Қазақы қарасөздің шебері, кең пайымды далалық түсініктің білгірі, өз қоғамының өмірін әдеби тұрғыда өлшеуші Бейімбет Майлиннің туғанына биыл – 130 жыл.
Сырлы суреткер
942
оқылды

ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті сол дәуірдің саясатын, алып империя ықпалының құл­дыр­ауын, феодалдық үрдістің құл­ау­ын, ішкі ықпалдың дүмпуі­нен күш алған жаңа үкіметтің төңкерісін, жылға жетпеген уа­қыт ішінде билік басына келген үш үкіметтің алма-кезек ауысуын өз қалпында жазумен ерекше­ленеді.

Бейімбет Майлин шығарма­ларына Қостанай атырабы, арна­сы толған Торғай-Тобылдың таса­сы мен ағысы баяу «Аят» өзені жағалауына қонған жұрттың тір­шілігі арқау болды. Осы бір үш өзен­нің сағасына жиналған ауыл адамдарының аңғалдығы, сен­гіш­тігі, күнәмшілдігі бүтін қоғам­ның бейнесі іспетті. 

Әр қоғамның тұрақты қалып­тасқан саяси-әлеуметтік, саяси-экономикалық, мәдени-рухани өмірінің дағдыларына, табиғи құбылыстардан тұратын тағдыр­ы­на түрлі өзгерістің енуін, жаңа қоғамның ауытқуы мен толқу­ларына, заңды қағидаларына, кешегі өткен мен нақ бүгінгі тал­аптың айырмашылығына, артық­шылығына назар салып, айна-қатесіз баяндайтын сурет­кері бол­ары заңдылық. Суреткер, яғни қаламгер – сол дәуірдің қал­ыпты келбетін, тұрақты не тұрақ­сыз тұрмысына баға беруші, әде­би өлшеуші, әдеби сарапшы, әдеби зерттеуші, әдеби безен­діруші қызметін атқарады. Сурет­кер-жазушы, ол – Бейімбет Май­лин. Суреткер-драматург, ол –Бейімбет Майлин. 

Бейімбет Майлин ХХ ғасыр­дың басындағы терең толқулар мен тартысқа толы төңкерістердің шындығын, тұрмыстың ауырлы­ғын, тағдырдың тауқыметін әдемі тілмен, көркем оймен жаза білді. Қуанышынан қайғысы басым дәуірде жазушылықтың аса маңызды тарауы драматургия бол­ды. Қазақ драматургиясының да бастауы осы ғасырдан тамырлан­ған. Жазушының шынайы кейіп­керлері шын сөз, шын оқиға, тың идеялармен туды. 

Проза – қазақ әдебиетіндегі көркем тілдің көкжиегі. Бейімбет Майлин прозалық туынды­лар­ындағы бейнелердің өміршеңдігі – қоғам мен адамның арасын­дағы байланыстың бір жүйеде қабысуы. Б.Майлин прозадағы көтерілген тақырыптарға талан-таражға түскен қияңкес қоғам, гуманистік идеяға құрылған оқи­ғалар, ескіліктің сарқыншағы – құлдық, теңдік, бостандық көрін­іс­тері арқау болды. Би-аға шы­ғар­ма­ларындағы кеңестік нату­рализм – дәстүрлі және ұжымдық ауыл өмірі арқылы баяндалды. 

Әдебиеттің қайнар бұлағы – сөз өнері. Сөз – әдебиеттің темір­қазығы. Би-аға сөз шындығын қиялдан емес, өмір шынайылы­ғынан тудырды. Сол шындығы үлкен суреткерлікке жетеледі. Бейімбет Майлин осы суреткер­лік тұжырымға сай қазақ әдебиеті айдынында аянбай еңбек етіп, бағасы құнды, жарасы әр қоғамда талқыға түсетін шығармалар қал­дырды. Жазушы-драматург шы­ғар­маларындағы кейіпкерлер психологиясы – жаңа үрдістің қал­ып­тасуын мойындай алмай­тын, іштей тұншыққан жарым жан­дар мен жаңа кезеңнің тәрті­бін орна­тушылардың арпалысы. Әдебиет­тің сан тараулы түрінің бірі – жанрлар: проза, әңгіме, драма, фелье­тон, сатира, әзіл-сы­қақ­­қа тән туындылардың таби­­ғатын аша білді. Жазушы өзінің драма­лық шығармалар­ында оқиғаларды байланыс­тыру­шы, болған жайтты әдеби құрас­тырушы әрі оқиға­ларды ғаламат шиеленістіруші. Ол – адам таби­ғатын терең білуші. Адамның ішкі жан-дүниесіне үңілуші. Әдеби кейіпкерінің жан сарай­ына сырлас бола білді. Жал­ғыз мұңдасы да сол жазушы. Би-аға кейіпкер жыласа жұбату­шы­сы, күлсе қолдаушысы болды. Қатал тағдырдың тауқыметіне таланған, тар жолда кеңдік тап­па­ған кейіп­керінің қорғаушы қызметін қатар алып жүргені әрбір шығарма­сында сайрап тұр. 

Суреткер – поэзияда сұлу саз­ды сөз құраушы. Прозада көркем тілді өрнектеуші. Фельетонда фан­тазияға бай. Сатирада сапыр­ы­лыс­қан сөз сайысқа емес, ашық қоғамның ащы шындығын мыс­қылмен мақұлдап, түйдек оймен түйреп, санаға салып отырды. Би-­аға салмақты сатира­сында сая­си-әлеуметтік кейіп­керлердің ұс­танымын, ұтқыр ойларын, екеу­ара диалог­терін, оқиға құрылы­сын, қалпы бұзыл­ған қоғамның тынысын келістіре жазды. 

Би-ағаның тағы бір қасиеті – музыкалық қабілет дарыған дара тұлға. Сөз саптауында, сөз құрау иірімдерінде әдебиетке тән сазды әуен бар. Оның табиғатпен үнде­с­уі, табиғаттың тілін білуі, таби­ғаттағы құбылмалы кезең­дер­ді мүлтіксіз тануы әрбір туын­дылар­ында анық білінеді. Сурет­кердің қаламынан шыққан әрбір шы­ғар­­ма ойы терең, тілі таза, боя­уы қан­ық, дерегі анық – образ­дар арқылы сол кезеңнің тынысын танытты. Сөз сұлулы­ғын талап ететін, тартымды образ­дар мен шын­айы оқиғалар­ды көркем тіл­мен жеткізу мақса­тын ұстанған Бейімбет Майлин өз дәуірін сипа­т­­тауда ерекше еңбек етті. Бейім­бет Майлин еңбегінің айғағы ақпар­атта да айқын білі­неді. Ол өз зам­аны­ның ақпаратын лезде жария­лаушы, таратушы. Қазақтың маңдайалды газеті «Ауылдың» таралымы мен тира­жының басым болуына бір Мыр­қымбайдың образы теңдесіз үлес қосты. Ал жазу­шының Ыбыр­айы – басына қонған не бағы, не соры бүгінмен үндес кей­іп­кер. Публицист-жазушы Бей­імбеттің Мырқымбай, Ыбырай, Қырым­бай әрекеті сол дәуірдің тыныс-тіршілігі мен бол­мыс-бітімін мүлтіксіз баян­дады. 

Бейімбет десек, әдебиеттен есі­мізге Қырымбай қырсықтығы, Мұқыш, Ыбырай, Мырқымбай маңғаздығы оралады. Бейімбет десек, экраннан батыр Амангел­дінің мергендігі, театр сахна­сынан хас батыр Жалбырдың ерлігі ора­ла­ды. Бейімбет Майлин – қазақ­тың театр өнері мен кино саласы­ның өркендеуіне сүбелі үлес қос­­қан драматург. Би-аға театрға арналған көптеген пьеса-либре­тто жазды. Жалпы, бізге жеткені – 23 пьеса, оның ішінде ізденіс пен зерт­теулер арқылы табылғаны – 16 пьеса. 

Бейімбет шығармашылығына қызыл қырғыннан соң қайта та­быс­тырған, мақалаларына, әңгі­ме­леріне талдау жасап, еңбек­терін ғылыми зерттеп, жоғын түгенде­ген жазушы, профессор, ғалым, гуманитарлық ғылым­дары­ның академигі Тоқтар Бей­іс­құлов екенін еске түсірген ар­тық емес. 

Сахнаның өлшеміне дөп түсер Досан, Есімбек, Сарымсақ, Жалбыр, Елемес, Жамақ, Таң­сық, Жамантік, Талтаңбай, Сейпен, Тұтқыш, Жамал, Пүліш, Шермек образдары – бүгінгі біз іздеп жүр­ген тақырыптың шешу­ін түбінен қозғар кейіпкерлер. Тынысы кең, тіршілігі тар тағ­дыры шерге толы кейіпкерлері осы күні арамыздан да табылады. Бұл драмаға тиесілі тәсіл ғасыр­лар үндестігі әрі жазушының үлестіре білгенінде. Пьесалар­дағы көтерілген мәселе­лер – адамның өмірі, адамның күресі. Бейімбет Майлин драма­лар­ындағы басты шиеленіс, ол – адамның тебіренісін оятқан тең­дік пен құлдық, еркіндік пен бос­тан­дық, бақ пен тақ, бағыну мен ба­ғыныштылық, сатқындық пен адалдық көріністері. Би-аға өзінің драмаларында зарлы әйел­дің запыран сөзін, долы келіннің ащы зарын, адуынды ененің кесел мінезін, сұлу қыздың сым­батын сөз әрекетіне сай сурет­теген. Ер­кектің мінезін – барына қанағат, жоғына сабыр ететін жұмсақ мінез иесі етсе, кейде бай­­дың батырма­сына көндіккен кедейге араша болған, батырақ­тың балағына жармасқанды арқасынан сабаған өркөкірек образдар мен саналы ойда бола­тын, ескі мен жаңаны саралайтын парасатты кейіпкер­лері арқылы жеткізді. 

Осы күні саны көп, сапасы ай­тарлық, көркемдік деңгейі сана­­суға тұрарлық сахналық шы­ғар­­маларының көпшілігі қазақ театрлары сағасында сығалаған күйі қалып барады. Десек те, қа­зақ драматургиясының алтын қоры­нан орын алған Бейімбет Майлиннің шығармаларын бұл күнде қазақ театрлары сахнала­мауының себеп сыры неде екен? Тәуелсіздік жылдарынан бері Май­линнің санаулы пьесалары сахналанды. Осы біздер Би-аға­ның пьесаларын сахнаға сый­дыра алмай жүрміз бе, әлде сый­дыртпай жүрміз бе? Қазақ театр өнеріне кеңдік жасаған, алып бәйтерек Би-аға драматургиясына кемдік жасап жатқан жоқпыз ба?

«...Театр кітабына бірінші жазғаным «Неке қияр», «Жат са­бақ» дегендер еді. «Жат сабақты» ар­тынан өзгертіп, «Шаншар мол­да» деп атадым...» деген Би-аға­ның адам психологиясына тән қыңыр мінез, ашкөз пенде қылы­ғын талғам тәсілімен жазған сал­мақты сатирасы, халықтық театр­лар мен халықтың сағымына айна­лған «Тамаша» ойын-сауық отауларында жылт еткені болма­са, кең көлемді театр сахналары­нан жарқ етпеді. 

 Жазушы-драматург Бейімбет Майлин өзі жазған «Жалбыр» пьесасы туралы былай деп жаза­ды: ...«Мен пьесада 1916 жылдың таптық көтерiлiсiнiң сырын ашу­ға тырыстым, езiлген, қанауда келген кедей, батырақ көпшiлi­гiнiң қол ұстасып патшалыққа, патшаға арқа сүйеген бай-болыс­тарға қарсы шын ашынып, май­дан­ға түскенiн суреттемек бол­дым. Жалбыр дейтiн кiсi бұрынғы Қостанай уезi Дамбар болысын­дағы кедей едi. 1916 жылғы көте­р­iл­iсте осы кiсi бастап атқа мiндi. Қостанай уезiнiң бiрнеше болыс­тары бiрiгiп, Торғай уезiндегi Аман­гелдi көтерiлiсiне атсалыс­пақшы болды...». Өз дәуірінде теңдесіз бұл туындыны осы күн­дері іздеп жатқан сахнагерді көре алмадық. Асылында, жай күндері жазушының шығармашылығын насихаттау баяу жүреді де, мерей­лі тойы қарсаңында аста-төк той­дың жоспарлары құрылып, артынан жоспарлардың аяқсыз қалғанын түсінбей жатамыз. Мерей­лі той аясында Би-аға ту­ра­лы 45 сериал­ды деректі фильм түсіру, кітапха­на­ға атын беру, музей құру, шығар­ма­ларын сах­на­лау мәселелері айтылады. Орын­далғандары – әңгімелерінен екі кино түсірілді («Қыр әңгіме­лері» режиссері Д.Мана­баев, 1974 ж, Д.Саламат­тың «Талақ» фильмі 2024 ж.), әңгі­мелер желісінен «Кім кінәлі» (әзір­леген – С.Тұр­сынбекұлы, 2016 ж.) сахналық нұсқасы әзір­ленді, Би-ағаның өмірі мен қыз­метіне арналған «Қаламгер» (режис­сері – Ә.Бай­махан 2019 ж.) спектаклі сахна­ланды. Қостанай облысының бұрынғы Таран ауданы қазір Б.Майлин ауданы деп өзгертілді. Бұл атқарылған жұмыстар көп пе, әлде аз ба?!

Ұлт үшін қайраңдаған қайық­тай күн кешкен қазақтың үш бәйтерегі – Бейімбет Майлиннің «Жалбыр», «Майдан», «Шұға», Ілияс Жансүгіровтің «Кек», «Түрк­сіб», «Исатай-Махамбет», Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқар­лар», «Бақыт жолында» пьесалары 130 жылдық мерей тойында сахна­ланбаса, қай мер­ей­тойында сах­на­лаймыз?!

Самат АЛТАЕВ,

Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан

университетінің магистрі