Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті.
Әлсіз өнеркәсіп ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді – Сенат депутаты
Фото: Н.Байбулин
497
оқылды

Онда сенаторлар Қазақстан мен Қатар арасындағы әскери ынтымақтастық туралы заңды қарады және өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Палата отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар мемлекетінің Үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарады. Бұл құжаттың нормалары әскери білім беру және әскери қызметшілерді даярлау, әскери медицина, әскери ғылым, мәдени және спорттық іс-шаралар, бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларға, жауынгерлік даярлыққа және өзге де салаларға байланысты мәселелер бойынша консультациялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар Келісім әскери ынтымақтастық саласы мен нысандарын айқындауды, Тараптардың әскери ынтымақтастығын үйлестіру жөніндегі өзара іс-қимыл тетігін белгілеуді, әскери мүлік транзиті, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және қаржыландыру, әуе кеңістігі мен әскери полигондарды пайдалану, тілдік даярлықты жүргізу мәселелерін реттеуді көздейді.

Аталған заң аясында уәкілетті органдар тараптардың қызметін айқындауға, ұйымдастыруға және үйлестіруге уәкілеттік берілген өкілдерден тұратын бірлескен жұмыс тобын құратынын да атап өткен жөн.

«Келісім аясында Қатар мемлекетімен әскери саладағы ынтымақтастықты арттыруға арналған бірлескен шаралар қарастырылды. Бұл шаралар екі елдің қауіпсіздігін күшейтуге арналып отыр. Мақұлданған заң алдағы уақытта мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті нығайтуға және аумақтарымыздың тұрақтылығы пен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, Келісім бес жыл мерзімге жасалды және келесі бесжылдыққа автоматты түрде ұзартылады. Егер тараптардың бірі ұзарту шарттарымен келіспесе, онда ол ағымдағы мерзім аяқталғанға дейін алты айдан кешіктірмей екінші тарапты хабардар етуі қажет.

Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады.

Сергей Ершов еліміздегі қалаларда инфрақұрылым мәселесінің өзекті екеніне және оны салуға баса мән беру керектігіне назар аударды.

Қайрат Тастекеев өңдеуші сектордың дамуына кедергі келтіретін проблемаларды атап өтті. Бұл ретте шағын және орта бизнестің үлесі де жеткіліксіз екені айтылды. Осыған байланысты депутат мәселені шешуге ықпал ететін бірқатар шара ұсынды. Олардың қатарында өнеркәсіптік дамудың ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеу, кадрлардың біліктілігін арттыру және нарықты әділетсіз бәсекелестіктен қорғау жөніндегі бастамалар бар.

Сенатор Қайрат Тастекеев өзінің депутаттық сауалында өнеркәсіп өндірісін дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелерін көтерді.

Депутат қазіргі экономикалық сын-қатерлер жағдайында елдің өнеркәсіптік берік негізін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Біздің еліміз алдында тұрған қазіргі экономикалық сын-қатерлер жағдайында өнеркәсіптік өндірісті дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау ерекше маңызға ие. Әлемдегі ең ірі экономикалардың даму тарихы олардың экономикалық күш-қуатының негізі болатын өнеркәсіп салалары екенін көрсетеді. Белсенді қолдау мен мақсатты өнеркәсіптік саясатсыз тұрақты экономика құру мүмкін емес», – деп атап өтті Қайрат Тастекеев.  

Сенатор сондай-ақ өнеркәсіп саласындағы бірқатар мәселелерге назар аударды. Онда шағын және орта бизнес үлесінің жеткіліксіздігі туралы да айтылды. Статистикаға сәйкес, олардың экономикадағы үлесі 36,4%-ды құрайды, алайда жылдық айналымды ескермегенде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен. Отандық тауар өндірушілерді сатып алуда қолдау көрсету де күшейтуді қажет етеді, себебі алты жыл ішінде ішкі сатып алудың құны небәрі 1,2%-ға өсті. Депутаттың мәліметінше, «Даму» қорының субсидияланған жобаларының 37%-дан астамы саудаға тиесілі, бұл оның экономикадағы үстемдігін күшейтеді.

«Өнеркәсіптік дамудың ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеуді, инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретін қаржыландырудың жеңілдетілген жағдайларын жасауды, ішкі нарықты жосықсыз бәсекелестіктен қорғау жөнінде шаралар қабылдауды, өнеркәсіптік өндіріс саласындағы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін гранттар мен субсидиялардың тиімді жүйесін енгізуді, қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастырып, өнеркәсіп саласында кәсіби кадрларды дамыту үшін жағдайлар жасауды ұсынамын. Ұсынылған шаралар ұлттық экономикаға оң әсерін тигізеді. Отандық өндірісті қолдау үшін уақытылы шаралар қабылданады деп сенеміз», – деп ұсынды депутат.