2019 жылы жанданған жобаға былтырға дейін 42,2 млрд теңге бөлінсе, 8 мыңнан аса адам өз кәсібін ашқан. Ал биыл 10,5 млрд теңге қаралып, игерілуде. Жоба тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыруға өлшеусіз үлес қосып отырғаны анық. Осы орайда Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Жамбыл облысына арнайы келіп, жоба тынысымен танысып шықты.
«Ауыл аманаты»: жоба жемісін беруде
942
оқылды

Премьер-Министрдің кеңесшісі ал­дымен Байзақ ауданына ат ізін салып, мал бордақылау алаңы мен автокөлік жуу нысанының жұмысын көрді. Сондай-ақ «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-да құс етін экспортқа шығару қарқынын барлады. Ал ең бастысы, Ералы Тоғжанов Меркі ауданындағы «Агросауат» орталығына аялдап, оқу-әдістемелік кешеннің жұ­мысы­мен жіті танысты. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жол­дауында азаматтарды түрлі ауыл шаруа­шылығы дақылдарын өсіруге үйрететін «AMANAT» партиясының пилоттық жоба­сын ерекше атап өткенінен ел хабар­дар. «Қарызсыз қоғам» жобасының екінші кезеңі ретінде бойына қан жүгірген «Агро­сауат» орталығы бүгінде өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Енді мұндай орталық еліміздің барлық аудандарында ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша жеке қосалқы шаруашы­лық өнімдерін қайта өңдеу инфрақұрылым­ын дамытуға қаржы қарастырылады. Бұл өндірістік кооперациялар арқылы жеке шаруашылық өнімдерін сатып алуға, оны қайта өңдеуге және сауда орындарында сатуға мүмкіндік береді. 

Агробіліктілік орталығы қазір құлпы­най, таңқурай, алма, қант қызылшасын өсіру, сүт және ет бағытындағы ірі қара малды бордақылау, құс және қой шаруашы­лығын дамыту бойынша оқытуда. Жоба қатысушылары өндірген өнімдерді сату және өңдеу мәселесі де жолға қойылған. Жоба жемісін көрген азаматтың бірі – Бау­ыржан Арыстанбаев. 55 жастағы тұрғын Меркі ауданының Ақарал ауылында дүниеге келген. Жоба қатысушысы 20 сотық аумақта құлпынай өсіру бойынша қосалқы шаруашылығын бастаған. 

– Ең алдымен, «тауарлы несие» түр­ін­де маған 10 мың көшет берілді. Қазірдің өзінде еңбегімнің жемісін көріп отырмын. Ауыл тұрғындарына жарты тоннаға жуық құлпынай саттым. Жағдайымды едәуір жақсарттым. Қарыздан біртіндеп құтылып келемін. Бұған дейін екі жыл егін шаруашы­лығымен айналысқанмын. Алайда білім мен тәжірибенің жетіспеушілігінен көп табыс түспеді. Содан «Агросауат» орталығы­на жүгініп, бүгінде еңбегімнің жемісін жеп­ отырмын, – дейді Бауыржан Арыстан­баев.

«Агросауат» орталығы нәзік жандылар­ды да жұмыспен қамтуда. Райхан Баби­жанова да жанұясымен құлпынай өсірумен айналысуда. Алғашында 10 сотық жерге еккен құлпынай көшеттерінен шамамен 1,5 тонна өнім алған. 

– «Агросауат» атауының өзі көп нәрсені айтып тұр. Мұнда біз қаржылық сауатты арттырамыз. Біз де өз бақшамызда жидек өсіруге тырыстық, бірақ пайдасы аз болды. Несие алдық, бірақ уақытында төлей алма­дық. Содан «Агросауатқа» жүгінген­іміз­де бізге тәжірибелі сарапшылар кө­мек­тесті, іс жүзінде құлпынайды егу мен өсіру жолдарын көрсетті. Тауарлық несиені алғашқылардың бірі болып алдық, қазір табысымыз жақсы. Адамдарға қажетті осындай жобаны жандандырған партияға алғыс айтқым келеді. Сіздер ауыл тұрғын­дарына қаржылық жағынан еркін болуға көмек­тесіп жатырсыздар. Біз, тіпті құл­пы­най өсірудің жаңа әдісін – гидропоника­ны зерттей бастадық. Ауданымызда бос жерлер көп емес. Гидропониканың ар­қа­сын­да жидектерді топырақсыз жасанды ортада өсіруге болады. «Агросауатта» бұл технологияны мұқият зерттеп жатырмыз, – дейді Райхан Бабижанова.

Орталықта келушілерге арналған оқу-әдістемелік құралдар, технологиялық карталар әзірленген. Және оны мамандар халыққа түсінікті тілде жазып шыққан.

– Бұл орталыққа несиесі бар, кепілге қоятын мүлігі жоқ, тіпті 90 күннен асқан берешегі бар азаматтар қосымша табыс көзін іздеп келеді. Олар «Агросауат» орта­лығында білім алып, демеушілер есебінен тауарлы несиеге қол жеткізеді. Одан кейін бастаған кәсібіне сүйемелдеу жүргіземіз. Біздің орталық теория мен практиканы ұштастырып оқытады. Мәселен, құс шаруашылығын мысалға алсақ, оны қалай жемдеу керек, қашан су­ беру керегіне дейін арнайы мамандар іс жүзінде үйретеді, – дейді «Ауылда жас­ал­ған» тұтыну кооперативі филиалының бас­шысы Айман Ақынбекова.

Жоба қатысушылары өндірген барлық өнімді арнайы құрылған кооперативтер алып кетеді. Яғни, өнімді сату, нарыққа өткізуде туындайтын кедергі жоқ.

– Меркі ауданында шаруа қожалықтар 3 мың тоннадан астам алма өнімін өндіреді. Алайда оны қайда сатарын білмей, кейде арзан бағаға беруге мәжбүр болып жатады. Міне, біз осы өнімдерді шығаратын өн­дір­істік цех ұйымдастырдық. Яғни, «Агро­сауат» орталығы оқытудан дайын өнімге дейін толыққанды қолдау көрсетеді. Біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындарының табысын көбейту, қаржылық сауатын ашу және қарызсыз болашаққа сенімділік беру, – дейді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева.

Орталықта жыл басынан 150 қаржы сарапшысы мен 20 білікті заңгер келуші­лерге кеңес берсе, бүгінгі күнге дейін 180 мыңнан астам адам кәсіптік біліктілігін арттырып отыр. 

Жамбыл облысы әкімдігі Ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасының алдағы бағыты мен жоспары жұмыр екен. 

– «Ауыл аманаты» жобасына 2019-2023 жылдары 42,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржыға 62 ауылдық округтегі 8 028 жоба несиелендірілді. Тарқатып айтсақ, 252 мың бас мал сатып алуға 38,4 млрд тең­ге несие берілсе, 57 кооператив құрыл­ып, лизинг жүйесі арқылы 533 ауыл шар­уашылығы техникасы сатып алдынды. Кәсіп ашуға құлықты тұрғындардың 91 жобасы қаржыландырылды. 4 жыл ішінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды.

2024 жылы жобаға 10,5 млрд теңге бөлу қарастырылып, бұл қаржы көлеміне 1 200 өтінімді несиелендіру арқылы 1 672 жұмыс орнын құру жоспарланды. Міне, осылайша жобаның алдағы мақсаты ай­қын, берері әлі де мол болып тұр, – дейді басқарма басшысы.

Ералы Тоғжанов жобаға қатысқан жам­былдықтардың жемісті жұмысын жо­ғары бағалап, бірқатар мәселелерді де атап өтті.

– «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру.

Бұл күнде жоба аясында жаңа жұмыс орындарының ашылуы 25 пайызға дейін өсіп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек ала­тын азаматтардың қатары 50,4 пайызға төмендеген. Осы ретте бұл бағыттағы жұ­мыс­тарды жалғастыру қажет. Әлі де атқаратын жұмыс көп. Шаруалар тек қана мал шаруашылығымен айналыспауы керек. Ауылдықтардың өзге де кәсіппен шұғылдануына жағдай жасалуы тиіс. Оның ішінде жылыжай салып, түрлі көкөністерді өсіруге және құс шаруашы­лығын дамытуға күш салу қажет, – деді Ералы Тоғжанов.

Міне, осылайша «Ауыл аманаты» жобасы Жамбылда жемісін беруде. Енді жоба тынысы мен жүйесі өзге өңірлерге де үлгі етінде көрсетілмек. Сол сәтте жобаның шарапатын тұтас ел тұрғындары көретіні анық. Ал бұл халықтың тұрмыс­тық жағдайын жақсартатыны айқын.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы