ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының денсаулық сақтау менеджері Дария Әзімбаева антибиотикті дәрігердің нұсқауынсыз қабылдау керек еместігін ескере отырып, алдымен анализ тапсырудың маңыздылығын айтты.
Дария Әзімбаева: Антибиотиктерді жөн-жосықсыз пайдалану – қауіпті
479
оқылды

 –  Дария Мұсабайқызы антибиотиктерді жөн-жосықсыз пайдалану өмірге қауіпті екені белгілі. Сондықтан антибиотиктерді қателеспей қалай дұрыс таңдауға болады? Кейде тіпті антибиотиктерді дұрыс тағайындамаудың салдары қандай болуы мүмкін?

 – Антибиотиктер инфекциялармен күресудің күшті құралы. Бірақ оларды дұрыс қолданбау ауыр зардаптарға, соның ішінде бактериялардың күшеюіне әкеледі. Бүгінде антибиотик жаһандық мәселеге айналды. Өйткені бактериялар уақыт өте келе препараттарға бойы үйреніп, толықтай жойылудан қалады. Ал бұл дегеніміз жұқпалы ауруларды емдеуді қиындатады. Бұған себепкер болған – антибиотиктерді дұрыс тағайындамау немесе оларды алдын ала анализсіз өздігінен қабылдау.

Негізі әрбір адамның ағзасы бірегей және микрофлора әркім үшін әртүрлі. Сондықтан кейбір адамдағы бактериялар белгілі бір препаратқа кері әсері болса, басқалар үшін болмауы да мүмкін. Антибиотик ескерілмей тағайындалғанда бұл емнің тиімділігін түсіріп қана қоймай, бактериялардың препаратқа "иммунитетті" қалыптастыруына ықпал етуі мүмкін. Нәтижесінде, инфекция ағзаның қалыпты жағдайына айналып, оны бақылау қиындай түседі.

Сонымен қатар  антибиотиктердің жанама әсерлері бар. Оларды қабылдаған кезде патогендік бактериялар ғана емес, біздің иммунитетті қолдайтын пайдалы микроорганизмдер де жойылады. Егер антибиотик жарамсыз болса, ол пайдалы микрофлораны жойып, құрамындағы элементтерді қалдырып, денеге зиян тигізеді. Ал бұл дисбиоздың пайда болу қаупін тудырады. Яғни, иммунитеттің әлсіреуі және аурудың асқынуына әкеледі. Сондықтан антибиотиктерді қабылдамас бұрын  анализ тапсыру маңызды. Соған сүйене отырып, дәрігер сіздің жағдайыңызға тиімді препаратты тағайындайды. Бастысы, емдеу жолыңыз анықталып, ағзаға жағымсыз салдар туғызбауға көмектеседі.

Сонда анализ тапсыру арқылы дұрыс емделуге болады дейсіз. Бірақ тапсырған анализ емделу жолын дәл табуға қаншалықты көмектеседі?

– Ешбір дәрігер анализсіз науқасқа ем жүргізбейді. Тіпті, дұрыс ем тағайындамаса, сырқат асқынуы мүмкін. Зерттеудің арқасында белгілі бір бактерияларға қарсы тиімді препаратты таңдауға, антибиотиктер қайта қабылданса, ағзаның үйренісіп кетпеуі немесе науқаста аллергиялық реакция болса, препаратты ауыстыру мүмкін. Оның үстіне, дәрігерлер сіздің жағдайыңызда қандай антибиотиктерді пайдалану тиімді екенін көреді. Әсіресе, созылмалы инфекцияларды емдеуде өте маңызды.

– Анализді қалай тапсыру керегі  бәріне белгілі. Десе де, анализдің өзі қалай жүргізіледі?

– Жалпы, зерттеуге арналған материалдар қақырық, зәр, сілекей, нәжіс, сондай-ақ тамақтың, қынаптың немесе уретраның жағындылары болуы мүмкін. Әр жағдайда таңдау – инфекция орнына байланысты. Осы арқылы дәрігерлер бактериялардың әртүрлі антибиотиктерге қалай жауап беретіні туралы нақты ақпарат ала алады. Тіпті, кейбір препаратты тағайындаудың керегі де болмайды. Зерттеу жүргізудің ең танымал әдістердің бірі –диффузиялық әдіс. Мәселен, біз  Vitec Compact автоматтандырылған жүйесін  қолданамыз. Бұл құрылғы тез арада әрі дәлме-дәл ақпарат алуға көмектеседі. Соның нәтижесінде дәрігер оңтайлы терапияны таңдай алады.

– Антибиотикпен ем қалай жүргізіледі?

– Ең алдымен, антибиотиктерді тек дәрігердің нұсқауы бойынша қабылдау керек. Бірнеше қарапайым, бірақ маңызды нұсқаулар бар:

• Жеке "антибиотиктер күнделігін" жүргізіңіз: қандай препараттарды қабылдағаныңызды, қандай дозада және қанша күн қабылдағаныңызды жазыңыз. Бұл болашақта дәрігерге көмектеседі.

• Қабылдау режимін сақтаңыз: Егер күніне үш рет тағайындалса, онда бұл әр 8 сағат сайын. Күніне екі рет  12 сағаттан кейін. Бұл кездейсоқ сандар емес, ағзадағы дәрі-дәрмектің дұрыс концентрациясын сақтаудың маңызды ережесі.

• Дозаны өзіңіз өзгертпеңіз немесе қабылдауды ертерек тоқтатпаңыз — бұл инфекцияның қайталануына және бактериялардың көбейуіне әкелуі мүмкін.

• Және антибиотиктерді басқалармен бөліспеңіз. Әр пациенттің өз ауруы мен бактериялары бар, оған қоса дұрыс пайдаланбау және асқыну қаупі бар.