Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде журналист, ғалым, профессор, Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті Мұратбек Тоқтағазиннің асқаралы алпысқа толған мерейтойына орай «Журналистика мен қазіргі медиакоммуникация парадигмалары: теориялық және практикалық мәселелері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Мұратбектің мерейі
1,055
оқылды

Замандастары мен қаламдас­тары тынымсыз Тоқтағазин атап кеткен Мұратбек Балқыбекұлы­ның өмірін өнегеге айналдырған шығармашылық және күрескер­лік жолын тәлімгерлік-тәжіри­белік сипатта өрнектеген жиын мазмұнға бай, мәні мен сәні жар­ас­қан сырлы естеліктерге толы болды.

Жиынға Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, TUR­K­SOY Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының, Қазақстан Жазушы­лар одағының өкілдері, отандық және шетел университеттерінің профессор-оқытушылары, БАҚ басшылары мен студент жастар қатысты. 

Конференция шымылдығы мерейтой иесін құттықтауға толасыз келіп жатқан толайым тілектерге толы хаттар легімен ашылып, қазақтың жыр-дастан­дары­на құлақ құрышын қандыр­ып, уызынан жарып өскен Тоқ­та­ғазиннің журналистік және шығармашылық жолындағы күрескерлік соны соқпағына арналды.

Ізденіске толы қажырлы еңбек жолында Мұратбек Бал­қы­бекұлының ұлт ұпайын түген­деп, қаламды қару еткен кездері, бел шеше кірісіп, белсене шеш­кен мәселесі көп деседі, әріптес, дәуірлес достары. Мәселен, Еура­зия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың Құттықтау хатында «Мұратбек Бал­қыбекұлы Тоқтағазин – бел­гі­лі журналист, ғалым, алғашқы журналистік қызметі дәл осы өңірдегі «Арқа ажары» газетінен бастау алды. Аға басылым «Соц­иа­листік Қазақстан» газетінің бұрынғы Целиноград (Ақмола) облысындағы меншікті тілшісі бола жүріп, астанамыздың бұр­ын­ғы қазақша атауының қай­тар­ылуына зор еңбек сіңірген. Мұратбек Балқыбекұлы 2010 жылы Л.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінде «Әзілхан Нұршайықов шығар­ма­шылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» атты та­қырыпта  кандидаттық дис­сер­тация қорғады. Мұратбек Балқыбекұлы журналисти­ка­дағы Халықаралық ақпараттан­дыру академиясының,  Еуразия­лық Телевизия және радио ака­демиясының, Қазақстанның Гуманитарлық ғылымдар акаде­миясының толық мүшесі (акаде­мигі), Ресей Жаратылыстану ака­демиясының корреспондент-мүшесі, Масс-медиа зерттеуші­лерінің Ұлттық қауымдас­тығының, Бас редакторлар клубы­ның мүшесі. Айта берсе, Мұратбек Балқыбекұлының кәсіби маман, ғалым, азамат ретінде қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз» деген жолдар бар. Осындағы «..., астанамыздың бұрынғы қазақша атауының қайтарылуына зор еңбек сіңір­ген» деген сөйлемнің астарына үңілсек, тәуелсіздік тынысы әлі де тұншыға тыныстап тұрған тұста «Ақмола атауы үшін айқас» атты мақаласының Жоғарғы Кеңес төралқасының 1992 жыл­ғы 6 шілдедегі «Орал, Цел­ино­град, Шымкент облыстары мен Целиноград қаласының тарихи атауларын қалпына келтіру туралы» қаулысына қалай түрткі болғанын көреміз.

Ал Мұратбек Балқыбекұлы туралы бір нанды бөліп жеп, бір бөлмеде тұрған үзеңгілес досы, ғылыми жетекшісі, әріптесі, Президент кеңесшісі, Ұлттық ғылым академиясының академ­игі, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Бауыржан Омар­ұлы­ның айтары бөлек, тілегі ерек екен. «Мұратбек Тоқтағазин эволюциясы: Студент. Жур­налист. Зерттеуші» тақырыбын­дағы баяндамасын «ғылыми конференциядағы ғылыми емес баяндама» деп, достық әзілге сүй­ей бастаған Бауыржан Омар­ұлы: 

«Бүгін 60-қа келіп, алтын бау тағып отырған Мұратбек Тоқта­ғазиннің өмірі мен шығармашы­лығының өзіндік эволюциясы бар. Оны үш ағысқа бөлуге бола­ды: Студент. Журналист. Зерт­теу­ші. Ал сіз қайраткерлігі қал­ып қойды ғой деп дау айтарсыз. Келісеміз. Бірақ оның қайрат­кер­лігі мектепте жүргенде-ақ басталып кеткен сыңайлы. Сон­дықтан жаңағы біз айтқан үш арнаның үшеуі де қарымды қай­раткерлігінің қалтасында тұрады...», – деп қаламгерлік жолынан бұрын қайраткерлік қарымы қалыптасқан М.Тоқ­та­ғазиннің жыбырлақ, тынымсыз, жылдам, ширақ, өр болмысын Б.Омарұлына ғана тән өрнекпен өріп берді. «Өмірді көргің келсе, өңірге кет» деп қазақ баспасөзінің марқас­қалары Ақселеу Сейдімбек пен Жомарт Әбдіхалықов екі қолы­нан жетектеп, арқаға алып кел­ген М.Тоқтағазиннің тың идея­ларымен тың өлкесіне тың сер­пін әкеліп, орысы көп сары­да­ланың қазақыланып, қазақ­тың Астанасы болуына қосқан үлесі туралы Бауыржан Омарұлы тамаша баяндап берді.

Тоқтаусыз ізденіс, толассыз еңбектің арқасында Тоқта­ғазиннің қаламынан журна­листиканың әртүрлі  жанрында жазылған 300-ден астам матери­ал жарияланыпты. «Деректілік пен көркемдік», «Ақмола үшін айқас», «Кітап басу ісіндегі ком­муникативті саясат және жар­нама», «Эпистолярные жанры в публицистике Беларуси, России и Казахстана», «Замансөз заң­ғары» атты кітаптары жарық көріпті. Мектеп қабырғасында жүр­іп-ақ республикалық басыл­ымдарда сүбелі-сүбелі матер­иал­­­дары шығып, көзіқарақты оқыр­манға белгілі бола бастаған М.Бал­қыбекұлы 2000 жылдан бастап өндіре жазып, ғылым жолындағы соны соқпаққа түсті. 2010 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Нұршайықовтың туындылары негізінде «Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» атты тақырыпта  кандидаттық диссертация қорғады. 

2011 жылдан бастап ЕҰУ-дың  Баспасөз және баспа ісі кафе­драсының доценті, соңғы 6 жылда профессоры ретінде жур­налистиканың, көсемсөздің өзекті мәселелерін  кешенді зерт­теп, 2 монография, 2 оқу құ­рал­ын баспадан шығарып, 10 ғылыми жинақтың құрастыру­шысы, жауапты редакторы болды. 80-нен астам ғылыми-зерт­теу мақалаларын Қазақстан­ның, Беларусь, Ресейдің және басқа шетелдердің ғылыми жур­нал­дарында, халықаралық бас­ыл­ымдарында жариялады. 2018 жылдан бастап әдебиеттану са­ла­сы бойынша қауымдастырыл­ған профессор. Әлемдегі ірі библио­графиялық және рефера­тивтік Web of Science, Scopus деректер базаларында 5 ғылыми мақаласы жарияланды. 

Алпыстың асқарында ғи­брат­ты ғұмыр иесін атанған М.Балқыбекұлына туралы филология ғылымдарының док­­торы, Ұлттық ғылым акаде­мия­сы­ның академигі, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­раткері Уәли­хан Қали­жанұлы Қалижан «Тұлғаға айналған Тоқтағазин» десе, жазушы, журналист, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Қайсар Әлім «Әзілхан­тану­дың зерделі зерттеушісі» деген баға берді.

«Массмедианы зерттеудің теориялық мәселелері және БАҚ коммуникациясының за­манауи парадигмалары», «Отан­дық және әлемдік медиа кеңіс­тік: дәстүрлер мен транс­фор­ма­циялар», «Тұлға зертханасы: Қазақстан және шетел жур­налис­терінің, жазу­шыларының шығармашылық тәжірибесі» тақырыптарына бағытталған конференцияға онлайн қатыс­қан шетел ғалым­дары да Мұрат­бек Тоқтағазиннің шығармашы­лығын жас іздену­шілер үшін адас­тырмас темір­қазық деп атап өтті.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ