Президент батыл бастамаларды халықпен бірге жүзеге асыратынымызға сенім білдірді.
Келесі Ұлттық құрылтай Бурабайда өтетін болды
Фото: istockphoto.com/ru
268
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Ұлттық құрылтай Бурабайда өтетінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Біз әрбір өзгерісті мұқият ойластыра отырып жүзеге асыруымыз керек. Бастамалардың ақылға қонымды және қазіргі ахуалға сай болғаны маңызды. Бұрынғы жоспардың бәрін қазіргі күннің талабына лайықтап, түзету қажет. Мен бұған дейін реформалар тоқтап қалмайтынын нақты айттым. Өйткені елімізді жан-жақты жаңғырту ісі үздіксіз жалғаса беруге тиіс.

Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Соған сай жаңа бастамалар мен жоспарларды жүзеге асырамыз. Қазір оның бәрі мұқият зерделеніп жатыр. Келесі жылы халыққа ұсынатын боламын. Кейбір бастаманы әдеттегідей Ұлттық құрылтайда жариялаймын. Оның кезекті отырысы Бурабайда өтеді. Қалғанын Жолдауда айтамын.

Әділетті Қазақстанды құру жолында әлі де көп жұмыс істеу қажет. Ол үшін жалпыұлттық бірегейлігіміздің негізін ұдайы нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, экономиканы дәйекті түрде дамыту керек. Елдік мақсаттарымыздың көкжиегін көре білу маңызды. Сонда ғана алдымызға қойған стратегиялық міндеттердің бағытынан ауытқымаймыз.

Бос әңгімелер мен өнбес дауларды қумай, болашаққа сеніммен қадам басуымыз керек. Батыл бастамаларымызды бірге жүзеге асыратынымызға сенімдімін», – деді Президент.