Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма»: Құлын жүрек отаным деп сөйлейді...
136
оқылды

Бүркеншік аты: Kertobel

 

ҚҰЛЫН ЖҮРЕК ОТАНЫМ ДЕП СӨЙЛЕЙДІ...

(Мектеп оқушыларына арналаған патриоттық өлеңдер топтамасы)

 

ЕЛТАҢБА

Сүлейменнің мөріндей,

Абылайдың төріндей,

Солдан туған жұлдызы –

Хан Кененің кегіндей…

 

Аспан тұрған қалжырап,

Көкте – Тәңір, жалғыз-ақ.

Ойнақшиды қос бірдей,

Ай қанатты арғымақ.

 

Рухым тұрса тұралап,

Жанбас, мүмкін, сірә, бақ.

Оңнан туған жұлдызым,

Шаңырақтан сығалап.

 

Күнім күліп шығыстан,

Тәуелсіз жұрт туысқан.

Керегедей жайылып,

Уығымдай ұйысқан!

 

Бояуына шер тамған,

Жиегіне зер салған,

Қазақ деп, Елге ен салған,

Осы менің – Елтаңбам!

 

Намысымды жанитын,

Рухымды қаритын,

Алыс қалды баяғы,

Таңбаланған тарихым...

 

Ұлы дала пұшпағын,

Қолыма енді ұстадым,

Аулақ менен пәлекет,

Аулақ менен дұшпаным!

 

Сүлейменнің мөріндей,

Хан Кененің кегіндей,

Ен-таңбалы Елтаңбам –

Қазағымның тегіндей!..

 

Бояуына шер тамған,

Жиегіне зер салған,

Қазақ деп, Елге ен салған,

Осы менің – Елтаңбам!

 

ТУ

Тулайды қаным, өртеніп бойда от қайнап,

Отаным үшін от кешер ермін, шоқ шайнап.

Мен жермен жексен болып кетсем де өкінбен,

Сен төмен түспе, көк байрақ!

 

Қарсы алсын бізді ғасырлар, жылдар, жаңа күн,

Өшірмей сақтап ғұмырдың сусыл парағын.

Өшіп кетсем де өмірдің өгей есінен,

Сен төмен түспе, жалауым!

 

Бақ үшін кейде, ар үшін, кейде, тақ үшін,

Арманда кетті қаншама есіл, арысым.

Біздің де тағдыр таланға түсер, бірақ та,

Сен төмен түспе, намысым!

 

Әдіптеп тіккен оюмен зерлі жағасын,

Қыраны көкте қанатын еркін қағатын,

Оңынан күні жарқырап туған Елмін мен,

Сен төмен түспе, Алашым!

 

Көк түсті түнде, көгілдір аспан, ай нұрын

Серігім еттім, еркіндік – менің байлығым.

Көк туым менің – темір қазығым іспетті,

Сен төмен түспе, айбыным!

 

Ызғарлы жылдар, боранды түндер, өтті күн,

Көмейіме кеп тығылады енді кек бүгін.

Ар-намысымның байрағы болып желбіреп,

Сен төмен түспе, көк туым!

 

ӘНҰРАН

Естілді әуен шарықтап,

Оян, дала, қалалар,

Намысым құстай қалықтап,

Қолдай көр бізді, бабалар!

 

Еркіндіктің саз, әнін,

Бірге айтайық, қосылып.

Рухты боп Қазағым,

Көкке өрлесін осы жұрт!

 

Менің Елім, Отаным,

Көрсе де сан азапты,

Тастамапты ошағын,

Жоғалтпапты Қазақты.

 

Туған жерім, байтағым,

Қыран құсым – көктегі.

Еркіндіктің айт әнін,

Ұлығандай көкбөрі!

 

Темір құрсау, шынжырды,

Үзіп шыққан Елмін мен,

Көру үшін бұл күнді,

Мың тірілген ермін мен!

 

Ұмыт, мұң мен қайғыны ,

Шырқа осы әуенді,

Елім, жерім, байлығым –

Тек Қазаққа тәуелді!

 

Менің Елім – азат деп,

Қосыл қәне, ұранға.

Қазақ, Қазақ, Қазақ деп,

Әруақта, ұранда!

 

Естілді әуен шарықтап,

Қосыл, шырқа, ай, күнім.

Әнұраным қалықтап,

Асқақ болсын айбыным!

 

ТУҒАН ЖЕР

Қош айтысып ауылға,

Арман қуған шағымда,

Айналдың да сағымға,

Сағындырдың, туған жер!

 

Еске түсіп белдерім,

Қыраттарым, дөңдерім,

Кіндігімсің сен менің –

Ажырамас туған жер!

 

Қанаттары ұшталған,

Биік ұшқан құстардан,

Досымнан да дұшпаннан,

Сәлем айттым, туған жер!

 

Балалық шақ кезімді,

Ойлай-ойлай көз ілдім,

Ата-бабам өзіңді,

Мекен еткен, туған жер!

 

Мейіріндей анамның,

Алақанын даламның,

(Ыстық жасын жанардың,)

Қайдан табам, туған жер?!

 

Сәби шағым сенде өткен,

Әлдилеген жөргектен,

Басік жырмен тербеткен,

Бесігімсің – туған жер!

 

Жасым парлап көзімнен,

Айырылып төзімнен,

Ең аяулы сезіммен,

Сағындым сені, туған жер...

Сүйемін сені, туған жер!

 

ТУҒАН ЕЛ

Ассам дағы сан соқпақ пен белден көп,

Өтсем дағы сан асу мен шөлден көп,

Туған Елім, сенің махаббатыңдай,

Еш бір жылу көргем жоқ!

 

Қиналсам да кей сәттерде жабығып,

Жалғыздықтан қалғанда да қамығып,

Талғамымды тайдырғанда тағылық,

Сені іздедім, туған Елім, сағынып...

 

Сонда маған құшағыңды аштың сен,

Балапандай бауырыңа бастың сен...

Еңіреген мұңым менен зарымды,

Өксігімді үнсіз тыңдап жаттың сен!

 

Жұбатпадың, ез болар деп ұлыңды,

Содан кейін желбіреттім тұлымды,

Жүйірік пен арғымаққа тең қылдың,

Бір кездегі жетімектеу құлынды...

 

Туған Елім, сенсің менің қадырым,

Өзің үшін намысты отқа жаныдым,

Қызметіңе жарамасам егерде,

Өтелмейді перзенттік парызым...

 

Ассам дағы соқпақтар мен белден көп,

Өтсем дағы асулар мен шөлден көп,

Қазақстан – туған Елім, дәл сендей,

Ешбір Елді көргем жоқ!