Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Көк кит
128
оқылды

Бүркеншік аты: Түймедақ

 Көк кит 

Қасымның ауылдан қалаға көшкеніне екі аптаның жүзі болып қалды. Ауылда емін-еркін өсіп, ата-әжесіне еркелеп жүретін еді. Қазір қалаға келгелі томағай тұйық болып, ешкіммен жақ ашып сөйлеспеді. Қалаға алып кеткен анасы мен әкесіне өкпесі қара қазандай. Сыныптағы балалармен де сөйлесе алмайды. Қасымның таза қазақша сөйлегеніне олар мазақ етіп күледі. Мұғалімдер болса, артқы партаға отырғызып қойып, бұған мән беріп те қарамайды. Кешке әке-шешесі келгенде тіл қатып сөйлеспейді. Бүгін де үстел басында үшеуі үн-түнсіз суға піскен макаронды жеп отыр.

- Ботагөз, ипотеканың ақшасын жұмсап қоймадың ба?-деп Қасымның әкесі әйеліне сұраулы жүзбен қарады.

- Жоға, қалада 10 жыл қаңғып жүріп алған пәтердің ақшасын жұмсап жіберіп жын ұрмаған шығар. Айтпақшы, айфонның рассрочкасын ұмытпа!-деп Қасымның анасы шай құйып отырып күйеуіне өлім жазасының уақыты жақындағандай ескерту жасады.

- Сол бәле қайдан шықты? Айфон ұстау деген не тәлпіштік осы?-деп Абай ашулана бастады. Сол сәтте әйелі:

- Ойбай, несі бар? Саған тұрмысқа шыққалы бір айфон әперсең не бопты? Осы жұрттың күйеуі ай сайын гүлін, жыл сайын Турцияға барып келеді. Біз мына тұрған Алакөлге әлі бармадық. Қит етсе болды, бір айфон әпергеніңді міндетсінетін болдың. Ауылда малдың соңында жүргенде қалаға әкеліп адам қылған мен. Соны ұмытпа!-деп Ботагөз шырт ете қалды.

- Бастамашы осы. Осы сенің қабақ шытпай шай беретін күнің бар ма? Сол ауылда қалғанда қаймақ пен май жеп шалқып отырар едік. Мына баланы да алып келдік. Келгелі басы салбырап жүр. Шешесі  болып сөйлесіп пе едің? - дегенде Ботагөз шарт ете қалды:

- Бала екеумізге ортақ. Әке болып сен сөйлеспейсің бе? Бір стройкада жүріп, бәлең жылда бір айфон әпергеніңе міндетсінесін. Жұрттың күйеулері ұқсап маған бриллиант пен шуба әперсең тіпті таптап өтерсін. Мына ішіп отқан тамағың мен балаңның үстіндегі киіміне дейін мен алып беріп отырмын. Үй де менің атымда. Қылпылдап жүріп алған үйде ұрыс шығармай отыр,-деп Ботагөз көзі атыздай болып жарылардай сөйлеп отырды. Қасым үндемей үстел үстінен тұрып кетті. Қалаға келгелі төрт қабырғада осылардың бітпейтін ұрысын естіп әбден шаршады. Ауылын сағынды. Күнде ұрсысатын Арлан көрші дос баланы, ауладағы екі күнде бір тамағын беретін (әжесі ұрысқанда ғана еске түседі ғой) Құтжолын, мал қайырып үйге келгенде басынан иіскейтін атасын сағынды.

Қасымның сабақтан келгендегі бар тірлігі атасы қалаға барғаны үшін сыйлаған планшетін шұқылау. Ойын ойнап қашанға дейін отыра бересін дейсін. Бұдан да адам жалығады екен. Сөйткенше болған жоқ бір хабарлама келді. «Привет! Добро пожаловать в игру Синий Кит! Я твой куратор. Будем вместе выполнять задания» дегенін оқып, жүрегі дүрсілдеп кетті. Мектепте бір партада отырған Самат есімді бала осы ойынды ойнайтынын айтып, Қасымға ұсынған. Екеуі Қазақстан тарихы сабағында артқы партада отырып ойынға тіркелген. Кейін қоңырау соғылып, келесі сабақтың сыныбына ауысып, екеуі де ұмытып кетті. Негізі Самат сыныптағы Қасыммен сөйлесуге тырысатын жалғыз бала. Каникулда ауылда болғандықтан шығар Самат Қасымды жақсы түсінеді. «Ауылбай» деп те мазақтамайды. Міне, сол Самат жүктеп берген ойыннан хабарлама келіпті. Орысша жазылғанды  онша түсіне қоймады. Ертең сабаққа барғанда Саматтан нақтырақ сұрап алар. Ал қазір мына үйдегі ұрысты естімеу үшін барынша ұйықтап қалуға тырысуы керек.

Ертесі Қасым тұра салып, бір кесе су ішіп үйден апыл-ғұпыл шықты. Кешегі хабарламаны көрсеткенше асық. Оған қоса маршруттан қалып қоймауы керек. Автобус бос кезде жақсылап жайғасып, екі сағатқа жуық мектепке жеткенше ұйықтайтын әдеті бар. Ата-анасы Қасымның пікірін сұрамай, жақын тұрған мектепті емес, айдаладағы жерге жібергеніне әлі де таңы бар. Қалғып-шұлғып ұйықтап, мектептің алдындағы аялдамадан түсті. Артынан біреудің айғайлағаны естілді. Бұрылып қараса, Самат екен

- Касик, че там братан қалайсың?-деп Самат көше тілімен сөйлей бастады.

- Ассалаумағалейкум, Самат!-деді Қасым атасының үйреткені бойынша амандасты.

- Мәә, осы сен жүрген кринж. Уағалейкум салам, бро! Ауылдағы аталар ұқсап амандасып, мектепке кірмей неге тұрмыз?

- Самат, кірмей тұра тұрайықшы. Кеше сен тіркеп берген ойын бар ғой,-деп Қасым ауызын аша бергенде сыныптасы бірден:

- Не болды? Бірдеңесін дұрыстап баспадың ба не?-деп досы байбаламға сала бастады.

- Жоқ, ештеңесін де баспадым. Хабарлама келгенін айтайын дегенім ғой-деді Қасым.

- Хабарлама келсе, ойын басталды деген сөз ғой. Start басып тапсырмаларын орындай бермейсің бе? Немене маған келіп оны айтып тұрсың а?Мен уже жартысына келдім. Жеңген күні бәріне мақтанамын әлі-деп Самат кеудесін қақты.

- Сонда жеңсең не болады?-деп Қасым сұрап еді.

- Да ладно бро осы сен на ровном месте тупишь. Ақша береді, ақша! Будем кайфовать,-деп екеуі мектепке кірді. Сол күнгі әңгімеден соң Қасым да күнде таң сәріде «Синий кит» кураторы берген тапсырманы орындай бастады. Түсінбегенін Саматтан сұрап алады. Сабаққа барудың жалғыз мотивациясы осы «Синий кит» пен Самат. Таңда кетіп, кешке келетін әке-шешесінің Қасымның жағдайын білуге тіпті мұршасы жоқ. Кешкі тамақта үшеуінің басы қосылса, ұрыстың иісі шыға бастайды. Қасым да үндемей құтылуды құп көреді. Бар ермегі «Синий кит». Тапсырмасын орындамаса, сол күні мазасы кете бастайды. Оны фотоға түсіріп жіберу керек. Планшеттің камерасы онша болмаса да, барынша фотоға түсіріп әлек болады. Таңда куратор жіберетін әуенге де құлағы үйренді. Ауылдағы есектің ақырғаны бұл әуеннің жанында жағымды сияқты.

Бүгінгі тапсырма білегіне киттің суретін лезвиямен салу екен. Ауылда медбике салатын манту екпесінен қорқып жүрген Қасымға бұл тапсырма күрделі болып кетті. Егер тапсырманы орындамаса, құдіретті кит бұлардың үйін тартып алады екен. Ауылдағы қаншама ірі қара құрбандыққа кетіп, ата-анасы ипотекасын әрең төлеп жүрген пәтерді алып қойса, бұлардың күні не болмақ? Сол себепті Қасым бүгін мектепке асығып келді. Аялдамадан көзімен Саматты іздей бастады. Кеше ғана соңғы тапсырмасын орындап, байлыққа кеңелемін деген Самат досы көрінбейді. Қасымның жүрегі дүрсілдеп кетті. Самат сабақ оқымаса да, ешқашан кешікпейтін еді. Ары қарап, бері қарап Саматты сыныпта кездестіремін деген мақсатта мектепке кіре бергені сол еді. Мектеп іші толған полиция мен бөтен адамдар. Қасым сыныпқа кіре алмай тұрған сыныптастарын көрді. Бір бұрышта «Саматым-ау, қу тіршілік кредит деп баламнан айырылдым» деп жылаған егде жастағы әйелді көріп Қасымның үстінен біреу су құйып жібергендей болды. Санасында «Қалайша? Қалай?» деген сұрақтар жаңғырып тұр. Қасым мәңгіріп тұрғанда сынып жетекшісі оқушыларды жинап алып, басқа кабинетке кіргізді.

Бір сәтте бетінен оты шығып кеткен мектеп директоры:

- Самат Сейдахмет «Синий кит» ойынының құрбаны болып, өзіне қол жұмсады. Анасы жуынатын бөлмеден таң сәріде асылып тұрған жерінен суық мүрдесін, жерде жатқан  телефонындағы ойынды көріп, бірден полицияға хабарласыпты. Сондықтан сендер де телефондарыңды қазір тапсырасыңдар. Тексеріс жүріп жатыр. Артық сөзсіз, қарсылықсыз өтсін! Онсыз да мектептің абыройына нұқсан келіп отыр,-деп мектеп директоры мен полиция қызметкерлері оқушылардың телефонын жинай бастады. Бір бұрышта Саматтың анасын жұбатқан сынып жетекшісі тұрса, екінші бұрышта не болып жатқанын түсінбей Қасым тұр. Сол күні ол планшетін үйде қалдырып кетіп еді....