Америка өз таңдауын жасады. Америкалықтар Ақ үйдің де, Конгрестің де тізгінін Республикалық партияға табыстады, Де­мо­кратиялық партияны басшылықтан аластады.
Трамп Американың жаңа тарихын жаза ма?
1,338
оқылды

Сарапшылардың пайымдауынша, мұның бір салдары болады. Бірақ ол салдардың қандай болатыны әзір белгісіз. Өйткені АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп ешқандай сайлауалды тұғырнамасын ұсынбады.  

Бүкіл билік бір партия қолына көшті

Атлант мұхитының ар жағын­дағы супердержавада 5 қарашада өткен президент сайлауының қорытындысы енді белгілі бол­ды. Бұл жерде басты әңгіме дауыс берудің ақырғы нәтижесінде емес. Айтпақшы, билік басындағы Де­мо­кратиялық партияның үміткері, іс басындағы вице-президент Камала Харрис таңдаушылардың 226-сының, оның қарсыласы, Рес­публикалық партияның канди­даты, экс-президент Дональд Трамп 301-інің дауысын жинады. Жеңіске жету үшін 270 таңдаушы қолдаса да жеткілікті.

Бұл ретте Харрис ханымды 69 млн 86 мың 766 қарапайым аме­рикалық сайлаушы (47,7%), ал Трампты  73 млн 417 мың 986 сай­лаушы (50,7%) жақтап, дауыс бер­ген. Сөйтіп, Дональд Трамп таң­дау­шы­лардың да, сайлаушылардың да басым дауысын иеленіп отыр.

Мұндағы басты қорытынды – Республикалық партияның айқын жеңісінде де емес. Бұл сайлауда Камала Харрис қана ұлы бәйгеде шаң қауып қалғанда, саясаттану­шылар, партиялық жетекшілер және басқасы жеңіліске жеке соны ғана кінәлайтын еді. Алайда бұл жолғы додада 2018 жылдан бері алғаш рет Республикалық партия Сенатта басымдыққа ие болды. Өйткені ол Огайо мен Батыс Вир­джиния штаттарында жеңді: Се­нат­та енді Огайо атынан демократ Шеррод Браунды республикалық Берни Морено, ал Батыс Вир­джиния атынан қазіргі сенатор Джо Манчинді республикалық Джим Джастис ауыстырады. 

Республикалық партия бұған дейін Конгрестің Өкілдер пала­тасын өз бақылауына алған бола­тын. Нәтижесінде, республика­лықтар әлемдегі №1 державаның барлық тізгінін – атқарушы, заң шығарушы биліктерін уысына түсірді. Сот билігінде, Жоғарғы сотта да республикалықтардың қа­тары басым. Осылайша, канди­даты ғана емес, бүкіл Демократия­лық партия жаппай жеңіліске ұшы­рап, оппозицияға кетті. 

Ақ үйді, Сенатты, Өкілдер палатасын қатар қанжығалаған республикалықтар кең өкілеттікке ие болып, ең басты күшке айналды. Ол бұдан былай ешкімге қарай­ламай, президент Трамптың күн тәртібін емін-еркін ілгерілетеді, қалаған заңын қабылдайды. Аме­рикалықтардың демократтардан көңілі қалғанын мынадан да байқауға болады: Огайо штатында элитаға беделі жоғары сенатор Браунды колумбиялық иммигрант, бұрынғы көлік сатушы Морено жығып кетті. Өзін халық өкілі ре­тінде ұсынған республикалық Бер­ни Морено азуы алты қарыс Шеррод Браунды бар жерде мазақ етіп, әбден құнын түсірді. Қос саясаткердің күресі АҚШ тари­хын­дағы ең қымбат сенаторлық бәйгеге айналды. Демократтардың аяусыз ақша шашуы нәтиже әпер­меді. Батыс Вирджинияда жеңіс тұғырына көтерілген Джим Джас­­тис бұған дейін демократ болған, одан көңілі қалғанын мәлімдеп, 2017 жылы Трамп жақтаушы­ларының қатарын толықтырды. 

Өткен сейсенбіде Сенаттың 34 мандаты «ханталапайға» салынды. Онда республикалықтардың шоқ­тығы биік болды. Демократтар арасынан Мэрилендте Энджела Олсобрукс танымал республика­лық Ларри Хоганды қапы қал­дырды. Делавэр штатында Кон­грес­те үш мерзім қатарынан отырған демократ Лиза Блант Рочестер қайтадан алдына қара салмады. Осының нәтижесінде Америка тарихында тұңғыш рет бір мезгілде 2 қара нәсілді сенатор бо­лады. Бұған дейін тек бір сенатор­дан болды. Нью-Джерси атынан АҚШ тарихында тұңғыш рет корей өкілі – демократ Энди Ким сена­тор болды. Өкілдер палатасында да тарихи оқиға: АҚШ тарихында алғаш рет трансгендерлік әйел (Сара Макбрайд) конгрессмен атанады. 

Вашингтонды «тілсіз жау» жайлай ма?

Трамптың жақтастары сайлау­ал­ды тұғырнама орнына «2025 Жобасын» ұсынды. Бастапқыда бұл кітап «Американы құтқару үшін Вашингтонды өртеу!» (Burning Down Washington to Save America) деп аталды. Саясаттанушы Алекс Шепардтың айтуынша, кейін Трамптың кампаниясымен байланысының күшеюіне орай тақырыбы «Американы құтқару үшін Вашингтонды қайтарып алу» (Taking Back Washington to Save America) деп жұмсартылды. Дегенмен онда бәрібір FBI, Әділет министрлігі, басқа мекемелерді, либералды университеттерді жою, АҚШ-тың федералдық үкіметі функция­ларын жеке секторға беру ұсынылған. Трамптың өзі бұл қуғын-сүргінді «батпақты құрғату» деп атады. 

«2025 жобасында» айтылғанды құптаған Д.Трамп оны орындау үшін бір күнге диктаторлық уәкі­лет­тіктерге ие болатынын, бұрын­ғы биліктің белді өкілдерін, соның ішінде Байден мен оның баласын тұтқындауға әскер жіберетінін ай­тып, қорқытты. «2025 Жобасы» және Трамптың мәлімдемелері негізінде Голливуд Civil War (Аза­маттық соғыс, прокатқа «Падение империи» деген атпен шықты) сияқ­ты «фильм-катастрофа» жан­рын­да қаптатып кино түсірді. Сай­лауалды үгіт кезінде Дональд Трамп­қа жасалған қастандық үрей бұлтын қалыңдата түсті. 

Сайлау артта қалды, бір жақ­сысы, көп күткен апат болмады. Бұл доданың басты әрі маңызды қорытындысы да осы болса керек. Камала Харрис 6 қараша күні қар­сы­­ласына өзі хабарласып, оны жеңісі­мен құттықтады. Кеше NBC News-ге сұхбат берген Дональд Трамп Байденмен де жап-жақсы әңгіме-дүкен құрғанын айтты.

– Сайлаудан кейін Украина президенті Зеленскиймен телефон арқылы тілдестім. Владимир Пу­тин­мен сөйлескен жоқпын, менің ойымша, әлі сөйлесеміз онымен. Сәрсенбінің таңынан бері әлемдік 70 шақты лидермен әңгімелесіп үлгердім. Президент Джо Байден, вице-президент Камала Харрис қоңырау шалды, жеңісіммен құт­тықтады. Екеуімен де құрметке құ­­рыл­ған, өте жағымды әңгіме бол­­ды, – деді Д.Трамп. 

Оның айтуынша, Харрис елдегі бейбітшілік пен тұрақтылық сақ­талуы үшін билікті тапсыру барын­ша қалыпты, байсалды болғанын қалайтынын жеткізіпті. Трамп бұған келіскенін айтты. Ендеше «Штаттар соғысы», әскер мен қару­лы топтар жұмылдырылатын азаматтық соғыс болмайтынға ұқ­сайды. Жаңа сайланған президент жуырда іс басындағы президентпен дастарқандас болып, бірге түс­тенетінін жеткізді.

Трамптың жеңуінің себебі неде?

Би-Би-Си жазуынша, Дональд Трамп­тың 2016 жылғы жеңісін ли­бералды және консервативті сын­шылар кездейсоқтық немесе жүйе­дегі уақытша ақау деп қарастырды. Оған ресейлік хакерлердің, Хилари Клинтонға қатысты өсек-аяңдар, қасақана жүргізілген дезинфор­мациялар ықпал еткені туралы көп айтылды. Бұл жолы Трамп сенімді жеңіске жетті және тек таңдау­шылармен шектелмей, алғаш рет сайлаушылардың басым дауысын иеленді. 2016 жылы Клинтон ха­ным сайлаушылардың бірнеше мил­лион дауысын артық жинаса да, таңдаушылар есебінен ұтылған еді. 

Financial Times жазуынша, 2024 жылғы сайлау АҚШ жұртшы­лығы­ның үлкен бөлігі сөзі ісімен қабыспайтын, саяси этикасы екіжүзділікпен астасып жатқан демократтардан шаршағанын, сондықтан тіпті сот айыпты деп танығанына, екі импичментіне және жыныстық жанжалдарына қарамастан, популист Трампты саналы түрде таңдағанын паш етті. Кремний алқабындағы даныш­пандар да Трампты жақтаған. 

Би-Би-Си мұны «жұмысшылар табының бас көтеруі және Демпар­тияның сәтсіз кампаниясы» деп атады. Билеуші Демократиялық партия бұған дейін кандидаты ретінде ақылынан адаса бастаған қария Джо Байденді ұсынды. Байден дебатты жарға жығып, сайлауға бірер ай ғана қалғанда, 2024 жылғы 21 шілдеде канди­даттық тартысты жалғастырудан бас тартты. Жаңа кандидат партия­лық праймериз арқылы таңдалуға тиіс еді. Уақыт аз қалды деген сыл­таумен Байден кандидат ретінде өз орынбасары К.Харристі «тағайын­дады», партия келісе салды. Яғни, демократтардың өзі жақтастарын демократиялық таңдаудан айырды.

Харрис сайлауалды тұғырнама­сын елге ұғынықты жеткізе алма­ды. Бір айдай бұрын ABC телеар­насы Демпартияның жаңа кан­­ди­­­датына өз бағдарламасын, төл ұстанымын барша Америкаға тү­сіндіруі үшін тамаша алаң, тап­тырмас мүмкіндік ұсынды. Теле­жүргізуші одан Президент Джо Байденнің қандай қателігін түзете алатынын сұрады. «Ойыма ештеңе келмей тұрғаны!» – деп қо­йып қал­ды Камала ханым. Осы арқылы ол сайлауалды тұғырнама­сында Аме­рикадағы жағдайды жақсы жаққа қарай өзгертетін жаңа ештеңе жо­ғын аңғартып алды. Харрис өзін та­ны­малдылығы мен рейтингін жо­ғалтқан бас­тығына байлады.

Республикалықтар мұны іліп алып, қарсы пиарға қолданды. Түзетілуі тиіс олқылық көп еді, бас­­қа­сын айтпағанда, тарихта бұ­рын-соңды болмаған көлемге жет­кен мемлекеттік борыш, эко­номика­дағы дағдарыс, екіге жарыл­­ған қоғам, пандемия кезінде әлемдегі ең көп құрбанға жол бер­ген ақаулы медициналық сақтан­дыру және денсаулық сақтау жүйесі, мигранттардың миллион­дап қаптауына жол берген көші-қон саясаты... Мұның бәрі нақты шешімі табылуға тиіс кезек күт­тірмес мәселе. 

Оның орнына Камала Харрис 100 күндік үгіт науқанында әйел­дерге аборт жасату құқығын бекі­туге, жұмысшыларға – баспананы қолжетімді етуге, қымбатшылықты құрықтауға, Америка көшбасшы­ларының жаңа буынын дайындауға уәде етуге екпін түсірді. Оны Тейлор Свифт, Бейонсе сияқты танымал жұлдыздар жаппай қолда­ды. Бірақ елді мезі еткен Байденнің ауыр мұрасы оның бәрін басып кетті. Байден тұсында америкалық­тардың үштен екісі «АҚШ қате бағытта келе жатыр» деп санады. Харрис болса, өзін тағайындаған «boss-ын» қатты сынамады, одан іргесін аулақ салмады. Сөйте тұра, өзін соның мұрагері емес, жаңа буын адамы ретінде көрсетпек болды.  

Ашығын айту керек, бұл сайлау Американың әйел президентке дайын емесін көрсетті. The Hill басылымы Associated Press/NORC орталығының тапсырысымен қыркүйекте жүргізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысын жария­лады. Онда сайлаушылардың 38%-ы Харристің әйел затынан болуы оның Президент болып сай­лан­уына кедергі екенін мәлімдеген. Осы орайда кеше АҚШ тарихында тұңғыш рет Ақ үйді әйел басқара­тыны белгілі болды. Трамп Пре­зидент аппаратының басшысы ретінде Сьюзи Уайлсты тағайын­дайтыны анықталды.

Камаланың қарсыласы «Аме­ри­каны қайтадан ұлы етуге» уәде бергені болмаса, нақты сайлауалды тұғырнамасын жарияламады. Со­дан 900-ден астам митингінде әр­не­ні сөз етті, көрген-білгенін әң­гіме­леді, ақыл-кеңес таратты, демо­краттарды тоқтаусыз әжуала­ды, сөз таппаса, Spotify қосып, әдемі әуенге жақтастарымен бірге ырғала биледі. Мигранттар мәсе­ле­сін шешу үшін шекараны тарс жауып тастайтынын, келімсектерді еліне жаппай депортациялайтынын айтты. Мұнда қисын шамалы. Алай­­­да халықтың басым бөлігі қол­­­дауы үшін сол да жеткілікті бол­­ды.

Чикаго университеті жүргізген кең ауқымды сауалнама барысында әрбір он америкалықтың үшеуі Бай­де­ннің заманында өз отбасы­ның қаржылық жағдайы нашарла­ғанын хабарлаған. Трамптың алдың­­ғы каденциясы тұсында он америкалықтың екеуі өміріне шағым­данатын. 

ТМД елдерін қызықтыратыны – сайлауалды науқанында Трамп «Ресей – Украина соғысын 24 сағат ішінде тоқтатуға» уәде етті. Аме­рика­лық басылымдар оның қалай жүретіні туралы «инсайд-ақпарат­тарын» жариялап жатыр. Алайда Американың 45-ші және 47-ші президенті Д.Трамптың өзі бұған қатысты жоспарын әзірге жария­ламады. 

АҚШ-тың жаңа президенті қызметіне кіріспей, бұл тұрғыда да нақ­ты шешімдер қабылдай алмай­ды. Трамптың ұлықтау салтанатына дейін әлі 74 күн бар. Бұл  өтпелі кезең саналады, онда Джо Байден мемлекет басшысы қызметін атқа­ра береді. Американың 47-ші пре­зидентінің инаугурациясы 2025 жылғы 20 қаңтарға белгіленді. 

Елдос СЕНБАЙ