Атырауда «AMANAT» партиясының бастамасымен ауыл әкімдерінің облыстық форумы өтті.
«AMANAT» партиясы Атырауда ауыл әкімдерінің форумын ұйымдастырды
692
оқылды

Атырауда «AMANAT» партиясының бастамасымен ауыл әкімдерінің облыстық форумы өтті. Жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев, облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық мәслихат төрағасы мен депутаттары, басқарма, департамент, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Форум басында сөз алған партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Атырау аграрлы-өнеркәсіптік инвестициялық аймақтардың бірі екенін атап өтіп, облыс бойынша өңірлік Жол картасының орындалу көрсеткішіне тоқталды.

«Өткен парламенттік сайлауда «AMANAT» партиясы Мәжіліс пен мәслихаттардағы орындардың басым бөлігіне ие болды. Ендігі басты міндетіміз – сайлауалды уәделерімізді толық орындау.  Ол үшін партияның 2027 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламаларын іске асыру бойынша республикалық және 20 өңірлік Жол картасы әзірленді. Мәселен, Атырау облысы бойынша өңірлік Жол картасы 93 тармақтан тұрады. Бүгінде оның 20,5 пайызы орындалды. Олардың едәуір бөлігі инфрақұрылымдық нысандарды, яғни, мектептерді, ауруханаларды, жолдарды, инженерлік желілерді салуды немесе жөндеуді көздейді. Сондықтан сіздердің міндеттеріңіз – құрылыс және жөндеу жұмыстарына тұрақты мониторинг жүргізу және  туындаған мәселелер туралы жедел хабарлап, тиісті шешімдер қабылдау», – деді партия Хатшысы.

Ауылдарды дамыту – «AMANAT» партиясының маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Бұл ретте «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» жобалары сәтті жүзеге асырылып келеді. «Жер аманаты» жобасы пайдаланылмай жатқан және кезінде заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекетке қайтаруға бағытталған. Бүгінде Атырау облысында 259 мың гектар, ал еліміз бойынша шамамен 11 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жердің қайтарылуы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, салық базасының ұлғаюына септігін тигізері сөзсіз.

Сондай-ақ өткен жылдың қорытындысы бойынша, «Ауыл аманаты» жобасына 100 млрд теңге бөлінді. Атырау облысына былтыр 1,5 млрд теңге бөлініп, 192 микрокредит берілді, 218 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев атап өтті.

«Партиялық жобалар мен мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында ауылда өзекті мәселелер өз шешімін тауып келеді. Мәселен, ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін жеке қосалқы шаруашылықтардың шығарған өнімін дүкен сөрелеріне дейін жеткізетін кешенді экожүйе құру өте маңызды. Алайда бүгінде ірі компаниялар мен сауда желілері ауылдағы шағын жеке кәсіпкерлердің өнімдерін сатып алуға ниетсіз. Себебі, жеке қосалқы шаруашылықтардың өнімін сатып алу кезінде «бірінші қосалқы құн салығының» мәселесі туындап отыр. Осы ретте, партия «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде жеке қосалқы шаруашылықтар өндіретін тауарлар үшін «қосымша құн салығын» алып тастау туралы ұсыныс дайындап, Үкіметке енгізді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар, жеңілдетілген несие беру бағдарламаларын пайдалану арқылы округ әкімдері жергілікті тұрғындар мен шаруа қожалықтары арасында тығыз байланыс орнатып, кеңінен насихат жұмыстарын жүргізуге тиіс», –  деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ былтыр «AMANAT» партиясы халыққа қаржылық сауаттылықты оқыту бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасын бастады. Президенттің тапсырмасы бойынша, бұл жоба бүкіл елге тарап, нәтижесінде 200 мыңнан астам адам білім алды. Оның 85% пайызы – ауыл тұрғындары. Атырау облысында 10 мыңнан астам азамат оқудан өтті. Бұл ретте, әкімдер  өңір тұрғындарына «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасы туралы тиісті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Форум аясында ауыл әкімдеріне оқыту сессиялары ұйымдастырылды. Онда партиялық жобаларды іске асыру,  сыбайлас жемқорлықтың алдын алу,  агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдаудың қолжетімді тетіктерін қалыптастыру, бұқарамен жұмыс істеу, кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету және инвестиция тарту шаралары, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі секілді түрлі бағыттарда арнайы мамандар тарапынан дәріс оқылды.