Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» бағыты бойынша Jibek joly туристік пойызы сапарға шығады.
Алматы – Түркістан – Ташкент бағытында туристерге арналған пойыз жолға шығады
Фото: "Жолаушылар тасымалының" баспасөз қызметінен алынды
1,863
оқылды

16 қараша күні сағат 13:55-те «Жолаушылар тасымалы» АҚ пилоттық жоба аясында Алматы станциясынан «Жібек жолы» туристік пойызы «Алматы –Түркістан – Ташкент – Алматы» бағытымен жолға шығады. Бұл туралы Aikyn.kz сайты «Жолаушылар тасымалының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Тур 16-20 қараша аралығында өтіп, 5 күнге созылады. Алғашқы саяхатқа 115 турист жолға шығады. Бұл сапар жолаушыларға Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени және тарихи мұраларымен жақын танысуға мүмкіндік береді.

Түркістанда жолаушылар бір күн уақыт өткізіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан-баб кесенесі, Отырар мұражайы және өзге де тарихи орындарды аралайды.

Ташкентте туристер екі күн өткізеді: алғашқы күні олар Хазрет Имам кешені, Барақхан медресесі, Әбу Бакр Каффали Шаши кесенесі және Төле би зираты сияқты тарихи орындарды аралап, Өзбекстан астанасының заманауи көрікті жерлерінің бірі «Magic City» саябағына экскурсия жасайды. Ташкенттегі екінші күн туристердің қаланы өздігінен аралауына арналған.

Барлық экскурсиялар кәсіби гидтердің жетекшілігімен ұйымдастырылады, ал жолаушылардың ыңғайлы қозғалысы үшін заманауи автобустар қарастырылған.

«Jibek joly» пойызы 5 вагоннан тұрады: 4 купелі вагон және жолаушыларға үш мезгіл тамақ ұсынылатын вагон-мейрамхана бар.

Сапар барысында пойызда түрлі ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады: шахмат, UNO сияқты үстел ойындары және туристер үшін сыйлықтар ойнатылатын ұтыс ойын өткізіледі.

Жолаушылардың ыңғайлылығы үшін пойызда фильмдер мен деректі бағдарламаларды көруге, музыка тыңдауға және кітап оқуға болатын Vputi.kz мультимедиялық жүйесі қолжетімді болады. Сондай-ақ, жолаушыларға турдың бағдарламасы мен қалалардың карталары бейнеленген буклеттер ұсынылады. Әрбір жолаушыға естелік ретінде «Түркістан жаңғыру» атты туристік кітап сыйға беріледі.

Турпакет билеті туристік агенттіктер арқылы сатылды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.