Ұрлық түбі – қорлық

БҚО-да полицейлер мал ұрлығымен айналысатын 49 адамнан тұратын алты қылмыстық топты ұстаған. Бұл тек 2024 жылы қолға түскен ұрылар.

Түспей жүргені қаншама?! Ұстатпай жүрген ұры-қары барын полицияның өзі де мойындап отыр. Полиция алдыңғы жылдармен салыстырғанда мал ұрлығы азайды деп есеп берді. Бірақ күз келісімен мал бағатын әр қазақтың ұйқысы қашады. «Ала жаздай баққан малымды ұрылар өңгеріп кетпесе екен, бала-шағамның ырыздығы өздеріне бұйырса екен» деп тілейді. Өкінішке қарай, облыста мал ұрлығына нүкте қойылмай тұр.

Былтыр БҚО Полиция департа­ментінің басшысы болып тағайындалған Арман Оразалиев мал соятын орын­дардың бәріне камера қойғызатын боламыз, күз айларында қалаға кіретін барлық машинаны тексереміз, ет әкеле жатқан көліктер болса міндетті түрде құжаттары тексерілетін болады, құжатсыз ет тасушыларды қалаға кіргізбейміз, осылайша мал ұрлығының алдын аламыз деген болатын. Содан бері, міне бір жыл өтіпті. Не өзгерді? Мал ұрлығына тосқауыл қойылды ма? Әрине, жоқ, ұрылар әлі де ширақ қимылдап тұр. Тек 2024 жылы 343 бас мал ұрланған. «Ең көп ұрланатын – жылқы малы» дейді тәртіп сақшылары. 

– Мал көбіне еркін жайылымнан жоғалады. Бағусыз жүрген мал ұрылардың құрығына түседі. Жуырда ғана Теректі ауданында 62 бас ірі қара малын ұрлаған Р. есімді азаматтың қылмыстық тобына қатысты іс аяқталып, сотқа жолданды. Бұдан бөлек, бұрынғы жылдары жасалған 19 қылмыс ашылды. Мал ұрлығымен күрес үздіксіз жүргізіліп келеді. Полиция малды мал иесімен бірге іздейді. Көп жағдайда мал иелері өз малын дұрыс танымайтын да жағдайлар болады. Бұл – малды есепке алмайды деген сөз. Негізі, мал арнайы есепке алынуы керек, – деп атап өтті БҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бас­тығының орынбасары Артур Мусағалиев.

Біздің сұрағымызға жауап берген Артур Ғайсаұлы мал соятын орынның барлығына дерлік камера қойылғанын атап өтті. 

Бүгінде облыс бойынша 2-3 мал соятын орында ғана камера орнатыл­маған. Ал Орал қаласының өзіндегі үш мал соятын нүкте толығымен камерамен жабдықталыпты. Бұл камераларды полиция кез келген уақытта ашып қарауға мүмкіндігі барын айтады.

«Бізге жоғалғаны туралы ақпарат түс­кен жағдайда біз мал соятын нүк­телердің камерасы арқылы тексере аламыз. Камерадан  соятын жерге келіп түскен малдың түрі, түсі, қашан әке­лінгені бәрі анық көрінеді. Камераны да осы үшін орнатқызып жатырмыз» деп түсіндірді жағдайды тәртіп сақ­шылары. 

– Иелері малын тіркемейді, арнайы есепке қоймайды. Бізге «малым жоғалды» деп шағым түсіреді, кейде өз малын танымайтын жағдайлар да жиі кездеседі. Осыған қарамастан полиция арызды тіркейді. Ашылмай тұрған қылмыстар бар, табылмай тұрған мал көп. Оның негізгі себебі мал иелері уақытында кел­мейді. Сондықтан да малды табу өте қиын. Ең көп жоғалатын – жылқы малы. Жылқы малы бір орында тұрмайды. Сондықтан да мал жоғалғанда арызды дереу жазу керек, – дейді БҚО ПД Кри­миналдық полиция басқармасы бас­тығының орынбасары Артур Мусағалиев.

БҚО бойынша мал ұрлығы ең жиі тіркелетін аудандар – Ақжайық, Сырым, Теректі. Полицияның міндеті – қыл­мыстың жолын кесу, ал шаруа қожа­лықтары мен жеке мал иелері сан соғып, қапыда қалмас үшін қолдағы малын бақсын. Полиция өкілдері егер малды бағу мәдениетін қалыптастырсақ, мал ұрлығы  мүлде болмас еді деп отыр. Өкінішке қарай, БҚО-да малды еркін жайылымға жіберіп қою басымырақ. 

Қоғамда малды чиптеу ұрлыққа  көмектеспей отыр деген пікірлер де айтылып жүр.  Енді полиция әр малға GPS орнату керек дегенді шығарып отыр. Облыста малының амандығына алаңдайтын қожалық иелері әсіресе жылқы малына GPS орнатып жатқан жағдайлар бар. Бұл малдың қайда жүргенін алыстан бақылап отыруға мүмкіндік береді. 

БҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Артур Мусағалиев «БҚО-да қазір мал ұрлығы азайып келеді. Енді мүлде жоя алмасақ та біз осы қылмыстың жолын кесуде барынша жұмыс істеп жатырмыз. 2020 жылы – 345 мал ұрлығы, 2021 жылы – 185 факт, 2022 жылы – 184, 2023 жылы 174 мал ұрлығы тіркелсе, биылғы жылдың 9 айында тек 51 мал ұрлығы оқиғасы тіркелді. Ет өнімдерін заңсыз тасымалдағаны үшін 218 құқық­бұзушылық анықталды. Біздің тұрғындар қорадағы малын көп жағдайда ауыл шар­уашылығы жануарларын сәйкес­тендіру есебіне қоймайды. Осының кесірінен кейде табылған малдың иесін таппай жатамыз» деп отыр.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары көрінген адамнан соғым сатып алмауын сұрайды. «Ірі қара малын аларда міндетті түрде құжатын тексеру керек» дейді тәртіп сақшылары. 

Біз әр ауыл өз ұрысын таниды, неге полиция солармен жұмыс істемейді де­ген сұрақты төтесінен қойдық. 

– Иә, өкінішке қарай ондай адамдар тобы бар. Олардың ішінде бұрын дәл осы мал ұрлығы үшін істі болғандары да бар. Олар әрдайым полицияның бақылауында. Егер ауылда мал жоғалса, бірінші кезекте сол азаматтар тексеріледі. Олар қадағалаусыз емес, –  дейді Артур Ғайсаұлы. 

Рас, соңғы  жылдары мал ұрлығын болдырмауға қатысты заң талабы күш­ейтілді. Қылмыстық кодекске жаңа тар­мақ, «мал ұрлығы» бабы енгізілді. Бұл бап бойынша ұсталып, қылмысы дәлелденген адамның жазасы ауырлайды. Бұрын ақ-адал малды қолды қылған қылмыскерге берілетін жаза мөлшері 3 жылдан аспайтын болса, жаңа бапқа соттылық мерзімі 5 жылға дейін ұзарып, ұрыны бас бостандығынан айыруға дей­ін қатаңдатылған.

Сот үкімінен кейін қылмыскердің дүние-мүлкін тәркілеу шарасы да тәжірибеге енді. Алайда мұның бәрі ұрылардың бетін қайтаруға бәлендей ықпал етпеген сыңайлы. Себебі әлі күн­ге ашылмаған қылмыстар, табылмаған мал да жеткілікті. Мұны полиция өзі де мойындап отыр. Бұл жерде қазақтың «ұсталмаған ұры емес» дегені еске түседі. Ал тәртіп сақшылары болса, бақпаған өзінен көрсін деп мал иесіне жаба салуға бейім. Мал бағу мәдениеті жолға қойылса, мал ұрлығы шынымен түбегейлі жойыла ма? Бұл сұраққа әзірге ешкім нақты жауап берген жоқ.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы