Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумына қатысты. Президент жиынға қатысушыларды Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен құттықтады.
Еңбекқорлық ұлттың бірегей болмысына айналуға тиіс
295
оқылды

Мемлекет басшысы форумның елі­міз­де тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр­ға­нын атап өтті. Президенттің пікірінше, тың игеру науқанының түрлі салдары бол­ғанына қарамастан, ауыл шаруа­шы­лығында көптеген оң өзгеріс жасалды. Қа­зақстан аз уақыт ішінде әлемдегі ас­тық­ты елдердің біріне айналды.

– Қазақстан егіс алқабы және жайы­лым­дық жер көлемі жағынан әлемде ал­­тыншы орын алады. Біз бидай экс­порт­­­­тайтын 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреміз. Ұн экспорты бойынша көш ба­­­­сындағы елдің біріміз. Биыл түрлі қиын­дыққа қарамастан қамбамыз ас­тық­қа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 мил­лион тон­на дақыл жиналды. Бұл – соң­ғы он жыл­дағы рекордтық көрсеткіш. Шын мә­нінде, диқандарымыз тамаша нә­ти­жеге жетіп отыр. Құттықтаймын жә­не бар­шаңызға шынайы ризашы­лы­ғымды біл­діремін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жүйелі жұмыстардың нә­ти­жесінде инфляция деңгейі төмен­де­генін, ал ұлттық экономиканың өсімі биыл­ғы қаңтар-қазан айларында 4 пайыз­дан асқанын жеткізді.

– Жыл соңында жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырыл­мақ. Атап айтқанда, Қарағанды облысында катодты мыс, Павло­дар облысында ферроқорытпа, Қоста­най облысында жүк көлік­тері­нің бөлшектері, Жамбыл облы­сында цемент, бағалы металл өңдеу өндірісі секілді ірі зауыттар жұмыс істей бастайды. Қазір Алматы облысында вольфрам кенін қайта өңдеу, Қостанай облысында Chevrolet Onix автокөлік маркасын құрастыру, Жамбыл облысында мыс концен­траты, Алматы облы­сында жылу оқшаулағыш мате­риал­дары және Шымкент қаласын­да қыш тақта­лары өндіріс­тері пай­далануға бе­рілді. Атырау облы­сында поли­пропилен шыға­ратын зауыттың ашылуы мұнай-газ хи­мия­сы са­ласының толықтай қа­лып­тасуына ықпал етті. Алдағы уақытта поли­этилен мен бутадиен өндіру жос­пар­ланған. Маңғыстау облысында еуропалық консор­циумның қаты­суымен «жасыл» сутегі өндірісі жо­басы жүзеге асырылады. Осы­лайша, елімізде озық халықаралық стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұра­нысқа ие өнім өн­діре­тін жаңа кә­сіпорындар құры­лып жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы негізгі мақсат ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру екенін айтты.

– Ауыл шаруашылығы бәсеке­ге қабілетті озық сала болуы керек.  Агроөнеркәсіп кешені экономика­дағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс.  Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіз­дігін қамтама­сыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей бай­ланысты, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев алда атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу, саланы индустрияландыруды бел­сенді түрде жалғастыру, ауыл ша­руашылығы ғылымын өркендету, селекция мен тұқым шаруа­шылы­ғын жандандыру, озық технология­ларды енгізу, ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін арттыру және агроөнеркәсіп сала­сының экспорттық әлеуетін кү­шейту мәселелерін қозғады.

Агроөнеркәсіп кешенін қаржы­ландыруға бөлінетін қаржы көлемі биыл айтарлықтай артты. Пайыз­дық мөлшерлемемен субсидиялау арқылы несиелеудің күрделі әрі көлеңкелі жүйесіне тоқтау қойыл­ды. Диқандар енді көктемгі егін егу және жиын-терін жұмыс­тарына 5 пайыз мөлшерлемемен тікелей жеңілдетілген несие алады. Мұндай несиелеу көлемі алғаш рет жарты триллион теңгеден асты (580 мил­лиард теңге, бұған дейін 180 мил­лиард теңге болған), алдағы уа­қыт­та бұл көрсеткіш бір жарым триллион теңгеге дейін жет­кізіл­мек. 

– Енді біздің алдымызда жи­нал­ған өнімді сақтау және оның баға­сын құлдыратуға жол бермеу міндеті тұр. Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруа­лардан астық сатып алуды тапсы­рамын. Бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін керек. Астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері би­дайды басқа облыстарға тасымал­дауды жедел қамтамасыз етуі қажет. Бұл істе облыс әкімдерінің үй­ле­сім­ді жұмыс істегені маңызды, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін индустрия­ландыруды белсенді түрде жал­ғастыру қажеттігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жол­­дауында үш жылдың ішінде аг­ро­өнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойды. 

– Біз негізгі азық-түлік тауар­лары бойынша импортқа тәуел­ділікті азайтуға бағытталған бір­қатар жобаны жүзеге асыра бас­та­дық. Атап айтқанда, таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік беретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасы салынады. Жалпы, қуаты жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, сондай-ақ қуаты жылына 850 миллион жұ­мыртқа өндіретін 11 құс фабри­касын пайдалануға беру көзделген. 100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңын, сондай-ақ 50 мың бас уақ малға арналған бор­дақылау кешенін іске қосу жоспар­ланып отыр. Сонымен қатар Үкі­мет алғашқы мамандан­дырыл­ған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешен­де мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдалдар болмайды, – деді Қ.Тоқаев. 

Президент ауыл шаруашылығы ғылымын өркендетудің маңызына, сондай-ақ ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу қажеттігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туын­ша, қазір жаһандық азық-түлік нарығында бәсеке күшейіп келеді. Оған төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беру ке­рек. Соның ішінде тұқым шаруа­шылығын жандандыру – стра­тегиялық міндеттің бірі.

– Қазір елімізде құны 4 мил­лиард доллар болатын ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның арқа­сында 7 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндірілмек. Бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге, ал артығын экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіп кешенін одан әрі цифрландыру мен автоматтандыру мәселесі ұдайы назарда болуға тиіс. Кейінгі бес жылда еліміздегі цифрлы фермерлік шаруашылықтар саны алты есеге жуық өсіп, бүгінде 200-ден асты. Бұл – шын мәніндегі бо­лашақтың кәсіпорындары. Онда озық технологиялар жаппай ен­гізіледі. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды, – деді Қ.Тоқаев. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тех­никасының қолжетімділігін қам­тамасыз ету, экспорттық әлеуетті күшейту қажеттігіне және ондағы көлік-логистика мүмкін­діктерін, сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қой­маларын дамыту мәселесін ерекше атап өтті. Бүгінде Өз­бек­стан, Әзер­байжан, Түрікменстан, Қырғызстан және Ауғанстанға жоспарлы түрде астық тасымалдау жұмысы бас­тал­ды. Иран нарығына кіруге рұқсат алып, 250 мың тонна арпа жөнелт­тілген. Сондай-ақ Қытайға, Еуропа Одағы елдеріне және Солтүстік Аф­рикаға астық жеткізіледі. Теңіз­бен тасы­мал­дауды арттыру үшін Құ­рық пор­ тында жаңа астық тер­миналы іске қо­сылды. Жаңа на­рықтардың азық-түлікке сұраныс көлемі ұлғайып келе жатқанын ескерсек, Солтүстік – Оңтүстік және Транс­каспий ба­ғыты сияқты халық­аралық дәліз­дердің рөлі арта түспек. 

– Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-логистикалық орта­лығы ретінде құру жөніндегі стра­тегиялық міндет – менің кейінгі жылдардағы халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан келіссөздерімнің басты тақырыбына айналды. Бұл мәселеде аталған дәліздерге ыңғай­лы жол табу және ішкі логистиканы жақсарту өте маңызды. Сондықтан алдағы алты жылда (2030 жылға дейін) біз теміржол желісін ауқым­ды түрде жаңғыртуды көздеп отырмыз. Он бір мың шақырым теміржолды жөндеп, бес мың шақырымнан астам жаңа теміржол салу жоспарлануда. Қазірдің өзінде «Дарбаза – Мақтаарал», «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» және «Алматы қаласының айналма жолы» сияқты ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл Орталық Азия мен Қытай бағытындағы жүк тасымалының артуына жол ашады. Автокөлік жолдарының желісін дамыту бағытында ауқымды жұ­мыстар атқарылуда. Мәселен, жыл соңына дейін «Астана – Балқаш – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» автомобиль жолдарының құры­лысы аяқталады, – деді Қ.Тоқаев. 

Мемлекет басшысы келесі жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланатынын атап өтіп, нағыз еңбек адамдары жоғары деңгейде ұлықталуға тиіс екенін айтты. Президент бұл бастама қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби құндылықтарды дәріптеуге ықпал ететініне сенім білдірді.

– Білім мен тәжірибенің ұр­пақтан-ұрпаққа жалғасатыны жайында көптеп мысал келтіруге болады. Мұндай сабақтастық шын мәнінде өз ісіне берілген кәсіби мамандарды қалыптастырады. Ауыл шаруашылығы саласында да үлгі тұтатын еңбек әулеттері жетер­лік. Несібесін қара жерден айырып отырған ауыл тұрғындары отбасы құндылықтарын ерекше сақтайды. Үлкендердің айтқанына құлақ асып, қоршаған ортаға қамқор­лық­пен қарайды.  Мықты фермерлік шаруашылық, әдетте бірнеше ұрпақтың еңбегі арқылы құрылады. Бұл салада табысқа тез жету қиын. Бірақ шаруалар қажырлы еңбек пен төзімнің қайтарымы бола­тынын жақсы біледі. Еңбекқорлық пен жауапкершілік ұлтымыздың бірегей болмысына айналуға тиіс. Бұрынғылар «Еңбек бәрін жеңбек» деп бекер айтпаған. Еліміздегі әр азаматтың адал әрі жауапты еңбек арқылы табысқа жеткенін қалай­мын. Бұл – азаматтарымыздың өмірлік мақсатына айналуға тиіс. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасының мәні де осын­да жатыр. Мен жастарға сенетінімді үнемі айтып келемін. Ауыл шаруашылығы жастардың өзін танытуына мол мүмкіндік береді деп ойлаймын. Ауылға маман тартудың қаншалықты қиын еке­нін жақсы білетін шаруашылық бас­шылары бұл іске ерекше мүд­делі. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына мамандар даярлауға үлкен көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашы­лып жатыр. Оның төртеуі агроном, мелиоратор, биотехнолог және эколог сияқты ауыл шаруашылығы саласында сұранысқа ие маман­дарды халықаралық бағдарламалар бойынша даярлайды. Жалпы, мем­лекет пен бизнес ауылдағы барлық мәселені бірлесіп шешуі керек. Агроөнеркәсіппен айналысу үшін ауылға келген жас кәсіпкер­лерді бағалаймын. Мемлекет те сіздердің еңбектеріңізді ұмыт қал­дырмайды,  – деді Қ.Тоқаев. 

Форумда  Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Қайып ата» ЖШС директоры Сы­рым Ертаев, «Зенченко және К» КС директоры Геннадий Зенченко, Alarko Holding бас директоры Үміт Нури Йылдыз, «Aitas KZ компа­ниялар тобы» АҚ вице-президенті Рабиға Тоқсейітова сөз сөйледі.

Президент Жарлығымен Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жемісті еңбегі, отан­дық ауылшаруашылық инфра­құрылымның дамуына қосқан үлесі үшін бір топ сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыс­талды. Атап айтқанда, «Қазақстан­ның Еңбек Ері» атағы мен «Отан» ордені «Зенченко және К» серіктес­тігінің бас директоры Геннадий Геннадьевич Зенченкоға берілді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласының  бір топ еңбеккері ІІ және ІІІ дәрежелі «Барыс», «Пара­сат», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен мара­патталды.

Бұдан бөлек, Президент ауыл шаруашылығы өнімін өндіру­шілердің көрмесін тамашалады. Көрмеде терең өңделген өнімдер, заманауи агротехнологиялар, ин­вес­тициялық, соның ішінде ше­телдік инвесторлардың қаты­суы­мен жүзеге асырылып жатқан жо­ба­лар ұсынылған. Мемлекет бас­­­шысына егін және мал шаруа­шылықтарындағы, басқа да маңыз­ды бағыттардағы инновациялық шешімдер мен жетістіктер таныс­тырылды.

Ауыл шаруашылығы еңбеккер­лерінің бірінші форумына еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам адам жиналды. Іс-шараға агрохол­дингтердің өкілдері, фермерлер, шаруа қожалықтарының жұмыс­шы­лары, сондай-ақ қоғамдық бір­лестіктердің мүшелері мен инвес­торлар қатысты.

Асыл ТҰМАР