Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйым­дастыруымен «Мұнара» республикалық рухани-танымдық газетінің 5 жылдығына арналған «Діни журналистика және қазіргі қоғам» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Бағытынан айнымаған басылым
407
оқылды

Рухани басқосуға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, белгілі ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы және бірқатар зиялы қауым өкілдері, телерадио мен баспасөз журналистері, Діни басқарманың бөлім басшылары және «Мұнара» газетінің ұжымы қатысты.

Дөңгелек үстелде Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарманың төл басылымын жарыққа шығарып отырған «Мұнара» газетінің ұжымын құттықтады.

– Бүгінгі басқосуымызға себепкер болып отырған «Мұнара» рухани-танымдық газеті осыдан 5 жыл бұрын, 2019 жылғы 22 қазанда жарыққа шықты. Осы уақыт ішінде «Мұнара» газеті өз оқырманын қалыптастырып, еліміздің ақпарат кеңіс­тігіндегі, соның ішінде діни журналистика саласында өз орны бар басылымға айналды. «Мұнара» газетінде тың, жаңа, мазмұнды, тартымды материалдар жарияланады. Сонымен қатар газет діннің өзекті мәселелерін қатар көтереді. Бүгінде «Мұнара» газеті айына 2 рет, 30 мың таралыммен жарық көруде. Өздеріңізге жақсы таныс, дін мәселесі – күрделі әрі нәзік тақырып. Сондықтан бұл тақырыпты қаламына арқау еткен журналист байсалды, байыпты, тәжірибелі болуға тиіс. Қазақ – бұрыннан сөз жауапкершілігін түсінген халық, – деді ҚМДБ Төрағасы.

Зиялы қауым өкілдері мен баспасөз саласының майталмандары отандық журналистикадағы дін тақырыбының маңызына тоқталып, халыққа дұрыс ақпарат берудегі бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі мен міндетіне назар аударды. Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі бүгінде діни тақырыптың нәзік екенін айта келіп, басылымдардың рөліне тоқталды.

– «Мұнара» газеті Қазақстандағы діни журналистиканың мектебіне айналды. Көріп отырмыз, 80 мыңнан астам кітап басылыпты, әрқайсысы –  бір атан түйеге жүк болатын, әр үйде тұратын, отбасында тәрбиенің дұрыс берілуін, діни ұғымдарды дұрыс түсіндіретін еңбектер. Дін – үлкен насихат. Өйткені жұртшылықпен кері байланыс орнату, ұғымдарды дұрыс жет­кізудегі ықпалы зор. Қазір әлеуметтік желі­де отырған жастар діни ұғымдарды түсіне бермейді. Дін тақырыбы өте нәзік болғандықтан, оны халыққа жеткізуде терминдерді дұрыс орнықтыра алатын білікті маман керек, – деді ол.  

«Қазақ газеттерінің» бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы өз сөзінде діни журналистика Алаш зиялылары кезінде, тіпті оның алдындағы кезең дерде пайда болғанын атап өтті.

– «Мұнара» газеті – айналасындағы журналдар мен сайттарды ортаға жинап, пішіні мен мазмұны сәйкес дамып, қал­ыптасып келе жатқан қазақ басыл­ымдары­ның бірі. Басылым ақпарат кеңістігінде өз орнын тапты. Мұның бәрі біріншіден, Діни басқарманың нақты әрі лайықты қол­дауының арқасы. Екіншіден, оқырман­ның қолдауы. Діни журналистика бүгін ғана дамып жатқан  сала емес, ол бұрыннан бар. Алаш зиялыларынан, тіпті олардың ар жағындағы тұлғаларынан бері айтылып келе жатқан тақырып. Дін сол кездегі қоғамның өзекті тақырыбы ретінде қарастырылды. Біз батысшыл деген Әлихан Бөкейханның өзі Мұсылман съезіне қатысты. Менің түсінігімде, бұл тақырып содан бері жоғары деңгейге көтерілді. Еуропалық бағытта оқыған Әлихан Науан хазіретті Ломоносовқа теңейді. Бұл – Ресейдегі ең жоғары уни­верситеттің атауы. Бұл кісілерді бірыңғай батысшыл болды деп айтпаңыздар, алғаш шыққан мақалаларды әлихантанушылар Әлиханның, міржақыптанушылар Міржақыптың, ахметтанушылар Ахметтің еңбегі деп жатады. Біз оларды ортақ Алаш еңбегі деп айтамыз ғой. Сонда былай айтылыпты: «Өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «қазақ мәдениетін» құрып, бір жағынан «қазақ әдебиетін» тұрғызып, қазақшылығын сақтамақшы...». Сонда қарасаңыздар, әдебиет бар, мәдениет бар, бүкіл кешенді көзқараспен қарап отыр. Осындай «Мұнара» діни басылымы өз бағытынан айнымай дами берсін, – деді Д.Қамзабекұлы.

Діни журналистиканы теориялық негізде дамытуды қолға алу керегін ұсынған Еуразия ұлттық университеті Жур­налистика және саясаттану факульт­етінің деканы «Мұнара» газеті діни сауатсыздықтан арылуға көмектесетінін айтты. 

– Бүгін жақсы шараның куәгері болып жатырмыз. Діни журналистика қазіргі қоғамда өте өзекті салаға айналды. Қазір діни алшақтықтар діни сауатсыздықтан туындап жатыр. Журналистика – қоғамның қозғаушы күші. Қоғамды алға жетелейтін күшті неғұрлым жаңартсақ, елімізге соғұрлым пайдасы тигізеді. Діни баспасөз­дер, кітаптар біздің діни сауатымыздың артуына үлесін тигізеді деп ойлаймын. «Мұнара» газеті – қоғамның үлкен сұранысына ие, өзінің орнын тапқан басылым екенін дәлелдеді. Бүгінгі қоғамға «Газет керек пе?» деген сұраққа 5 жыл ішінде қалың оқырманын тапқан «Мұнара» газеті де жауап беріп тұр. Меніңше, діни журналистика ғылыми негізде дамуға тиіс. Қазір діни ағым көп. Жастар мен дін тақырыбы келгенде маманға сұраныс артады. Осыған орай  ЕҰУ-да діни журналистиканы да теориялық негізде қолға алсақ,  еліміз осы сала ішінде де дамыған болар еді. Дін тақырыбына Алаш зиялылары сол заманның өзінде ерекше көңіл бөлді. Себебі дін халықты бірік­тіретін, оны күшейтетінін терең сезінді. Бірақ ол Кеңес заманында тоқтап қалды. Діни тақырыптағы өзекті мәселені дамытып, оған қайта қан жүгіртіп, жан­дандырған «Мұнара» сияқты басылым­дардың ғұмыры ұзақ болуын тілейміз, – деді Қ.Сақ.

Сондай-ақ жиында ардагер журналист, «Мұнара» газетінің тұрақты авторы Жанболат Аупбаевтың «Біз де өлең жазғанбыз» жинағының тұсаукесері өтіп, жаңа кітап көпшілікке таныстырылды. Айта кетейік, жинаққа «Мұнара» газетінің «Біз де өлең жазғанбыз...» айдарында жарық көрген жазушы-қаламгерлердің ақындық қырын көрсететін өлеңдері топтастырылған.

Ақмарал АСАНҚЫЗЫ