Таяуда қазақ театр өнерінің ру­хани қазынасы кезекті жаңа туындымен толықты. Алматы шаһарында орын тепкен мәде­ниет ордасы Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сағызбай Қара­бали­ннің 70 жасқа толған мерейтойына орай апталық ұйым­дастырылған еді.
Бекзат болмыс иесі
546
оқылды

Апталық аясында сәулелі ғұмы­ры­ның жарты ғасырға жуық уақытын өнерге арнаған театр саңлағы, Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі Сағызбай Қарабалин шығарма­шылығына арналған «Бекзат болмыс иесі. Масадан корольге дейін...» атты зерттеу кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Өнерді қадір тұтатын оқыр­манына жол тартқан аталмыш еңбектің авторы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясының оқытушысы, театр­тану­шы – Бейбіт Әлкеева. Еңбекте актердің шығармашылық әлемі театртанушылық және тұлғатаным­дық тұрғыда қарастырылып, сурет­кердің жеке қолтаңбасы мен бекзат болмысы зерттелді. Театр тарихын­дағы айтулы күнге Сағызбай Қара­балиннің замандастары мен әріп­тестері, театр майталмандары ар­­на­­­йы келіп, автор мен мерейтой иесіне ақжарма тілегін жаудырды.

Зерттеу кітабының тұсауы ке­сіліп, көпшілікке ұсынылған соң туынды авторы Бейбіт ханымды сұх­батқа тарттық. Автор кітапты жазу барысында жылдар бойы сахнадан түспей, өнерді өрге сүйреп жүрген өнер иесінің ішкі болмысын зерде­леуге тырысқанын, осының арқа­сында оның тұлға ретіндегі бей­несі тереңдей түскенін алға тартты.  

– Қазіргі театр кеңістігінде ак­терлік өнер – ең маңызды аспек­тілердің бірі. Сағызбай Қарабалин – өмір бойы сахнадан түспей, әр күнін өнерге арнаған актер. Дәл қазір оның шығармашылығы одан сайын жарқырай түскен уақыт деп есептеймін. Актер осы күнге дейін Мүсірепов театрында ғана емес, өзге де театрларда, сондай-ақ кино әлемінде де көрініп жүр. Бұл кітапты жас театртанушы ретінде осындай бір тұлғаның өмірі мен өнерін қағаз бетіне түсіріп, көзі тірі кезінде батасын ала отырып жазу мақсатым болды. Сондықтан мен бірден жұ­мыс­қа кірістім және мүм­кін­дігінше оның шығармашылық жолына тереңінен зерттеу жүргізуге тырыс­тым. Шын мәнінде актерлік өнер үлкен ізденісті талап етеді. Өнерге қадам басқысы келетін әрбір оқыр­ман зерттеу кітабын ашса, тұл­ғаның болмысын таниды, сонымен қатар актерлік өнерді игергісі келген адам өзіне керегін алады деп ой­лаймын, – дейді ол.

Автор актердің өмірі мен өнер жолын кітап ретінде басып шығар­ғанға дейін Сағызбай Қарабалин шығармашылығын бес жылдан аса уақыт бойы зерттеп келгенін айтады. Сөз соңында Бейбіт Әлкеева жарық көрген кітап зерттеу жұмысының соңғы нүктесі болып қалмайтынын, ізденіс әрмен қарай жалғасын таба­тынын атап өтті.

– Актерді зерттеу үшін оның туған жері, өскен ортасы, шырағын жаққан ұстаздары немесе жүрген ортасын ғана білу аздық етеді. Өнер иесін зерттеу үшін оның шын мәніндегі болмысын зерделеу қажет. Оның болмысы қандай? Өзі қанша талантты мойындады? Өзін қанша мықтыға мойындатты? Мен Сансыз­бай атаны зерттеу барысында ең алдымен өзімен сұхбат құрып, өмір жолын тыңдағым келді. Ең қызығы мен қиыны да сол – Сансызбай ата өзін мақтамайтын аз адамдардың қатарында. Сұхбат барысында өзі жайлы айтатын сөзінен гөрі «біз» деп басталатын әңгімесі көп болды. Онымен қоса, өзінің замандастары, ұстаздары және әріптестері туралы естеліктерді көбірек бөлісті. Шығар­машылық жолын тоқтатпай, күллі ғұмырын театр өнеріне арнау, көрген қиындық пен биік белесті артқа тастау – тек терең, интеллектуалды актерлердің бағына бұйыратын бақ. Осындай актердің өмірі мен өнер жолын кітап ретінде жазу – мен үшін үлкен мәртебе және ауыр жауапкер­шілік. Сағызбай Қарабалин әзірге шығармашылық жолында «тоқтай­тын» актер емес. Күн сайын жаңа қойылымдарда көрініп жүр. Театр кеңістігінде мұндай актерлер көп деуге келмейді, – деп сөзін түйіндеді театртанушы Б.Әлкеева. 

Апталықта Сағызбай Қарабалин басты кейіп­керлердің рөлін сомдай­тын «Король Лир» (авт.: У.Шекспир, реж.: Ф.Молдағали), «№37» (авт.: И.Иман, реж.: Ф.Молдағали), «Мәм­лүк. Сұлтан Бейбарыс» (авт. ж/е реж.: Ф.Молдағали), «Құлагер» (І.Жансүгіров, реж.: Ф.Молдағали), «Баянсыз бақ» (авт.: В.Дельмар, реж.: Ф.Молдағали) қойылымдары сахналанды.

Қазақ театр сахнасында қайта­лан­бас рөлдерді сомдап жүрген Сағызбай Қарабалиннің қоржынын­да бір-біріне ұқсамайтын әрқилы об­раздар бар. Бүгінде актер театр сахнасында ғана емес, отандық киноиндустрияда да өнерін паш етіп келеді. Соның ішінде «Алпыстан асып барамын», «5.32», «Жат ба­уыр-2», «Жел тоқтаған жер», «Слово офицера», «Күй ғұмыр», «Жезтыр­нақ», «Сәке 2», «Ва банк», «Слепой эстошник» және т.б фильмдер мен телехикаяларда ерекше рөлдерімен танылды. Сағызбай Қарабалин – еңбек жолын Қазақ мемлекеттік қуыршақ театрынан бастап, С.Қо­жам­құлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры, Атырау облыстық Махамбет атындағы Қазақ драма театрында жалғастырып, 2004 жылдан бері Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған театрда актер ретінде қызмет етіп келе жатқан табиғи талант иесі.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, 

Алматы қаласы