Назым Қахарман экс-күйеуін Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты ата-ана құқығынан айыру керек екенін айтты.
Қуандық Бишімбаев ата-ана құқығынан айырыла ма?
1,046
оқылды

Астана қаласының апелляциялық соты Қуандық Бишімбаевтың ата-ана құқығына қатысты істі қарап, алдыңғы сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Яғни, сот оны ата-ана құқығынан айырудан бас тартты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман қамауда отырған шенеунікті ата-ана құқығынан айыруға рұқсат бермеген алғашқы сатыдағы сот шешімін апелляцияға берген болатын. Сотта Назым Қахарман экс-күйеуін Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты ата-ана құқығынан айыру керек екенін айтты.

Ол өзінің негізгі ұйғарымдарын нақтылап өтті:

  • бірінші сатыдағы сот «Бишімбаевтың балалары болғысы келмейтін» ұл-қыздардың пікірі мен қалауын ескермеді;
  • заң бойынша, отбасы мүшелерінің, оның ішінде жұбайының өміріне қарсы қасақана құқықбұзушылық болған жағдайда ата-ана құқығынан айырылады. Ресми құжаттардың жоқтығына қарамастан, Нүкенова іс жүзінде Бишімбаевтың жұбайы болды және балалар қайтыс болған адамды отбасы мүшесі деп санады;
  • сотталушының балаларға психикалық зорлық-зомбылық жасағанын да ескермеді.

«Алиментке келетін болсақ, осы уақыт ішінде төленіп келді, талапкердің айтқаны шындыққа жанаспайды. Ол әлеуметтік желіде пиар жасап, сотқа қысым жасауға тырысады. Мені балаларына алимент төлемейтін зұлым адам ретінде көрсету үшін… Балаларымның оқу ақысын ата-анам алимент келісімі аясында төлейді», – деді сотқа онлайн режимде қосылған Бишімбаев. 

Сондай-ақ Бишімбаев балаларының Нүкеновамен тығыз байланыста болмағанын айтып, балалары Нүкенованы «менсінбегенін» жеткізді.

Осыларды негізге ала отырып, екінші сатыдағы сот Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру негізсіз деп таныды.

Сот алқа шешімінде Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмағанын алға тартып, заң бойынша олардың некесі «бірге тұру» деп қана танылатынын атап өтті.

«Талапкер Нүкенованың балалар үшін отбасы мүшесі болғаны туралы дәлелдері жоқ. Себебі діни рәсімдер бойынша некеге тұру Қазақстан заңнамасына қайшы келеді. Нүкеновамен Қахарманның балалары ешқашан бір отбасының мүшесі болған емес», – делінген құжатта.

Сондай-ақ сот Бишімбаевтың балаларына психикалық қысым көрсеткені туралы ұйғарымның дәлелдері болмағанын атап өтті.

«Сотта Кахарман Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру туралы талап қоюдың басты себебі балалардың тегін ауыстыруға және шетелге шығуға әкесінің келісімін алу мәселесі туындағанын айтқан. Алайда Бишімбаев бұған ешқашан кедергі келтірмеген. Балаларға қажетті барлық құжаттарды берген», – делінген сот шешімінде.

Еске сала кетейік, қыркүйек айында Астана соты азаматтық некедегі жарын өлтіргені үшін сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айырудан бас тартты. Сот оның балаларының денсаулығына, тәрбиесіне және оқуына зиян келтірмейтінін айтқан болатын.