатын. Басына орамалды толық тақпай, тек лента етіп тағушы еді. Бүкіл ауылдың әйелдері кимейтін туфлиді осы апайымыз әдемілеп киетін. Көзінің астына түскен әжімдері өзіне жарасып-ақ тұратын. Ал, қазір Мария апайымыз адам танымастай өзгеріп кетіпті. Бетіне күйе жағылып, шаштары жалбырап, көйлегі де жыртылған.

Өкінішке орай, Мақан сол жерде көз жұмды. Ол кезде ауылдың бір тұрғынында көлік болмаған. Дәрігерді шақыртсаң бір-екі сағатта ғана келетін. Мария апайымыздың айғайлап жылағаны бәріміздің сүйегімізден өтіп кетті. Баласын құшақтап, сілкілеп, оятуға тырысады. Бір кезде көзім Қайрат ағаға түсіп кетті. Үнсіз жылап тұр екен. Оттан шыққан балалар болған оқиғаны әлі дұрыс түсінбегендей, үрпиіп анасының артында тұр.

- Мақаным, көзіңді аш. Қалаған ойыншығыңды әперемін. Тәшкенге апарамыз, әдемі киімдер әперемін. Тек көзіңді аша ғой балапаным. Қазір тұрсаң белисопедіңді әперемін. Қайрат сандықтағы ақшаны әкелші, жүр құлыным базарға барамыз. Не айтсаң да істеймін жаным – деп Мария апамыз бір егіліп жылады. Ол сөздерді тыңдап тұрған бәріміз қосылып жыладық.

Мақан менің інім Асанмен түйдей жасты еді. Екеуі біздің үйге келіп, жиі ойнайтын. Үйдің артына барып, жер қазып, өздеріне түрлі ойындар тауып алады. Кейде біздің үйде ұйықтап қалатын да кездері жиі болды. Қайрат ағаның басқа балаларына қарағанда осы Мақан өзіне қатты ұқсаған еді. Қастары қалың, көзі бақырайып, мұрны пұштиған, әрі мінезі де әкесіне ұқсаған жуас болды.

Қайрат ағаның үйін бәрі жүгіріп жүріп өшірді. Өрт сөндірушер көп ұзамай келді. Кейін милиция келіп, ол үйдің өртке оралау себебін анықтауға кірісті. Үйді қасақана өртелгенін бірден анықтады. Енді қылмыскерлерді табу ғана қалды. Өрт болған жерде қыз баланың аяқ киімі табылды. Милиция Мария апайлардан сұрағанда ол аяқ киім қыздарының емес екендігін айтқан. Кейін олар үйме-үй жүріп, ол аяқ-киімнің кімге тиесілі екенін анықтады, Қанипа милицияларды көргенде жылап жіберген. Себебі, табылған туплидің егесі өзі еді. Үйді өртегендердің барлығының аттарын бүкпей  жайып салған. Розадан бастап, қылмыс жасаған тағы үш ұлды айтып берді. Милиция аталғандардың барлығын ата-аналарымен бөлімшеге алып кетті.

Қайрат аға, Мария апай бөлімшеге үш күннен кейін барған. Бірақ, олардың арыз жазудан бас тартқандарын білдік. Балаларды «бұзықтық жасады, кешірдік» деп милицияда кешірім беріпті. Жанған үйлерін барлық ауыл болып, қаражат жинап, жаңадан екі айда тұрғызып берді. Мақанның жерлеуін де барлық ауыл болып көтерді. Көрші ауылдардан да адамдар келіп, кәдімгідей үлкен ас болды. Қайрат ағаның отбасына да қаржылай көмек берілді. Бұзықтық жасаған 5 баланың әке-шешелері келіп, әбден кешірім сұрапты.

Мен сол оқиғадан кейін, әжеме жылап келдім. Әжем мені құшағына алып, басымды сипап отырып, не болғанын сұрады:

- Жылама, қызым. Өлімнен басқаның барлығын шешуге болады – деді Жиенгүл әжем.

- Әжеу, мен Розалардың не істейін деп жатқанын білдім. Бірақ ешкімге ештеңе айтпадым. Егер әкеме айтқанымда мүмкін оларды тоқтатар ма еді?! Менің кесірімнен кішкентай Мақан қайтыс болды. Әже, мен жаман адаммын ғой. Әкемнің айғайлап беруінен қорқып, қылмысты жасырып қалдым.

- Қызым сен ол қылмыс туралы білген сәтіңде бірден үлкендерге айтуың керек еді. Өкінішке орай осындай қайғылы жағдай болды, бұл саған үлкен сабақ болсын. Қылмысты біліп тұрып, оны тоқтатпасаң, онда оның қатысушысына айналасың. Өзіңді айыптай берме. Одан да бұл мәселенің тағы қайталанбауы үшін күресейік – деді әжем басымнан иіскеп.

- Не істесек болады?

- Ертең ауылда жиналыс өткіземін. Сол жерге барлығы жиналсын, кішкентайлар да, үлкендер де. Бұл сөздерін әкеме де айтты.

Жиенгүл әжемнің аяғына жатып алып, әңгіме айтқанды жаным сүйетін. Шешем колхозда істейтіндіктен, ешбір баласымен сөйлесуге шамасы жоқ. Кешке мал өрістен келеді, көше у-шу. Әрбір үйде кем дегенде бір сиыр, 2-3 қой, ешкілер болушы еді. Таңғы 5-те тұрып, анамыз үйдегі малды падаға қосатын. Сағат бестерде көшеде шұбап келе жатқан бір үйір малдың арасынан жүгіріп жүріп, өзіміздің сиырды тауып аламыз. Сәл кешіксек, сиырымыз басқа үйдің ауласына кіріп кетіп, бау-бақшасын таптап кетеді.

Әжемнің алдында жылап жатып, солай ұйықтап кетіппін. Түсімде үйде екенмін деймін. Анам Ұғылай қолыма 50 тиын беріп, дүкенге жіберді. Сол уақытта ол ақшаға тура 2 кір сабын келеді. Дүкенге кірсем көзім жан-жаққа жүгіріп, барлық тәттіні алғым келеді. Дүкеннің иісі ерекше ғой, шіркін. Сатушының дәл алдында әдемі ақ қағазға оралған халва тұр екен. Оны көріп, қатты жегім келіп тұр. Шыдамай бір кір сабын мен бір халваны сатып алдым. Анамның ұрсатыны ойыма келген жоқ. Рақаттанып халвамды жей бастадым. Тез жеуге болмайды, бітіп қалады. Тістеген соң аузыңда ұзақ шайнауың керек, содан кейін жұтасың. Сөйтіп, мәз болып үйге де жеттім. Суды қазанға ысытып қойып, үйдегі 13 адамның кірін жуамын деп күтіп отырған анам қолымдағы бір сабынды көріп, қолына ұзын көк шыбықты алып маған қарай жүгіргенін көрдім. Үстіме мұздай суды құйғандай үйді айналып жүгіріп кеттім. Артымнан айғайлап ұрысып анам келеді. Шыбықтың бір кезде ұшы тигенде жаным көзіме көрінді. Үйде отырған әжем жүгіріп шығып, анамнан арашалап алды.

-Ұрма баланы! Не болды сонша?! Пенсамнан беремін қазір. Жегісі келген да, бала ғой!

-Жетіскеннен ұрып жатқан жоқпын! Дүкенге жібергенмін сабын әкел деп. Отынды жағып, суды да қайнатып қойдым. Отын кетті, су суыды. Кір де жуылмайды бүгін. Түк көрмегендей қолына халвасын ұстап келіпті ғой – деп анам бір ашуланды.

-Мә, қанша тиын тұрады. Динөш тағы дүкенге барып кел. Шешеңе әкеліп бер. Ұрыспа менің қызымды.

Әжемнің жеті оралған бет орамалынан шығарған тиынды алып, қайта дүкенге жүгіріп кеттім. Жүгіргенім соншалықты аяғым шалынып, оңбай құлаппын. Сол кезде шошып оянып, оның түс екенін не өң екенін түсіне алмай біраз отырдым.

Әкем Сармат қыздарды ұрыспаған. Үйдегі ұлдарды ұрысқанда баршамызды осы Жиенгүл әжем арашалап алатын. Кейін анам әжем көршінің үйіне кеткенде ұрсатын болды. Әжем дарбазадан шығып бара жатса, артынан қалмайтын едік. Үйде қалсақ не жұмыс істейміз, не ұрыс естиміз.

Әжем сол ауылдың ең құрметті қарттарының бірі еді. Үлкендер айтса, кішілер бірден істейтін ауылда жиналыс тез-ақ ұйымдастырылды. Жиналыс ретінде мектептің спорт залы таңдалды. Жиналысқа Қайрат аға мен Мария апай да қатысты. Сөзді менің әжем бастады:

- Уа, осы ауылдың барша тұрғындары! Жақсылап тыңдаңдар! Ауылымызда үлкен қайғылы жағдай болды. Періштеміз Мақаннан айырылып қалдық. Оқушылар қылмыс жасап, оның арты осындай жағдайға алып келді. Осы оқиғада тек оларды кінәлауға болмайды. Біздің де кінәміз бар. Оқушылар Мәриәның терезесіне тас атып сындырғанда, осы жиналысты ұйымдастыру керек еді –деп әжем алдында тұрған бір пиала суды ішті.

Жиенгүл әжемнің жаңағы Қайрат ағаның үйіне тас атып, терезелерін сындырғанды айтқанда, есіме сол оқиға да түсті.

Негізі мамыр айы басталса, Мария апамыз үйінен шықпайтын, Сафия мен Ленаны да көрмейміз. Тіпті мектепте де көрмейтін едік. Оның себебін кейін білдім. Ұлы Отан соғысына арнап, өлең жаттайтынбыз. Мектепте немістерді қалай жеңгендеріміз туралы мақтанып көріністер қоямыз. 9-шы мамырда бәріміз әскери нақышта тігілген жейде киеміз. Мойнымызда қызыл галстук, басымызда беретка болатын. Соғысқа барып келген кейбір ауылдың тұрғындары сол күні ішіп алып, Қайрат ағаның үйіне барып, өнер көрсетеді екен. Мария апамызға тіл тигізіп, оның неміс екенін бетіне басып, оны айыптап, сол түн тыныштықсыз өтетін көрінеді. Сондай көріністерден шаршаған Мария апамыз үйінен шықпайды, сұрағандарға Қайрат ағамыз қыдырып кетті деп жауап береді екен. Терезелеріне қара перде жауып, үйде ешкім жоқ етіп көрсетеді. Кейін оны үлкендерден соң, кішкентайлар жалғастыра бастапты. Тас атып, тыныштықтарын бұзады екен.

Жиенгүл әжем бір ентігіп алып, сөзін қайта жалғастырды. Бұл ауылдың ерекшелігі – жасы үлкендерді қатты сыйлайды. Әсіресе осы ауылдың үлкен он қарты бар. Олардың сөздері әкімдерден де жоғары еді. Ауылда қандай да бір оқиға болса, бірінші милицияға емес, осы қарттардың алдына баратын. Ал әжем солардың ішіндегі ең үлкені еді. Әжем:

- Анау телебизрдан көрсететін соғыс туралы киноларды балалар көреді. Оларға біз ешқандай түсініктеме бермегенбіз. Неміс деп бір отбасына үлкен қауіп төндірді. Үй ішінде бала бар демейсіңдер, сол киноларыңды көріп алып үлкендер ауыздарына келгендерін оттайсыңдар. Айтпағым, мына өсіп келе жатқан балаларға дұрыс түсіндіруіміз керек. Болашақта қайда жүрсе де, немістерді көрсе ата жауындай көрмей, соғыстың біткеніне он бір жыл өткенін, енді ол қайталанбайтынын түсіндіру керек – деді әжем шекесіндегі терісін бет орамалмен сүртіп жатып.

- Иә, дұрыс айтасыз апа. Балаларымыз білместік жасады. Қайрат ағамыз бен Мария апайымызға алғыс айтамыз. Бес отбасын аман алып қалды. Кешірім берді – деді Сәлиқа жеңгеміз де көз жасын сүртіп.

- Әй, балалар жақсылап тыңдаңдар! Соғысты ашқан Гитлер деген пашист! Ол ешқандай халықтарды аямады. Әлемді жаулап алып, бәрімізді құл еткісі келді. Бірақ сол соғысты қаламаған немістер де болды. Гитлер жаман болса, немістер де жаман деген сөз емес! «Ұлт жаман болмайды, сол ұлттан шыққан адам жаман болуы мүмкін!». Сондай жаман адам үшін бүкіл ұлтқа зиян келтіруге болмайды. Мәриә апайларың біздің ауылда тұратын, қазақ болып кеткен апайларың. Туысқандарымыздан да жақын болып кетті. Мәриә апайларың осы ауылда тұратын барлық үйге көмек берген. Біздің қазақтың да арасынан үлкен қылмыскерлер шыққан. Анау қаншама үйді тонап, бірнеше адамның өліміне себепші болған Камал деген осы ауылдың бір кісісі бар. Енді сол Камал қазақ болғандықтан, барлық қазақты ұры деп, баукеспе деп, қылмыскер деп ойлауға болады ма? Естеріңде болсын, адамды ұлтына қарай, тіліне қарай бөліп, ешқашан шеттетпеңдер! Бәріміз Алланың жаратқан пендесіміз. Мәриә неміс болып туғанына оның кінәсі жоқ. Адамды кім болса да сыйлаңдар! Сендерді де қазақсың деп менсінбей, шеттетсе, өмірлеріңе қазақ болғандарың үшін қауіп төндірсе қалай болады? Біз көршімізді Құдайдан кейін қойған қазақпыз. Арғы өмірде де көршіңнің ақысы сұралады. «Алыстағы ағайыннан, жанындағы көршің артық» дейді атам қазақ. Көршіңмен тату бол, береке болады. Естеріңе жақсылап сақтап алыңдар! Неміс болсын, өзбек болсын, татар болсын – бәріміз бірінші кезекте адамбыз! Оларды дініне, келбетіне, тұрмыстық жағдайына қарап бөліп, мазақтап, оларға ешқашан жәбір көрсетпеңдер! Соғыс ашқан қылмыскерлердің барлығы жазаланды! – деді әжем тағы шекесіндегі терісін сүртіп жатып.

Жиенгүл әжемнің еріндері дірілдеп кетті. Бар ынта-шынтасымен айтқан сөздерін жиналған адамдар ұйып тыңдап отырды. Барлығы қол шапалақтап кетті. Қайрат аға мен Мария апаның беттерінен сүйіп, жүректерінің соншалықты кең екендігіне риза болды. Ал қылмыс жасаған балаларды қайта тәрбиелеу орталығына жіберді. Сонымен қатар милиция оларды тізімге алғандарын, болашақта әрдайым бұл балалардың артынан қадағалап жүретінін айтты. Осы оқиғадан кейін Мария апамызды тойларда жиі көретін болдық. Лена мен Сафияны көргенде бәріміз жамырап сәлем береміз. Жыл сайын Мақанның қайтыс болған күнінде шелпек пісіріп, құран оқытатынбыз. Әр жылы бір үй таңдалып, барлық ауыл тұрғындары 9 мамырда үлкен үстел жасап, қарттардың қасына төрге Қайрат аға мен Мария апамызды отырғызатын едік. Енді 9-шы мамыр бізге Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен күн ғана емес, бірлік күніне айналды. Бұл оқиға менің жадымда өшпестей етіп сақталды. Қайрат ағалардың жаңа салынған үйлерінің алдынан өтіп жатқанда, Мақанның өзі елестейтін. Ол кішкентай баланың еш кінәсі жоқ екенін, білімсіздіктің арты - үлкен қауіпке әкелетінін әжеміз күнде қайталап айта беретін. Әжем «Сен бірінші ретте қазақ емес, адамсың!» деген сөздерін өле-өлгенше қайталап айтып кетті.  Динара сөзін аяқтап, қолындағы бет орамалмен көзін сүртіп, журналист Жайнаға қарады. Сөйтсе Жайна да көз жасқа ерік беріп, мұқият тыңдап отыр екен. Сұхбатты түсіріп тұрған Владимир екеуіне қарап аң-таң.

- Кешіріңіз, профессионалдық этикетті ұмытып кеттім. Айтқан оқиғаңыз жүректі ауыртты – деді Жайна көз жасын сүртіп жатып.

- Иә, бұл оқиға бәрімізге сабақ болды. Кішкентай Мақан өзінің өлімімен біздің татулығымызды одан әрі нығайтып кетті.

- Қазір Мария апамыз бен Қайрат ағамыз бар ма?

- Өкінішке орай, олар бұл өмірде жоқ.

- Ал балалары ше?

- Сафия өзінің сыныптасы Жандосқа тұрмысқа шықты. Екеуі үлгілі отбасы, 5 баланы тәрбиелеп, жетілдірді. Ал, Лена Алматыда тұрады. Ол да қазаққа тұрмысқа шықты, 3 баласы бар. Қайрат ағаның қалған 5 балалары да өсіп-өніп, жетіліп, барлығы үлгілі отбасы. Солардың ішінде ең соңғы Гүлжаны Германияға көшіп кетті. Қазір сол жерде өмір сүреді, ауылымызға жиі келіп тұрады. Күйеуі неміс ұлтынан, екі баласы бар. Құрбым Роза өз қателігін түсінді, қазір аспазшы болып жұмыс істейді. Қалған балалар да өмірдегі жолдарын тапты.

- 9-шы мамырда жиналатын дәстүрлеріңіз сақталды ма?

- Иә, сақталды. Қазір ауыл дамыған, кафелеріміз бар. Енді біздер үйге емес, сол кафелердің біріне жиналамыз. Түрлі конкурстар болады, жақсы тілектер айтылады. Бұл күн біз үшін ыстық. 

- Әлі де қарттарға жүгініп, мәселені шешесіздер ме?

- Қарттарымызды сыйлап, төрімізді береміз. Бірақ қандай да бір мәселе шықса, әкімдік бар. Мәселені шешетін заң бар. Егер екі көрші арызданып қалса, татуластыруға тырысамыз. Даудың өршіп кетпеуінің алдын аламыз.

-  Дархан ауылы көздің жауын алатындай сұлу екен.  

- Сізбен келісемін! Бірақ, қазір жастар ауылды тастап, қалаға жаппай көшуде. Оларға кінә таға алмаймыз. Жақсы мектеп, жақсы балабақша, университеттердің барлығы қалада ғой. Әрі ауылды жерде жұмыс жағы  қиындау. Сол мақсатта ауылды көркейтіп, жаңа жұмыс орындарын табу – менің ең бірінші мақсатым. Ауылымыз тау бөктерінде орналасқан. Таза ауа, тыныштық. Үлкен демалыс орнын ашып, туристерді тарту жоспарда бар. Әлемнің көптеген елдері кішкентай ғана аралда демалыс орындарын салып, туристер арқылы күндерін көріп отыр. Жастарға да жұмыс табылып, ауылымыз жалпы еліміздің экономикасын дамытуға осылай өз үлесімізді қосамыз – деді Динара жымиып.

- Осындай қызықты әрі мұңды әңгімеңіз үшін алғыс білдіремін. Сіздің Дархан ауылына әкім болып сайланып, ауылдың дамуы үшін аянбай еңбек ететініңізге сенімім мол. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін! – деді Жайна.

- Рақмет. Сонау Алматыдан келіп, сұхбат алып отырсыз. Сізге де тек табыс тілеймін!