Коронавирус транзитті төмендете ме?
Коронавирус транзитті төмендете ме?
5,243
оқылды
Қазақстанның геогра­фия­лық орналасуы транзиттік тасымал тұрғысынан тиімді. Еліміз аумағынан әуе қаты­насы, теміржол мен автокөлік жолдары арқылы үлкен кө­лемде жүк керуені өтеді. Қы­тайдан Еуропаға, Орталық Азияға немесе кері бағытта жөнелтілетін тауар түрі көп. Соң­ғы жылдары сауда бір­тіндеп жанданып, жүк көлемі де көбейіп келе жатқан. Алай­да әлемді шарпыған коро­на­вирус пандемиясы транзиттік әлеуетті уақытша шектейтін секілді. Ақпан айының 18-і күні өткен Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұл­танов Қазақстанның транзиттік әлеуетін анықтайтын көрсеткіш туралы баяндаған болатын. Ми­нистрдің айтуынша, қазіргі сәтте Қытайдан Ресейге жылына 26 млрд доллардың тауары өтеді, ал Еуроодақ елдеріне жөнелтілетін жүктің құны 76 млрд доллар деп бағаланған. Айта кететін жайт, аталған екі бағыттағы жүк керуені де қазақ жерін басып өтеді. Яғни, өз территориямыздан өткен тауар­дан халықаралық талапқа орай транзит түсімін аламыз. Оның үстіне, 2025 жылға қарай ҚХР-дың саудасы Ресейге 77,6 млрд дол­ларға, ЕО елдеріне 198 млрд дол­ларға жетеді деп күтіліп отыр. Әйтсе де, жоғарыдағы жаһан­дық жоспарға Қытайдағы коро­новирус індеті кедергі келтіруі мүмкін. ҚХР-да қазірдің өзінде өндіріс 8-10% төмендеген. Осыған байланысты сыртқа шығаратын тауар көлемі де азаюда. Таяуда вице-премьер – қаржы министрі Әлихан Смаилов ақпан айында Қытайдан келетін импорт 11%-ға азайғанын мәлімдеді. Осыған орай, импорттық тауардан түсетін кедендік баж бен салық та 2,1 млрд теңгеге төмендеген. Мәселен, 2019 жылы ақпан айында ол қаржының көлемі 17 млрд теңгеге жетсе, биылғы ақпанда 15 млрд теңге болды. Бұдан бөлек, қаңтар мен ақ­панда ҚХР-дан келетін теміржол қатынасы 14%-ға, автотранспорт 24%-ға азайғаны айтылды. Өткен айда контейнер арқылы тасымал қысқарып, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 39%-ға төмендеді. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының төрағасы Сауат Мыңбаев баспасөз конференция­сында бұл үлкен қаржы екенін айтты. Себебі компания кон­тейнерлік транзиттен үлкен түсім түсіріп отырғаны белгілі. Коро­на­вирус індетінің кеңінен таралып, көптеген елді шарпуы контейнер жеткізілімін әлі де азайта түсері анық. Осыған орай, ұлттық ком­пания IPO-ны нарыққа шығаруды 2020 жылдан 2023 жылға ауыс­тырды. Өйткені нарыққа IPO шы­ғару үшін кәсіпорынның қаржы­лық жағдайы тұрақты болуы керек. Бұл кез келген инвестор үшін маңыз­ды. Айта кетейік, 2019 жылдың қо­рытындысы бойынша Қазақстан территориясынан 664 мың контей­нер жүк өтіпті. Бұл тұрғыда былтыр Қытай–Еуропа–Қытай бағытында қозғалыс 11%-ға артып, 347 мың контейнерді құраған. Ал тасылған жүк көлеміне келсек, өткен жылы Қазақстан арқылы 19,4 млн тонна тауар тасымалданыпты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, транзиттен 450 млрд теңге түскен. Жоғарыдағы 19,4 млн тонна жүктің 17 млн тоннасы теміржол көлігіне тиеліп жеткізілген. Теміржол ар­қылы тасымалданған тауардың 2,8%-ы Ресейге тиесілі болса, Қытайға – 13,8%, Еуропа одағына 7,1%-дан келеді. Ал автокөлік жолдары арқылы Қазақстан жерінен өткен транзитті жүк көлемі 1,93 млн тонна. Не­гізінен, Қытайдан Еуропа Одағы елдеріне – 14 мың тонна, Орталық Азияға 779 мың тонна, Ресейге 61,7 мың тонна жүк жеткізілген. Сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттерінен ЕО-қа – 106,5 мың тонна, Ресейге – 396 мың тонна, Қытайға 5,4 мың тонна жүк экспортталыпты. Сол сияқты Ресейден Орталық Азияға 9,7 мың тонна, ЕО-дан Орталық Азия елдеріне – 567 мың тонна, Қытайға 2,7 мың тонна жүк өткен. Автокөлік арқылы элек­тронды жабдықтар, өсімдік өнім­дері мен тұтыну тауарлары, тек­стиль өнімдері тасылыпты. Бұдан бөлек, 5 наурыздан бастап Қазақстан Ақтау мен Құрық портының қызметін тоқтатты. Себебі аталған порттар арқылы Иран мен Әзербайжанға жөнел­тілетін жүк тасымалы көлемді. Еліміз Иранға металл илемдері мен ет және астық өнімдерін экспорттайды. Сауда келісімдеріне сай кері бағытта ирандық құрма жемісін, жаңғақ және пластмасса өнімдерін сатып аламыз. Екі елдің арасындағы тауар айналымы соңғы жылдары 600-700 млн доллар деңгейінде келеді. Алайда бұл нарық та уақытша мерзімге шек­теледі. Өйткені Иран коронавирус жұқтыру бойынша қауіпті санат­тағы елдер тізімінде тұр. Oxford Economics егер коро­навирус жаһандық пандемияға айналса, 2020 жылы әлемдік ЖІӨ көлемі 1,1 трлн долларға төмен­дейді деп болжаған болатын. Сон­дықтан жалғыз Қазақстан ғана емес, әлемнің көптеген мемлекеті транзиттік түсім мен сауда-сат­тықта азғантай мерзімге болса да пайдадан қағылмақ. Десек те, вирус белгілі бір тауар түр­лерінің алыс-берісін шек­те­генімен, екіншісіне жол аша­тыны анық. Мысалы, Қытай Қа­зақстан­нан жұмыртқа сатып алуға көшуі мүмкін. Мұндай ақпаратты кеше Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Министрлік мәлім­де­ген­дей, егер көрші елден сұраныс түсер болса, 1 млрд дана жұмыртқа экспорттауға мүмкіндігіміз бар. Неге десеңіз, ҚХР-да коронавирус­пен қатар құс тұмауы да қатты жү­ріп жатыр. Сол себепті өз өнімі жеуге жарамсыз болып қалуда. Яғни, бір жарым миллиард халық­қа тамақ қажет. Оның үстіне, Қы­тай­дың жылдық тұтыну нарығы 400 млрд дана жұмыртқа екені бел­гілі. Бұл нарыққа шығу біздің жұмыртқа өндіруші кәсіпорын­дар­дың бірнеше жылдан бергі арманы болып келді. Бұл тұрғыда көршінің ішкі нарығы­ның 1%-ын иелене алсақ та пайдаға қарық боламыз. Одан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі Парсы шығанағы елдеріне де 500 млн дана жұмыртқа сатуға мүмкіндік барын жеткізді. Демек, пневмония індеті әлемдік нарықта біраз өзгерістерге жол ашатыны анық.    width=Бауыржан БАЗАР