Air Astana авиакомпания тарихындағы алғашқы 12 жылдық С-check аяқталды. Техникалық қызметтің мұндай жаңа деңгейі елордадағы техникалық орталықта Airbus A321 ұшағына жүргізілді.
12 жылдық С-check сәтті аяқталды
412
оқылды

Авиакомпанияның білікті қызметкерлері бірлескен жұмыстың нәтижесінде жаңа белеске қол жеткізіп отыр. Air Astana техникалық орталығының базасында ұшақтарға күрделі техникалық қызмет көрсету өткен жылдың ма­мыр айында басталыпты.

«Airbus 320/321 сияқты ұшақтардың түрлері үшін мұндай техникалық қызмет көрсетудің түрі ең жоғары сапалы қызмет түрі саналады. Бұл қызмет біздің орталық үшін ғана емес, Қазақ­станда алғаш рет өткізіліп отыр. Кейбір ақау­лар стандартты құжаттарымызда кездеспейді. Біз ұсынған ақпарат бойынша Airbus-пен келіс­сөздер жүргізетін мамандар бар. Яғни, біз олар­дың нұсқауларына сәйкес жөндеу жұмыстарын жүргіземіз», – деді Air Astana жетекші инженері Александр Сабад.

Айта кету керек, техникалық қызметке 40-қа жуық маман жұмылдырылған. Олар: қозғалтқыш планері, радиоэлектрондық жабдық және навигациялық жүйелер, құрылымдық жөндеу, бұзбайтын бақылау әдістері, техникалық қам­тамасыз ету және техникалық қызмет көрсету инженерлері. Ұшақтарға техникалық қызмет көрсету – көп уақытты қажет ететін процедура­лардың бірі. C-check жүргізу үшін жоғары білікті мамандар, диагностиканың заманауи құралдары мен технологияларына қол жеткізу қажет. C-check-тің әртүрлі пішіндері бар: C1, C2, C6 және C12. Пішін неғұрлым жоғары болса, техникалық қызмет көрсету де соғұрлым күрделі болады.

Компания С-чекті орындауға Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитеті мен Қазақстанның авиациялық билік орындары мақұлдағаннан кейін ғана кіріседі. Air Astana техникалық қызмет көрсетуді қолдау жөніндегі менеджер Темірлан Бағашар С-чектің жүзеге асуын бірнеше кезеңге бөліп түсіндірді. 

– С-чек бірнеше кезеңнен тұрады. 12 жыл­дық C-check кезінде ұшақтың барлық бөліктеріне тереңдетілген тексерулер мен сынақтар жүргі­зіле­ді. Әуе кемесі бөлшектеліп, құрылымы мен компоненттері, соның ішінде жанармай бакта­ры­ның ішкі жағы толық тексеруден өтеді. Кейбір тексерулер жасырын ақауларды, жарықтарды және басқа да аномалияларды анықтау үшін бұзбай тексеру әдісімен жүзеге асырылады. Негізгі компоненттер, мысалы, қозғалтқыштар, бекіту мен құрылымдарын тексеру үшін алынып тексеріледі. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін, ұшу басқару жүйесінен бастап борттағы ойын-сауық жүйесіне дейін барлық жүйелердің дұрыс жұмыс істейтініне көз жеткізу үшін техникалық тексеру ұшу орындалады, содан кейін ғана әуе кемесі жолаушылар тасымалына қайтарылады, – дейді ол.

Air Astana өз техникалық орталықтарында жалпы 32 C-check жүргізді. Алғашқы 1С-check 2019 жылы, 2С-check 2022 жылы, ал алғашқы дербес 6 жылдық C-check 2023 жылы орындалды. 2023 жылы Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі Air Astana компаниясына Airbus A320/A321 ұшақтарына 12 жылдық C-check-терді өткізуге рұқсатын берді. Алғашқы 12 жылдық C-check өткізілген Airbus A321 ұшағы компания­ның флотында 2012 жылдан бері қызмет етуде. Әуекомпания осы жылдың соңына дейін тағы бір 12 жылдық C-check өткізуді жоспарлап отыр.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ