Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына – 30 жыл
683
оқылды

 

Биыл мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрылғанына  30 жыл.

Мерейтойға орай бүгін «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет: бүгіні мен болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Оның мақсаты – мемлекеттік қызмет жүйесіндегі адам ресурстарын басқаруға қатысты тың идеялар мен әдіс-тәсілдерді талқылау және тиімді практикалық шешімдерді іздеу.

Конференция ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  құттықтау сөзімен ашылды. Мемлекет басшысының құттықтауында «30 жыл уақыт аралығында академия еліміздің білім жүйесіндегі беделді оқу орындарының біріне айналды. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін шыңдау ісін жетілдіріп, оны жаңа деңгейге көтерді. Озық ойлы, отаншыл әрі кәсіби мамандар даярлаудың өзіндік дәстүрін қалыптастырды. Әрбір мемлекеттік қызметші адал, жаңашыл әрі жасампаз болуы аса маңызды. Академия осы асыл қасиеттерді әр түлектің бойына сіңіріп, мемлекетшіл мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуге үлес қосып келеді. Мұның бәрі оқытушылар қауымының еселі еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Білім ордасының ұжымы алдағы уақытта да ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін» делінген.

Конференцияға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметкерлері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің, шетелдерден келген ғалымдар мен мемлекеттік сектор өкілдері, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары мен халықаралық сарапшылар, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Президент жанындағы Академия өзінің 30 жылдық тарихында ғылыми базасы қалыптасқан, мемлекеттік басқару саласына қажетті мамандар даярлайтын толыққанды оқу ордасына айналғанын атап өтті.

«Академия өзінің 30 жылдық тарихында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін шыңдап, мемлекеттік қызметшілер арасында жоғары басқарушылық мәдениеттің қалыптасуына үлес қосып келеді. Әлемде өзгеріс қарқыны күшейіп, бәсекелестіктің артып отырғаны баршамызға мәлім. Уақыттың көшімен бірге жүру үшін ғылым-білімдегі озық әдістерге сай адам капиталын үздіксіз дамыту қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзектілігін атап өтті. Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек екенін алға қойды.  Бұл ретте, оқу үрдісінде заман талабына жауап беретін инновациялық біліммен қатар жоғары адами құндылықтарға бастайтын «Адал азамат» идеясын мемлекеттік қызметшілердің санасына орнықтыру маңызды», – деді МҚІА төрағасы.

Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, оқу ордасы еліміз бойынша Ұлттық стандарттарға сәйкес адами ресурстарды басқару және жобаны басқару бойынша персоналдың сәйкестігін растайтын жалғыз аккредиттелген орган мәртебесіне иеленген.

 

«Академияның бүгінгі жетістіктері – ұжымымыз мен серіктестеріміздің ортақ еңбегінің нәтижесі. «Дәстүрді сақтап, болашаққа ұмтылу» ұранымен ұрпақтар сабақтастығын сақтап келеміз. Академия мемлекеттік қызметшілерді даярлаумен және олардың біліктілігін арттырумен шектелмей, мемлекеттік органдарға ғылыми-талдамалық жұмыстар ұсынатын жоғары оқу орнына айналып отыр. Мемлекеттік органдардың сұранысы бойынша жобалық басқаруды енгізу, бизнес-процестерді оңтайландыру және реинжиниринг, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты енгізу, персоналдың HR сертификаты және т.б. бойынша консалтингтік қызметтер көрсетеміз. Академияның Ассессмент орталығы 2019 жылдан бері үш рет қатарынан Президенттік жастар кадр резерві жобасының іріктеу кезеңдеріне атсалысып, үміткерлердің құзыреттіліктерін бағалады. Нәтижесінде ассессорлар пулы қалыптасып, биыл Өңірлік кадрлық резерв жобасына үміткерлерді іріктеу кезеңдерін толықтай Академия ұжымы жүзеге асырды. Жиырмадан астам ұйымға  ISO 37001 халықаралық стандарты бойынша аудитті енгізу және өту бойынша әдістемелік қолдау көрсеттік. 2023 жылы Академия бастамасымен «Мемлекеттік басқару», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» және «Адами ресурстарды басқару» бағыттары бойынша маман даярлайтын 30-дан астам қазақстандық ЖОО арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Академияның 4 магистрлік бағдарламасы European Association for Public Administration Accreditation аккредиттеуінен сәтті өтті. Бұл бізге қосдипломды бағдарламаларды, шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді.  Шетелдік серіктестерімізге 30 жылдық мерейтойға келгені үшін алғыс білдіремін. Біз серіктестікке, ортақ жобаларға әрдайым ашықпыз», – деді ректор.

Конференцияға қатысушылар елімізде мемлекеттік қызметті жаңғыртуға бағытталған өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Мемлекеттік қызметтегі кадрлық процесстер «eQyzmet» жүйесінде цифрландырылды, конкурстық іріктеулердің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етілді. Соның арқасында бос лауазымдарға конкурсқа қатысушылар санын екі есеге артты.

Сонымен қатар, Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы аясында мемлекеттік қызметтің гибридті моделіне көшу бойынша шаралар қабылданды. Ғылыми-практикалық конференция аясында сервистік және адамға бағдарланған мемлекеттік қызметті қалыптастыру, мемлекеттік басқарудағы заманауи үрдістер, кадрлық процестерді цифрландыру және мемлекеттік қызметтер көрсету, жасанды интеллектті пайдалану, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру мәселелерін талқылау бойынша секциялық отырыстар ұйымдастырылып, өзге мемлекеттердің мемлекеттік басқару академиялары ректорларының кездесуі және түлектер форумы өтті.

Секцияларда баяндамашылар мемлекеттік басқару мәселелері бойынша өз бастамалары мен көзқарастарын ортаға салып, мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту жөніндегі ойларымен бөлісті. Іс-шара аясында мемлекеттік қызметтің кәсіби біліктілігін арттыруға үлес қосқан мемлекеттік қызметшілер мен Академия қызметкерлері Қазақстан Республикасы Президентінің  «Құрмет» грамоталары, «Алғыс» төсбелгілері, Алғыс хаттарымен марапатталды.