Астанада әлеуметтік кәсіпкерлердің Еуразия құрылтайы өтті. Оған аталған бағыттағы әлемдік көшбасшылар, ESG саласындағы жетекші сарапшылар, қоғамдық және халықаралық ұйымдар мен қайырымдылық қорлардың өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.
Әлеуметтік кәсіпкерлер құрылтайы өтті
581
оқылды

Мемлекет басшысының құттық­та­уын­да әлеуметтік кәсіпкерлердің Еуразия құ­рылтайы белсенді, азаматтық ұстанымы айқын, қоғамда игі құндылықтардың ор­нығуына атсалысып жүрген кәсіпкерлер, сарапшылар және көшбасшылар бас қо­са­тын бірегей диалог алаңы екені айтылған.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік әлем эконо­микасының маңызды қыры саналады. Осы бағыттағы бастамалар инклюзивті орта қа­лыптастыру және мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмыс сапасын жақсарту ісінде ерекше рөл атқарады. Қазақстанда әлеу­меттік кәсіпкерлікке айрықша мән беріледі, оған жан-жақты қолдау көрсетіледі. Соның арқасында бизнестің жасампаздық пен жанашырлыққа негізделген осы түрі елі­мізде қарқынды дамып келеді. Бұл саланың өкілдері түрлі мәселенің түйінін тарқататын инновациялық тәсілдер ұсынып жүр. Бү­гінгі басқосуда да салмақты ойлар мен са­ли­қалы пікірлер айтылады деп сенемін. Фо­рум Еуразия халықтары арасындағы се­ріктестікті нығайтуға серпін беріп, өзара ықпалдастықты арттыра түсері сөзсіз», – де­лінген ел Президентінің құттықтау хатында.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде қазір әлем­де уақыт өткен сайын әлеуметтік кә­сіпкерлікке сұраныс артып келе жатқанын атап өтті. Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бизнес инвесторлар, мем­лекеттік құрылымдар және жалпы қоғам тарапынан көбірек қолдауға ие.

Бұл ретте Қазақстан да бизнестің атал­ған санатын орнықты дамудың ұлттық стратегиясының бір бөлігі ретінде мақсатты әрі жүйелі негізде қолдап, өркендетіп ке­леді. Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы­ның бастамасымен осы бағытта нақты ша­ра­лар қабылданғанын және әлеуметтік кә­сіп­керлікті қолдау жөнінде заңнамалық өз­герістер енгізілгенін атап өтті. Нәти­же­сінде, былтырдан бастап әлеуметтік кә­сіп­кер­лік субъектілерінің тізіліміне тір­кел­ген компаниялардың саны айтарлықтай артқан.

Дегенмен Мәулен Әшімбаев атап өт­кен­дей, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында бірқатар өзекті сын-қатерлер бар. Оларды еңсеру үшін кешенді жұмыс және барлық мүдделі тараптың іс-әрекетіне бірыңғай тәсіл қажет. Осыған байланысты Сенат Төрағасы әріптестерін Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен құрылған Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия аясындағы үш міндет төңірегінде бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

«Әлеуметтік кәсіпорындар көбінесе грант­тар мен қайырымдылыққа тәуелді. Сондықтан әлеуметтік жобаларды қолдау үшін микроқаржыландыру тетіктерін және басқа механизмдерді дамытудың маңызы зор. Оқыту және тәлімгерлік бағдарлама­ларын іске асыру әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың негізгі бағытта­рының бірі бола алады. Сондай-ақ өңір­лердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рация­лары жанынан жұмыс істеуге қолайлы кеңістік ұсынып қана қоймай, консульта­циялық қызметтерді, оқыту мен тренинг­терді және қаржыландыруға қол жеткізуді қамтамасыз ететін арнайы инфрақұрылым қалыптастырған абзал. Парламент депу­таттары осы және басқа да мәселелерді ше­шу үшін әлеуметтік кәсіпкерлермен, сон­дай-ақ, барлық мүдделі тараппен бір­ле­сіп, белсенді жұмыс істеуге мүдделі», – де­ген Мәулен Әшімбаев әлеуметтік кәсіпкер­лер мен ел ертеңіне бейжай қарамайтын белсенді азаматтардың бастамаларына одан әрі қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Құрылтай барысында ауылдарда әлеу­меттік кәсіпкерлікті дамыту жөнінде ұсы­ныстар, сапалы білім мен денсаулық сақ­тауға қолжетімділікті арттыруға қатысты бір­лескен жобалар бойынша тың баста­малар және саланы одан әрі жетілдіруге арналған ұтымды пікірлер айтылды. Іс-шарада Әлеуметтік инноваторлар қауым­дастығының президенті Эмин Аскеров, Ұлттық экономика министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің және Еуразиялық топ басшылығының өкілдері, сондай-ақ Ре­сейден, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан және халықаралық ұйымдардан келген қатысу­шылар сөз сөйледі.