Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Балалық шақтан хат
269
оқылды

Бүркеншік аты: Елөш

 

Балалық шақтан хат

Кімге: Елекеңе!

Кімнен: Елөштен!

 

Ассалаумағалейкум, Елеке! Әкеміз баяғыда үйреткен дағдымен, өзіңе Тәңірден тыныштық тілеп, қос қолымды создым. Сендердің трендтеріңе сай «Саламалайкум!», «Салам!» деп қысқа қайыруға бейімделмей-ақ қойдым, бейілді де емеспін.

Қалың қалай? Бірдеңені ойлап, қамығып жүрсің бе? Жүдеп кетіпсің ғой. Сен олай көп ойға беріле берме! Өзің үнемі айтатындай, барлығы жақсы болады! Соған сен!

Қазір қызметтесің! Жұмыс қауырт! Елеке, Елаға, болдың! Ал, мен баяғыыыы-еее Елөшпін! Сол ерке, бұла, қияли қалпымдамын. Мені жиі еске алатыныңды жақсы білем! Шіркін, алаңсыз асыр салған балалық шаққа не жетсін?!

Осы хатты жазуға көп оқталдым. Тұрмыстың қамымен мұрнына су жетпей жүрген сені орынсыз мазалағым келмеді. Қайдағы-жайдағыны есіңе салып қайтемін дегендей... Бірақ ішіме сыймай барады.

Қызыңды «Ақылды бол, өтірік айтпа!» деп тәрбиелеп келесің! «Негесі» көп ол тағы «Неге өтірік айтпау керек» екенін сұрайды. Жауап таппай қиналып, біраз ойланып-толғанып барып, «Өтірік айтсаң, мұрның өсіп кетеді» дейсіңдер әйелің екеуің қосылып. Сол кезде қызың шын қорқып, қос қолымен кезек-кезек, қайта-қайта мұрнын ұстайды, «Жарайды, өтірік айтпаймын» деп түрі бұзылып кетеді. Мен де осы хатымда сенен ешқандай сыр жасырғым келмейді. Адам болып қалыптасуыңа әсер еткен сәулелі сәттерді санаңда жаңғыртайын. Өтірік айтсам, мұрным өсіп кетсін.

Есіңде ме?! Әрине есіңде! Алғаш темекі атқан кезің... Ой, қап, әй, ә! Әңгімені бірден жаманнан бастағаным-ай! Кеше ғана қызың көшеде темекі тартып бара жатқан адамдарды көріп, «Әке, сен темекі тартпа, иә, ақылың бар ғой» деп ескерту жасады емес пе?! Содан есіме түсіп тұрғаны ғой. Олжас екеуің әкеңнің «Полет» деген фильтірі жоқ ащы темекісінің екі «үштігін» ұрлап алып, жан-жаққа жалтақ-жалтақ қарап іске кірісіп едіңдер.

Әй, ақымақтар-ай! Бірің 7-нші, екіншің 6-сыныпта оқысаңдар да, фантазия дегеннен жұрдайсыңдар ғой! Қораның қуысына тығылмай, моншаның төбесіне шықпай, ауылдың сыртына, жапан далаға безіп кетпей үйдің төргі бөлмесіндегі диванның артына жасырынып алып темекі тұтатқандарың, қай сасқандарың?! Әлде адренелин керек болды ма? Үйдің ішін алып кеткен темекінің иісін кім сезбесін? Мұрынына маңқа толған Ділдиярдың өзі бұл иісті «көзбен көріп, қолмен ұстап алар еді». Қақалып, шашалып, күркілдеп отырғандарыңда үстеріңнен кім кіріп келді? Иә-иә! Әкең келмеп пе еді. Сауын сиырларға бұзаулар қосылып, жамыраған малға ие бола алмай қолқанат болар ұлын іздеп келген беті сол еді. Онсыз да ашу қысып келгенде сендердің істерің басу бола ма? Желкелеп алып шығып, шықпыртты-ай. Құдай сақтап, тіліңе шоқ басылмады, ерінің күймеді. Бірақ арқаңды осып-осып өткен қамшының «дәмін» қалай ұмытасың, ә!

Кейін Хасекең қылмыстарыңды жайып салып еді ғой.

– Мыналар темекі тартып жүр, - деп үн-түнсіз шай сораптап отырған Олжас екеуіңді қажады. Әкеңнің егізі, Олжастың әкесі – Құсайын атаң болса, мырс етіп мысқылдай күлді:

– Өзіміздің жолмен жүріп келеді деші. Екеуміз де 4-класста түтіндете бастап едік қой. Бұлар қайта кеш кірісіпті. - Күлкісінде, ойбай-ай, балалар бұзылып бара ма деген алаңдаушылық бар секілді.

Елеке, жарайсың, әй! Содан кейін темекі атпадың! Бұның ерлік енді! Кейін темекіні 50 жыл серік қылған әкеңе бір-ақ күнде қойдырып, тағы бір ерлік істедің! Қызың туғанда. Перзентханадан шығарарда «Темекі атып келсеңіз, немереңізді иіскетпеймін» деп едің. Немере жаннан тәтті екен, атасы темекіні бір-ақ күнде тастады емес пе?!

Ал, қазір ше, қызыңды ертіп дүкенге барсаң, ол сөредегінің барлығын алғысы келеді. Бірақ, оның да қаламайтыны бар екен.

– Мыналарды алуға болмайды, - деді қызың SMALL-ға кезекті рет барғанда.

– Қайсысын?, - деп бұрылдың.

– Мыналарды деймін саған, естімейсің бе өзі?

Қызың нұсқаған тұсқа қарап едің, «Салқындатқышта» самсап тұрған сыра мен Gorilla energy-ды көрсетті.

– Неге?, - деп сұрадың, қызыңның қылығына тәнті болып.

– «Нипәлезный» ғой!, - деді ол бал тіліне аздаған орысшасын араластырып.

– Оны қайдан білесің?

– Интернеттен көрдім, - деді қызың. Интернетте де дұрыс дүниелер бар болғанына емес, қызыңның жақсы мен жаманды, пайдалы мен пайдасызды айырып, ажырата алатынына қатты қуандың.

Ғаламтор демекші, қызың ұялы телефонға телміріп,  Instagram мен YouTube ақтарып жатқанда «Таста андағыны, көзің ауырады» деп жаның ашиды. Елеке-ау, өзіңнің де жанарың солай құртылды емес пе?! Ақыры 7-сыныпта «әтішкәрик» атандың.

«Миллион кімге бұйырады?», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламаларын көретінсің, көріп қана қоймай, әр сұрақты жазып алып, жаттайтын едің. 6-ншыда-ақ жоғарғы сыныптардың білмейтінін біліп, зеректік таныттың. Тура теледидардың алдына жайғасып алып, экранмен бетпе-бет отырып, ақ парақ бетінде қаламың жорғалап тұратын. Бірнеше жылда білімің толықты, есесіне теледидарды тым жақын көргендіктен, көзіңнің көруі нашарлады.

Ернар досың да сөйтетін. Екеуің шынайы бәсекелес болдыңдар. Білім жарыстырдыңдар. Жарыстарыңның мөрленіп, бекітілгендей ережесі бар. Бұлжымайды ол. Екеуің жеке кездесіп, дәптерлеріңді салыстырасыңдар. Бірінші, осы аптадағы бағдарламада қанша сұрақ қойылды, соның нешеуінің жауабын дұрыс таптыңдар, соны санайсыңдар. Екінші, кім көп сұрақ жазып үлгерді, соны есептейсіңдер. Әр жұма сайын солай болатын. Ұтқаның ұтылғанның «Ұлан», «Айналайын» секілді өте пайдалы әрі қимас газеттерін қанжығалап кетесің.

Осындай қарапайым ойын арқылы екеуіңнің де көздерің ашылды, көкжиектерің кеңейді. Мысалы, сен физикадағы диффузия құбылысы – шайға сүт қосу, суға бояуды араластыру, иіссудің ауаға таралуы екенін мектеп бағдарламасынан ерте білдің. Әдебиет, мәдениет, спорт, тарихқа қатысты көп мәліметке қанықтың.

Ернар екеуіңнің жарыстарың бұнымен шектелмейтін. Әр тоқсан сайын күнделіктеріңді жайып жіберіп, кімнің қанша бестік бағасы бары; кейде бір күнде кім қанша бес алғаны түгенделетін. Еш себепсіз сабақтан қалмауды да жарыстың негізгі бағдарламасына қостыңдар. Бұл жағынан екеуің тең түстіңдер. Аудандық, облыстық Абай, Сұлтанмахмұт, Мұқағали оқуларына, пәндік олимпиадаларға қатысудан белсенді болдыңдар. Жоғары деңгейлі жарыстарда бір-біріңе қолдау танытып, кейде бірге дайындалып жүрдіңдер. Бірің жүлдесіз қалсаң, екіншің демеп, бірің топтан озсаң, екіншің қуанып, білім бәсекесінде қызғаныш жоқ, жанашырлық барын таныттыңдар. Ең қызық сайыс – шет елдердің астаналарын, президенттерін, ұлттық валюталарын жаттау еді. Қазір сендер секілді бәсекелесетін бала бар ма екен осы?

Ойбай-ай, тағы бір тартыс айтылмай қалып барады екен. Сендер футбол клубтарын, футболшылардың аты-жөндерін айтудан таңға дейін батл жасаудан жалықпайтынсыңдар. Ол кезде футболшылардың суреті бейнеленген ойын карталары болатын. Солар – екеуіңнің де жеке мұрағатырыңның құнды жәдігері. Жеңіліп қалғаның жеңімпазға бір карта беретін болып келісіп, ойынды бастайсыңдар. Алдымен бір елдің ғана клубтары түгенделеді. Нағыз патриот ретінде Қазақстаннан бастайсыңдар. Одан соң Италия, Испания, Англия...

– «Қайрат», - деп бастайды Ернар.

– «Ертіс», - деп жалғайсың сен.

– «Ақтөбе».

– «Тараз»... Сосын әр елдің аяқдопшылары кезек-кезек аталады. Осы қызықты да қиын ойын-сайыстарда еншілеген «жүлделерің» жәшік-жәшік болып ауылда, қарашаңырақтағы кітапхананаңда тұр. Сол қалың-қалың дәптерлер, бума-бума газет-журнал – бәрі-бәрі қайтып оралмас қайран күндердің, сайран күндердің куәгеріндей сені қашанда «күлімдеп қарсы алады».

Футбол ойнауды да Ернар үйретті емес пе?! Бастауыш сынып оқитын кезің. Денешынықтыру сабағында төменгі 3-сыныптың командасымен, бүгінгі түсінікпен айтсақ, жолдастық кездесу өтті. Ол кезде жолдастық деген не, кездесу деген не, жалпы футбол деген не екенін ұқпадың ғой. Әйтеуір қара көбейтіп жүрдің. Жомарт мұғалімнің түсіндіруі бойынша допты аяқпен ғана теуіп, қарсыласқа бермей, қақпаға енгізуің керек. Бар ереже – осы. Бір мезетте ойын басталды. Мұғалім ортаға тастаған допты бірден іліп әкетіп, қақпаға қарай қақпақылдата ұмтылдың. Бәрінен тез жүгірдің, бәрінен жылдам қимылдадың. Алдыңда тұрған ойыншылардың бірін қалдырмай алдап өтіп, қақпашымен бетпе-бет келдің. Ол саған бірдеңе деп айғайлап әлек. Қолдары ербең-ербең етеді. Басқа ойыншылар да айқайға айқай қосып қуып келеді. Жұлдызды сәті туып тұрған Зидан, жоқ Рональдиньо, жо-жоқ Криштиану оларды елесін бе? Алдындағы допты бар күшімен қақпаға бағыттады. Ол қақпашының тура қолтығының астынан зу етіп өтіп кетті. Гооооол! Өзің алақайлап, қолыңды көкке көтеріп, тойлап кеттің. Мұғалім де, екі сыныптың қыздары да, тіпті ауылдың адамдары түгел жиналып алып саған риза болып қарап тұрғандай. Басқа да ойыншылар жүгіріп келіп сені бас салды. Бас салғандарынан қуаныштың нышаны түк білінбейді. Керісінше, ренішті секілді.

– Әй, сен өз қақпаңа гол соқтың ғой, - Еркебұлан ашуланып келіп саған ұрсып жатыр. Жомарт мұғалім «Автогол» деп допты ортадағы нүктеге қайта қойды. Сөйтсең, артыңнан қуып келе жатқан, қақпада тұрған сыныптастарың «Тоқта! Тоқта! Ана жақ қақпаға жүгір» деп айқайлаған екен. Оларды естідің бе сен. Ұят болды ғой, ұят! Масқара! Ернар болса, сені мазақтап күліп кетіп барады. «Автогол! Автогол!»

Бірақ, кейін қателігіңді түзетіп, дұрыс ойнауды үйрендің. Ережені де толық жаттадың. Қазір ше, қазір Ұлттық құраманың жанкүйерісің! Біздің жігіттер ойнаған күні қызың да, ұлың да қасыңнан табылады. Әсіресе ұлың, допты көрсе, қос қолын көтеріп, «гоо-гоо» деп мәз болады. Кеше әпкесінің «Әліппесін» алып келді саған. «Д» әрпіне салынған суретті көрсетіп, «Міне мынада доп бар, алып бер» дегендей кітап парағын уыстады. Ерінбей қайшымен қиып бердің. Балаң бірақ оны менсінбеді. Өзінің кішкентай добын қуалап, әлек болып кетті.

Елеке-ау, кейін талай рет футбол ойнап тізеңді де қанаттың, жамбасыңды да ауырттың, шынтағыңды да сырдың, басыңды да жардың. 8-сыныпта-ау деймін, кезекті бір ойында оң қолыңа доп тиіп, бас бармағың шығып кетіп еді. Ауырған ештеңесі жоқ. Тек қолыңа қарап тұрып, мыжырайып қалған саусағыңның сықпытынан шошып кеттің, баж етіп жылап, үйіңе жүгірдің ғой. Сонда басыңа келген бірінші ойды мен әлі ұмытқан жоқпын. Қолыңа қайта-қайта қарап, «Енді жазу жаза алмай қаламын» деп жаның шығып кете жаздады емес пе?!

Әй жазғышбегім-ай! Сенің «том-том кітап» жазып жүргеніңді білетін қатарластарың, ап-арық денеңе қарап, «Жазу жазып жалықпаған, жаза-жаза арықтаған» деген жұмбақтың жауабы «Бор» емес, сен екенін айтып, мазақтайтын еді.

Елеке, сен кітап, газет оқығанды ұнататын едің. Әлі де солай ма? Әлде кітапқа қол тигізуге жұмыстан қол тимей ме?

Ұмытпаған боларсың, бір күні аудан орталығындағы газет сататын дүңгіршектен, анаң ары-бері жүрісіңе, тамағыңа деп берген 500 теңгеге түгел газет сатып алған едің. Қандай газет екенін есіңе түсірейін бе?

– Апай, «Сен білесің бе?» деген журнал, «Білгім келеді» деген газет бар ма?, - деп терезені тоқылдатып, іштегі тәтенің назарын өзіңе аударттың.

– Жоқ.

– Сондай газеттерді сатсаңыз, біз досым екеуіміз алушы едік, - дедің айналаңның барлығы оқымысты екенін аңғартқың келгендей мақтанышты дауыспен.

– Жақсы, онда келесі аптада тапсырыс беріп, алдырайын, - деген сатушы апай.

Сол келесі аптасында сен аудан орталығына бардың. Арнайы газет алу үшін. Бір газет 20 теңге, бір журнал 35 теңге болды-ау деймін. Ауыл мен орталықтың арасына жолаушылар 20 теңге төлеп қатынайды. Дүңгіршекке жақындай бергенің сол еді, сатушы апай сені бірден таныды.

– Кел, сенің газетің дайын.

Үш журнал тұр екен. 95 теңге беріп, бәрін алдың. Қалған 405 теңгеге 20 газет алып, құшағыңды толтырып, қарыныңды тойдырып автобус жүретін жерге аяңдадың. Қалтаңда 5-ақ теңге қалғанында шаруаң жоқ. Автобус орнынан қозғалып, жүргізуші жол ақысын сұрағанда ғана, газет алып шаттанған қуанышың су сепкендей басылды. Қайта ауылдастар деген кеңжүрек қой. Сенің тиын-тебенің жоқ екенін Майлыбай ағатай түріңнен ұқты:

– Әй, бала, мына газеттерді не істейсің?, - деді сосын саған қарап.

– Оқимын.

Ол басын шайқап, астыңғы ерінін кезерді: «Біздің балалар кәмпит-пішінә алады. Сен болайын деп тұрған бала екенсің!», - деді жұрттың баласына сүйініп, өз балаларына күйінгендей кейіпте сені мақтап.

Не болайын деп тұрғаныңды елестеде де алмадың ғой сонда.

– Газетті неше теңгеге алдың?, - деп сөзін жалғады.

– Біреуі – 20 теңге.

– Ааа, онда біреуін бер маған. Мен сен үшін жолақысын төледім. Қарыздың орнына газет алайын, - деп сенің келісіміңді күтпестен құшағыңдағы бір газетті «тартып алды». Саған «тартып алғандай» сезілді сол кезде. Жолақысын төлеп берген жақсылығын тез ұмыттың, білем, сүйікті газетіңнен айырылғаныңа ішің удай ашыды емес пе?!

Сөйтіп, 8-сыныпта аудан орталығына жалғыз баруды жиілеттің. Сол кездердегі бір шытырманды есіңе түсірейін бе? Бас көшенің бойындағы «Универмагтың» алдында тұрғансың. Сенің ауылдан келген ашықауыз аңқау екеніңді аңғарған бір шикіл сары сотқар келіп: «Салам!» деп «блатнойланып» сәлем берді. – Пойдем отайдем!, - деп сені ғимараттың артына алып кетті. Тапа-тал түсте. Жан-жағыңа алақтап көз тастағаның сол еді, анандай жердегі қалтарыста топ баланың бой жасырып тұрғанын аңғардың. Дәу де болса, мынаның жақтастары. Қол-аяғың дірілдеп, тілің күрмелейін деді. Әлгі шикіл сары кім екеніңді, қайдан келгеніңді сұрады.

– Вот, час назат (назад емес, сеніңше – назат) пришел с аула, - дедің бар білетін орысшаңды жинақтап.

– Пешком что ли?, - деп таң қалды анау.

– Машинамен, - деп жауап беріп жатып, «пришел» деген жаяу адамға, «приехал» деген көлікке қатысты айтылатынын есіңе түсірдің. Сосын әлгі ұсақ ақшаңның бар-жоғын сұрады. Әліңше жауап беріп, сен де қарымта сауал тастап әлексің. Сенің қарсы сұрақ қойғаныңды жақтырмай, түсін суытып:

– С какой целю интересуешся?, - деді ол.

Қаладан келіп, көшенің қызықтарын айтатын студент ауылдастардан естіген бір-екі «жаргонды» есіңе түсіре қойдың ғой сонда: «За интерес спорса нет, же?», - дедің батылданып. Әлгі сотқар мұны күтпеді-ау деймін, тілін де аяғын да тарта қалды. Осылайша, аз-маз орысшаңмен бұзақылардан құтылып едің.

Әй, бұл орыс тілі деген сені де, мынау өсіп келе жатқан балаларыңды да шатастырды ғой әбден. Қызыңның тілі орысша шыққанда шошып қалып едің. Түстерді, сандарды орысша айта бастағанда, өзің бастап, әйелің қостап, телефон бермей, зордың күшімен қызыл тілін ана тілге икемдеп едіңдер. Кейде «Я – крәсибая», «Ти знайыш?» «Нәдәила!», «О, идия ест!» деп өз орысшасын араластырғанда күліп қана отырасың ғой.

Бұл орыс тілі дегенің тіпті әкеңді де тығырыққа тіреген еді бір кезде. Білесің ғой, иә?

Тағы сол аудан орталығы. Милиция бөлімі (қазіргі полиция). Оның алды – жайқалып өскен гүл. Хасекең оны-мұны шаруалармен ГАИ-ға келеді. Жалдап барған көлігін автотұраққа қойып, өзі милиция ғимаратына адымдайды. Ауылдың еркін қазағы алдында өсіп тұрған гүл-мүлге, шөп-мөпке қарай ма, аттап-маттап бір-ақ өтеді. Өрісте мал бағып жүргенде, күнде басып, езіп, мыжып жүрген қызыл гүл, көк шөп, жасыл желегі емес пе? Қақпадан ене бергенде кіреберісте тұрған кезекші Хасекеңнің білегінен шап беріп ұстап, «Газонмен неге жүресіз?», - деп дүрсе қоя береді. Машина-техника мен темір-терсектен басқаны аса жетік біле бермейтін ол, күтпеген жағдайға сасып қалады.

– Қайдағы газон? Жигулимен келдім, - дейді алақ-жұлақ етіп.

– Жаңа ғана газонмен жүрдіңіз ғой.

– Өй, жаңа ғана әне тұрған Мәрданның ақ жигулиынан түстім, - деп бой бермейді ол тұрақта қаңтарылып тұрған құрдасының темір тұлпарын нұсқап.

Арғы бөлмеде бұл екеуінің «текетіресін» орта жастағы милиционер бақылап тұрады. Ауылдан келген «жабайының» газонның не екенін ұқпай тұрғынан түсінген тәжірибелі маман, жас кезекшіні тоқтатып, Хасекеңе мән-жайды түсіндіреді.

– Сіз жаңа мынау өсіп тұрған гүлдерді басып өттіңіз, - деп ғимараттың алдына алып шығып, жайқалып өскен, арнайы ақ тастармен қоршалған әсемдікті көрсетеді. - Соны газон дейді. Оны басуға болмайды. Енді штраф төлейсіз, - деп басу айтады сөзінің аяғын күлкімен көмкеріп.

Қандай айыбы барын енді ұққан Хасекең «Қайдан білейін, қайдан білейін?!» деп қипақтай беріпті...

Елеке-ау, биттей кезіңде-ақ ойшыл болдың ғой сен! Бір күні 4-сыныпқа жеткенше білмей келген «Америкаңды аштың» емес пе?! Шын ба, өтірік пе, әйтеуір «Дәретханаға шығуға бола ма?» деп сұрандың сабақ үстінде. Ол кезде мектептің ішінде жылы дәретхана болады деген түсінік те жоқ. Табиғи қажеттілігіңді өтейін деп жүгіре кеттің. Межелі тұсқа жеткенде саған керек жерден Алтай мұғалім шығып келе жатқанын көрдің. Өз көзіңе өзің сенбей аңырдың да қалдың ғой: «Мұғалімдер дәретханаға бара ма не?» деп аң-таң болып негізгі шаруаңды мүлдем естен шығарып, 90 градусқа бұрылып, мектеке қарай зыттың. Өз көзіңмен көргеніңе сенгің келмесе де, ішіңдегі алай-дүлейді, астаң-кестеңді жеңе алар емессің. «Қалай сонда? Мұғалім деген...». Сенің түсінігіңде мұғалім өтірік айтпайтын, жаман қылығы, теріс әдеттері жоқ ерекше жаратылыс. Тіпті олар тамақ ішеді, ұйықтайды деп те ойлаған жоқсың. Сен сөмкеңді арқалай алмай, белің майысып, аяғыңды сүйретіп бара жатқанда, мұғалім бойын тіп-тік ұстап, жинақы жүреді; Сенің кәстөмің шаң-шаң, көйлегіңнің жеңі кір-кір болып, бәтеңкеңнің басы мүжіліп кеткенде, мұғалімнің үстіндегі киімі тап-таза, төпілиі жалт-жұлт етеді; Сенің кітап толы сөмкеңнің біресе «замигы» бұзылады, біресе бауы үзіледі, біресе қалтасы жыртылады, ал мұғалім ішінде не бар екені белгісіз қап-қара папкасын қолынан тастамайды; Сен не тор көз, не ұзын жол дәптерге әріптеріңнің басын құрай алмай, жазуыңның арасында адасып қаласың, ал мұғалімнің жазуы маржандай; Үйге берілген тапсырманы әке-шешең, аға-әпкең, кейде көрші-қолаң жамылып жүріп әрең дегенде орындайсың, ал мұғалімнің білмейтіні жоқ, қандай сұраққа болсын нақты, дұрыс жауап тауып береді. Сенен он есе, жоқ жүз есе білімді, мың есе мықты мұғалім де біз секілді адам екен ғой дегенді ойлағанда ойың онға, санаң санға бөлінді. Бірақ сонда да сыныптастарға «Мұғалімді дәретханадан көрдім» деп айтқан жоқсың. Себебі оның кіршіксіз таза қалпына дақ түсіріп алудан қорықтың.

Ал, қазір қызың да өзің секілді «Апай айтты» деп балабақшада берген тапсырмаларды бұлжытпай орындауға тырысады. Соны көргенде қуанып кетесің де, өзіңнің бала ұғымыңа қайран қаласың. Қызың үшін сенің сөзіңнен бұрын, апайдың айтқаны – заң.

Бала кезіңнен қияли болдың ғой, Елеке! Аңқаулығың да туабітті қасиетің емес пе?! Бастауышпен қоштасқан жылдың жазында Дамир бір қызықты бастады. Иә-иә, сол Дамир. Сендер «Дамир-Памир» деп мазақтағандарың үшін әкесі ара түсіп, Олжас, Бақытбек, сен – үшеуіңді Қаратасқа дейін қуып еді ғой. Сен «Екітесіктің» жанында қалдың емес пе? Соңыңнан қуып жетіп алған Ербол ағатайдан қорқып, қалшылдап-дірілдеп «Мен мазақтаған жоқпын, мен емес» деп тәтті жаныңды қорғаштап әлек болғансың. Ал, анау екеуі ақыры ұстатпай кетті. Кеш батқанда бір-ақ оралып, ауылдың шетінде айналып жүріп еді. Сөйтсе, Ерекең қызық үшін, балалармен бала болып ойнаған екен. Сендер бәрін шын көріп, безектеп жүрсіңдер.

Сол Дамир «Мен қасиетті ата туралы білемін» деп сендерді ертеде еңселі қос қабатты мәдениет үйі болған ескі ғимаратқа ертіп апарды. Сол ескі мәдениет үйін үлкендер «клуб» дейді, балалар «құлып» дейтін. Оның айтуынша, қасиетті ата секілді болсаң, ұша аласың, таудың арғы жағында не барын көре аласың, сосын адамдардың ойын оқып, түстеріне кіруге болады екен. Осындай ерекше қабілетің болуын көзіңді ашқалы бері демей-ақ қояйын, тілің шығып, боқтай бастаған кезден армандаушы ең ғой.

– Біз қалай қасиетті ата секілді боламыз?, - деп сұрадың ескі «құлыптың» жоқ табалдырығын аттай бере.

– Былай, - деді Дамир маңғазданып. - Осы жерге баяғыда қасиетті ата өзінің сүйікті бір аңын көміпті. Соны тауып алып, бір-бір сүйегін тұмар қылып тағамыз. Сосын от жағып, дұға оқимыз.

– Қандай? Біз дұға білмейміз ғой, - деді Бектас та қорқынышын қызығушылығы жеңіп.

– Мен білем. Түсімде қасиетті атаны көрдім, сол үйретті.

Қуанып кеттіңдер ғой, мәз болып. Содан бір кішкентай мақұлықтың қаңқасын таптыңдар. «Осы, бізге керегі осы», - деді Дамир жерден жеті қоян тапқандай.

Үшеуің әлгіні бөлшектей бастадыңдар. Бір-бір сүйек аздық етеді деп ойладыңдар, әрі тым қасиетті болғыларың келді, 2-3 сүйектен суырдыңдар. Суырғанмен қоймай, оны бір-бір сүйіп, маңдайға тигізіп, өздеріңмен алып келген жіпті алқа қылып байлап, мойынға тақтыңдар. Енді негізгі миссия қалды. «Құлыпта» не көп, шашылған қағаз, ағаш көп. Соларды бір бөлмеге жинап, тау қылып үйдіңдер. От жағып, бақсылардай бұлғаңдай бастадыңдар. Әр қимылды Дамир алдын ала айтып қойған. «Көздеріңді жұмып, селкілдей беріңдер», - деген. Ол болса, біресе күбірлейді, біресе сыбырлайды, біресе уілдейді. Дұғасы «қазір-ақ қабыл болып кететіндей» ерекше шабытпен оқылды.

Бір мезетте сырттан «Кім бар мында?» деп жанұшыра айғайлаған біреудің дауысы естілді. Селк еттіңдер. Көздерің ашылды. Түк көрінбейді. Бөлмені көк түтін басып кеткен. Дамирдің күбір-сыбыры, күрк-күрк жөтелге ұласты. Дем тарылып, көз қарауытты. Сырттан кіріп келген үлкен балалардың бірі отты өшіруге кірісті, екіншісі сендерді сыртқа алып шықты. Тыныстарың ашылып, кеуделерің кеңіп, аман қалдыңдар.

«Құлыптың» артқы терезесінен будақ-будак түтін шығып жатқанын ересек балалар көрмесе, ойындарыңнан от шығып, мойындарыңдағы тұмар түгіл, қасиетті ата да көмектесе алмас еді. Әй, Елеке, сол кезде ана жаққа кетіп қалсаң не болар еді, ә!? Тұмар демекші, тауып алған сүйектерің ешқандай да қасиетті аң емес, иттер талап, жарып тастаған кәдімгі мысықтікі екен. Әй, ішегім-ай, ішегім.

Елеке, екінші мың жылдық түгесілер тұста Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде тұрған кездерің есіңде ме? 6 жаста едің. Әкең қала сыртындағы ГРЭС-те жұмыс істейтін. Еңбекақы деген мүлдем жоқ, оның орнына қап-қап «рожки», консерві-консерві «килька» секілді тамақ өнімдері берілетін. Ал, анаңның жұмыс істеген-істемегені есте қалмапты. Бір білетінім – сен мектептің даярлық тобына баратын болып, анаң бір көйлек пен шалбар ала алмаған еді. Себебі ақша жоқ. Ақыры баяғы кездегідей бартер жасап, бірнеше келі күрішке әлгі киімдерді ауыстырып алды. Сол киіммен сен мектепке дайындала бастадың.

Пәтерлерің тоғыз қабатты үйдің ең жоғарғысында болатын. Барлық бөлменің терезесінен ГРЭС-тің мұржалары көрінетін. Көрінгенде де қол созым жерде тұрғандай, он қадам жасасаң болды, жетіп баратындай, өте жақын еді.

Үйде өзің жалғыз қалғанда терезеден телміріп, сыртқа қарап отырасың. Сондай сәттерде өте жақын болып көрінетін мұнараларға қызығатынсың. Аспанға будақ-будақ түтін атқан үш бірдей мұржа жақта өзге бір әлем, басқа бір мекен бардай сезілетін. Ал түнде мұржалар көрінбейтін, тек сол маңай жарқырап тұратын.

Бір күні Хасекең балға-шегесін алып, үй шаруасына қажетті құралдар жасап отырды. Сен қасына барып, күндіз түтін шығарып, түнде жарық шашып тұратын әлгі мұнаралар туралы сұрай бастадың.

– Ертең мен сізбен бірге барайыншы!, - деп жалындың. Әкең:

– Ол жер өте алыс, шаршайсың, - деген еді. Бірақ сен көнбей қойдың. Сөз «Ертең ертіп апарамын» деген уәдемен түйінделді.

Сонымен таң атты. Жұмысқа жиналған әкеңе сен де ілестің. Өзің күнде қызықтайтын мұржаларды қолмен ұстап, қажет болса, құшақтап, үстіне шығып, не кереметі барын өз көзіңмен дәл жанынан көрмексің.

Жолға шықтыңдар. Бірінші қадам, екінші, үшінші... Санай-санай өзің білетін сандарды тауыстың, ары қарай жаңылып қалдың. Әйтеуір жүре бердіңдер-жүре бердіңдер!

Әкең де, қиялың да алға озып кеткен. Барыңды салып тырысып, әкеңе ілескендей боласың. Ал, қиялың жеткізер емес. Бірі жанды, бірі жансыз сапарласыңнан бір қалып, бір жетіп зорға аяқ алып келесің.

Жүре-жүре шөлдедің. Әкең жолға алып шыққан судан ішкізіп, шөліңді басты. Жүре-жүре қарның ашты. Әкең дорбасынан анаң салып берген май жағылған нан жегізіп, тойдырды. Жүре-жүре шаршадың.

– Арқалаңызшы!, - дедің әлің құрып. Әкең үндемей ғана, арқасына мінгізді. Рахат болды. Содан саған тіл бітейін деді. Тағы да мұржа жайында сұрай бастадың.

– Үй жақтан жап-жақын болды ғой. Мұржалар неге алыстап кетті? Неге үлкейіп барады?, - дедің бойыңды өзіңе белгісіз күмән мен күдік жайлап алғандай.

– Балам, кез-келген үлкен нәрсе, алыстан кішкентай болып көрінеді, жақында тұрғандай болады.

Осы сөзді кеше де айтқан. Бірақ сен тыңдамай қойып едің. Енді ғана өзің ынтыққан, жанына барғың келген мұржаның тым алыста орналасқанын ұқтың.

– Сіз күнде осылай жаяу жүресіз бе? – Әкең жай ғана жымияды.

Ақыры, әкең біресе арқасына салып, біресе мойнына отырғызып, діттеген жерге жеткізді. Бірақ, ол жерге барған соң не көргенің, қандай күйде болғаның сенің де, менің де есімде қалмапты. Санаңда сақталғаны – жақын көрінген алыстағы мұнараға қызыққаның және соған жеткенше жол бойы азаптанғаның.

Елеке, осы оқиғаны ойласаң, арман деген – сол мұнара, ал мұнараға жеткенше көрген азабың, шаршап-шалдыққаның, шөлдеп, қарның ашқаны – арман жолы екенін түсінесің. Кезінде сол жолда саған әкең қолдаушы болды. Енді арман толы өмір жолында еңбегің мен ақылың ғана саған тіреу, сүйеу болмақ... Тек сәттілік!

Ал қазір қызың конструктордан мұнара жасап ойнайды... Сол мұнарасы биік, әрі берік болсын!

Осымен тоқтайын, әзірге... Хат иесі – саған және отбасыңа бақ-береке тілеуші Елөш балақай деп білгейсің. Келесі сырласқанша аман-сау, есен-түгел бол, Елеке!

Хат соңына қол қойылған.