Бүгінде жасөспірімдер арасында суицид деректері жиілеп кеткені жасырын емес. Әсіресе, балғын шағында өмірін қиюға бейім тұратын балалардың әрекеті тұтас қоғамды алаңдатып отыр.
Жасөспірімдердің жұмбақ өлімі
424
оқылды

Билік басындағылар жасөспірімдер арасындағы ажал құшу статистикасын бүркемелеуге тырысқанымен, кейбір жағдайларды жасыру мүмкін емес. Міне, сондай қайғылы оқиға жуырда Жамбыл облысы Байзақ ауданында болды. Ал санаға салмақ салатындығы екі бірдей жасөспірімнің өз-өзіне қол салу себебін ешкім түсіндіріп бере алмауда.

Тұрғындардың төбе шашын тік тұр­ғызған қайғылы оқиғаларды тар­қатып айтсақ, 25 қазан күні Бай­зақ ауданы Түймекент ауылында 15 жа­сар жасөспірім көше басындағы мұ­нарадан асылған күйі табылады. Мар­құмның мәйітін інісі көше бойын­да кетіп бара жатып көрген. Ал келесі күні дәл осы көшенің 16 жас­тағы оқушысы өзінің қорасында өлі күйі анықталған. 

Өз-өзіне қол салған жастардың көр­шілерінің айтуынша, екі жігіт те көпбалалы отбасынан шыққан. Екеуі дос болып, Ғазиз Байтасов атын­дағы тірек мектебінде бір сы­нып­та білім алған. Алайда алғаш ажал құшқан жасөспірім Тараз қа­ла­сындағы Парасат колледжіне оқу­ға түсіп, оқуын облыс орта­лы­ғын­да жалғастырыпты. Бірақ дос­тар бір-бірімен байланысын үзбей, күн­делікті көрісіп жүрген. Бірінші бала мұнарадан өлі күйі табылғанда екінші досы оның жаназасына да қатысқан. Досы көз жұмған күннің ертесіне екінші баланың да өз-өзіне қол салуға не түрткі болғанын еш­кім түсіндіре алмауда. Бір анығы, суи­­­­цидке бармас бұрын балалар дос­тарына дауыстық хабарлама жі­берген екен. Онда жасөспірімдер өз­дерін әлдекімнің күштеп алып ба­ра жатқанын, көмек беруін сұ­раған көрінеді. Дауыстық ха­бар­ла­ма­ны естігендердің сөзіне сенсек, екі баланың да дауысы өз дауысына ұқ­самапты. Бейне бір бойын жын би­легендей үндері қарлығып, есі ауыс­қандай күйде болыпты. Қазір тергеу амалдарының құпиялығына байланысты барлық аудио жазбалар тәркіленіп отыр. Алайда алғашқы күні аудионы тыңдағандар әлі күнге бойын әлдебір қорқыныш пен үрей билеп тұрғанын айтады. 

– Көз алдымызда жүрген бала­лар еді. Өте тәрбиелі, көпбалалы от­­­­­ба­сынан шыққан. Ешқандай қиын­­­дық көрді дей алмаймын. Ақ­жар­қын, тай құлындай бір-бірімен те­­бі­сіп өскен балалар болатын. Мек­­­тептегі сабағынан да қалмай­тын. Ата-аналарына әрдайым жәр­демдесіп жүретін. Мұндай қадамға ба­­лаларды не итермелегенін түсіне ал­маймын, – дейді марқұмдардың көр­шісі Дәулетқұл Молдабеков. 

Ал тәртіп сақшылары тергеу амал­дарына байланысты оқиғанын мән-жайын әлі ашып айтқан жоқ. Тек «Өзін-өзі өлтіруге итермелеу» ба­бы бойынша қылмыстық іс қоз­ғалғанын баян етті. 

«Аталған фактілер бойынша Бай­­зақ аудандық ішкі істер бөлі­мі­нің қызметкерлері сотқа дейінгі тер­геу амалдарын бастады. Оқи­ға­ның егжей-тегжейлі мән-жайын анық­тау үшін қажетті кешенді тер­геу шаралары жүргізіліп жатыр. Екі оқи­ғаның бір-бірімен байланысы жоқ, олар бір-біріне туыс емес», – деп мәлімдеді Жамбыл облысы ІІД бас­пасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Ал Жамбыл облыстық Білім бас­­­қар­ма­сы қайғылы оқиғаны жіті тек­серу үшін арнайы комиссия құ­рылғанын хабардар етті. 

«2024 жылдың 25 қазан күні Бай­зақ ауданы Түймекент ауылы­ның тұрғыны «Парасат» коллед­жі­нің 1-курс студенті және 26 қазан кү­ні аталған елді мекеннің тұрғыны Ғ.Байтасов атындағы тірек мек­те­бі­нің 11-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсаған. 

Аталған екі факт бойынша оқыс оқиғалардың мән-жайын анық­тау мақсатында облыстық дең­г­ейде жұ­мысшы тобы құрылды. Оның құра­мы­на Жамбыл облысының Білім бас­қармасы, Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті, Бала құқығын қор­ғау жөніндегі уәкіл, облыстық про­куратура, облыстық Полиция де­пар­таменті, облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасы, облыстық Пси­хо­логиялық қолдау орталығының өкіл­­дері кірді. Жалпы, жұмыс то­бы­на 41 қызметкер жұмылдырылды. 

Жұмысшы топ бірінші кезекте атал­ған отбасыларға барып, психо­ло­гиялық қолдау көрсетті. Түйме­кент елді мекеніндегі орналасқан мек­тептердің ата-аналарына ауто­дес­труктивті мінез-құлықтың ал­дын алу мақсатында мекен-жай­лар­ды аралау арқылы психо­­ло­­гия­­лық ал­дын алу және кеңес беру жұмыстары жүр­гізілді. Білім беру мекемелерін­дегі психологиялық қызметті ұйым­­дастыру жұмыстары зерде­ленді. 

– Аталмыш оқиғаларға бай­ла­ныс­ты жасөспірімдердің әлеуметтік же­лілердегі парақшаларына қо­сым­ша зерттеу жұмыстары жүргізі­ліп, күдік тудырған жазбалар бойын­ша тал­дау жасалып, тиісті жұмыстар ат­қарылуда. Аталған фактілер бойын­ша ҚК-нің 105-бабы 3-бөлігі бойын­ша іс қозғалды, – делінген рес­ми хабарламада. 

Түймекенттіктердің айтуынша, бірінші бала өлі табылған мұнара жастар арасында кең танымал екен. Оның қоршалған аймағына кіру де оңай көрінеді. «Егер осы мұнараны дұрыстап қоршап қойса, жастар да бұл жерге үйір болмас еді», – дейді тұрғындар. 

Қайғылы оқиғаларға байланыс­ты қазір халық арасында түрлі бол­жам бар. Біреулер «балаларға бәл­кім әлімжеттік көрсетілген шығар» десе, енді екіншілер «жасөспірім­дер­дің бойын жын байлаған» деген пайым жасауда. Оған себеп те жоқ емес. Екі жігіттің араға күн салып өз-өзіне қол салуы былай тұрсын, кө­мек сұраған аудио жазбасы да са­наны сан-саққа жүгіртуде. Сон­дай-ақ ел ішінде қаза болған бала­ның бірінің туысы да суицид жасап дү­ниеден өткені айтылуда. Енді оның ақ-қарасы тергеу амалдары­нан кейін белгілі бола жатар.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы