Бұл туралы жергілікті Instagram парақшасында жазылған.
Атырау облысында полицей жол апатынан кейін жауапкершіліктен жалтарды деп айыпталуда
1,755
оқылды

Instagram желісіндегі atyrauoil.official парақшасы жазылушының хатын жариялады. Онда 2 қазан күні сағат 15:14 шамасында Атырау-Орал тасжолындағы Сарайшық ауылының маңында 1102 мемлекеттік нөмірі бар патрульдік көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алғаны айтылған, – деп жазады Aikyn.kz.

"Жеңісбек Сайын патрульдік кибершерифті жүргізіп келе жатып, ұйықтап кеткен, содан соң қарсы бағытта келе жатқан «Газель» көлігімен соқтығысқан. Атырау облыстық Полиция департаменті материалдық және моральдық шығынды өтеген жоқ. Рота командирі Ринат Шиманов уәдесін орындамай, жауапкершіліктен жалтарып отыр", – делінген хатта.

Атырау облысының полициясы Hyundai Tucson көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, екі «Газель» көлігімен соқтығысып, оларға материалдық шығын келгенін хабарлады.

"Махамбет аудандық сотының шешімімен Hyundai Tucson көлігін басқарған қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды. Жәбірленушілерге сақтандыру компаниясы арқылы 1 483 000 теңге көлемінде шығын өтелді", – деп түсіндірді полиция.

Ведомство сондай-ақ өтемақы мөлшерімен келіспеген жағдайда жәбірленушілер сотқа жүгіне алатынын қосты.