Жанұзақ Мүсәпір студенттермен кездесу барысында өзінің өмірлік әрі шығармашылық жолындағы жинаған тәжірибесімен бөлісіп, көптеген пайдалы кеңес берді.
Жанұзақ Мүсәпір: Суреттерімдегі басты тақырып – ұлтымның тарихы
1,603
оқылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде студенттерге арналған іс-шара өтті. Іс-шараның басты қонағы – Қазақстанға белгілі суретші, кескіндемеші, журналист және мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпір болды.

Өзінің шығармашылық жолында Жанұзақ Мүсәпір бірнеше салада еңбек еткен: мұғалім, мектеп директоры, Т.Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және кескіндеме институтында оқытушы, «Қазақфильм» киностудиясында суретші-режиссер, сондай-ақ «Алматы», «Рахат», «Хабар агенттігі», «Қазақстан РТРК», «Мәдениет», «Білім және мәдениет» сияқты ұлттық телеарналарда редакторлық қызметтен бастап түрлі ақпараттық дирекцияларды басқарған. Қазіргі таңда ол «Абай» телеарнасында суретшілердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Құдіретті қылқалам» бағдарламасын жүргізіп жүр.

Жанұзақ Мүсәпір студенттермен кездесу барысында өзінің өмірлік әрі шығармашылық жолындағы жинаған тәжірибесімен бөлісіп, көптеген пайдалы кеңес берді. Іс-шараға журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай, ғалым, ұстаз Сағатбек Медеубекұлы, ақын, аға оқытушы Бекжан Әшірбаев, ұстаз және фотожурналист Асылхан Әбдірайымұлы, аға оқытушы және фотожурналист Дәурен Мақсұтханұлы да қатысты.

Аға оқытушылар студенттерге Жанұзақ Мүсәпірмен өнерде иық тіресіп, бірге істеген жұмыстарын баяндап, әріптестерінің жетістіктерімен бөлісті, жастайынан еңбек еткен жылдарын еске алды. Бұл басқосу журналистика факультетінің студенттеріне құнды тәжірибе берді. Олар көкейдегі сұрақтарына жауап алып, Жанұзақ Мүсәпірдің қарапайымдылығы мен ашықтығына тәнті болды.

Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай: «Менің студент кезімде факультеттегі ақылшым Сағатбек Медеубекұлы болса, өмірлік практикада ақылшым Жанұзақ Мүсәпір еді», – деп атап өтті.

Осылайша, Жанұзақ Мүсәпір ұлттық университеттің журналистика факультетінің жаңа тынысымен танысып, студенттермен үш сағатқа созылған сырлы сұхбат өткізіп, жастардың зор ықыласын сезініп қайтты.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.