ЮНЕСКО-ның Париждегі бас пәтерінде Қазақстан Тұрақты өкілдігінің қолдауымен Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының Федерациясы (КазФУКА) ұйымдастырған «The Planet of Art – 2024» халықаралық жастар фестивалінің жеңімпаздары мен финалистері жұмыстарының көркем альбомы мен көрмесінің тұсаукесері өтті.
Парижде жас суретшілердің дүниежүзілік мұраға арналған көрмесі өтті
574
оқылды

 

ЮНЕСКО-ның Париждегі бас пәтерінде Қазақстан Тұрақты өкілдігінің қолдауымен Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының Федерациясы (КазФУКА) ұйымдастырған «The Planet of Art – 2024» халықаралық жастар фестивалінің жеңімпаздары мен финалистері жұмыстарының көркем альбомы мен көрмесінің тұсаукесері өтті.

Биыл фестивальдің көркем өнерге арналған шығарылымы әлемнің мәдени және табиғи мұра ескерткіштеріне, сондай-ақ адамзаттың жанды мәдени мұрасына арналып, Дүниежүзілік ЮНЕСКО қауымдастықтары клубтарының Федерациясына Қазақстанның төрағалық етуі аясында өткізілді. Әлемнің барлық құрлықтарынан 3 пен 18 жас аралығындағы мыңдаған бала мен жасөспірім өз туындыларын фестиваль қазыларының назарына ұсынды. Байқаудың жеңімпаздары мен финалистері естелік дипломдармен марапатталып, жақында Алматы қаласында арнайы ұйымдастырылған мазмұнды мәдени-танымдық бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Финалистерінің 35 елден ұсынылған туындыларын енді Париждегі ЮНЕСКО-ның бас пәтерінде өтіп жатқан көрмеде тамашалауға болады. Сонымен қатар, салтанатты рәсімде фестиваль қатысушыларының 500 туындысын жинақтаған әдемі көркем альбом ұсынылды.

«Бұл кескіндемелерде біз мәдени және табиғи мұрамыздың баршамызға ортақ жауһарларын көре аламыз. Көрме осы бірегей ескерткіштер мен дәстүрлерге жаңа буынның көзімен қарауға мүмкіндік беріп, оларды болашақ ұрпақтар үшін сақтау мен насихаттауға ынталандырады», — деді көрменің ашылуында ЮНЕСКО-дағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов.

ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Фирмин Эдуард Матоконың айтуынша, «мәдени мұра өткен мен келешекті байланыстыра отырып, адамзаттың жетістіктері мен әлемнің кешенді тарихын және әртүрлілігін айшықтайды. The Planet of Art – 2024 фестивалі әлемнің түкпір-түкпірінен қатысушыларды біріктіру және тұрақты даму мен мәдени түсіністік үшін жаңа әрекеттерге шабыттандыру арқылы жастарды осы құндылықтарды сақтауға тартуға тамаша мүмкіндік берді».

«Көптеген жылдар бойы бұл фестиваль әлемнің түрлі елдерінен тартатын балалар мен жастардың өзін-өзі танытып, мәдениетаралық диалогқа атсалысуы үшін пәрменді алаң құрып келе жатқанын мақтан тұтамыз. Байқау тақырыбына қатысты өз көзқарастарын көрсете отырып, олар өздерінің шығармашылығы арқылы біздің ортақ мұраларымыздың нәзіктігі мен ұлылығын айқын жеткізеді», – деді өзінің құттықтау хатында Дүниежүзілік ЮНЕСКО қауымдастықтары мен клубтары Федерациясының президенті Болат Ақшолақов.

Ашылу салтанатының қонақтарына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының құрамындағы «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің солистері Бауыржан Бекмұхамбетов пен Мақсат Медеубек және «Бірлік» би ұжымының  жетекшісі Әнел Марабаева өз өнерлерін көрсетіп, жарқын әсерлер сыйлады.

Іс-шараға ЮНЕСКО жанындағы мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдіктері, ұйымның хатшылығы және жобаның финалистері мен жеңімпаздарының жан-жақты дарындарын бағалау мүмкіндігіне ие болған басқа да қонақтар қатысты. Көрме Ұйымның бас пәтерінде 2024 жылдың 18 қарашасына дейін жалғасады.

Жобаның бас серіктесі – Eurasian Resources Group (ERG), бірлескен серіктесі CNPC компаниясы және ресми серіктестері – Теңізшевройл және TotalEnergies E&P Kazakhstan.

Фестивальге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, Қазақстан Республикасы Білім министрлігі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі және ЮНЕСКО-ның Алматыдағы аймақтық кеңсесі кеңінен қолдау көрсетті. Жоба серіктестері – «Шымбұлақ» тау курорты және «Kinoplexx & Kinopark Theatres» кинотеатрлар желісі.