Шерубай Құрманбайұлының қазақ тіл біліміне қосқан үлесі туралы айтқанда, есімі терминологиямен бірге еске түсетіні бар.
Атау ғылымында аты бар ғалым
341
оқылды

Кісіні мақтау қиын. Сондық­тан оның ісін мойындасақ та жететін сияқты. 

Шерубай терминологияны диссертациялық тақырып етіп арнайы зерттеуге алған кезде күмәнді ой көп болды. Жалпы, тіл білімінде сонау заманнан жа­уыр болған тақырып қой, тіпті қазақ тіл білімінің өзінде ғасырға жуық зерттеу тарихы бар мәсе­лені қаузағаннан не табар екен деп күттік. Нәтижесі күткені­мізден асып кетті. Ғ.Мүсірепов­тің: «Тіл – ұлттың мәңгілігінің мәңгі мәсе­лесі» дегені бар. Шерубай тер­мин­нің де ұлттың мәңгілігінің мәңгі мәселесі екен­ін көрсетіп берді. «Термин­о­логиялық өріс», «терминдену», «терминжасам», «терминқор», «терминбөлшек», «терминүлгі» деген санаттардың сырын ашып берді. Осы атаулар­дың қазақ тіліндегі авторы болуға оның толық хақысы бар. Терми­ноло­гия­ның даму жолдары, даму қағидаты, қазіргі міндеттері мен оларды шешу жолдары тағы басқа мәселелер Құрманбай­ұлының еңбектерінде егжей-тегжейлі пайымдалды. 

Терминді зерттегеніне қарап Шерубайды жалаң терминолог деуге тіпті болмайды. Термин мәселесіне келгенде, ол – сема­сио­лог, түркітанушы, психотіл­танушы, әлеуметтік тілтанушы, прагматолог, грамматист. 

Алаш зиялыларының тер­мин­­о­логиясын жан-жақты тал­дап, түгелдей саралап, түгендей тір­кеп, оны бүгінгі күн қажетіне орай­ластырған – Шерубай Құр­ман­байұлы. Әлихан Бөкейханнан бастап, Ахмет Байтұрсынұлына арнайы тоқтап Жүсіпбек Аймау­ыт­ұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы, Қошке Кемеңгер т.б. ондаған қайрат­кердің терминтүзімін парықтап берді. ХХ ғасыр басындағы лек­сикография, терминогра­фияны жұртшылыққа таныс­тырып, түс­ін­діру қарекеті ай­рықша атап көрсетуді қажет етеді.

Түркі тілдерінің ортақ тер­минқорын түзу ісінде қайраткер­лік көрсетіп жүрген – осы ғалым. 

Шерубай Құрманбайұлының «халықаралық» деп әспеттеп жүрген терминдер турасындағы тұрғысы ана тілін қастерлейтін азаматтардың көкейтесті күйін­дей.

Қазақ терминологиясы бой­ын­ша білім берудің жосығын салған да осы ғалым. 

Зерттеулерден, оқулықтан, сөздіктен, библиографиядан тұра­тын «Қазақ терминологиясы» (Алматы: «Сардар», 2014) атты зор көлемді еңбегі өткен ғасыр мен жаңа ғасыр нәтижелерін түген­дей түйіндеген, ғасырға жетер еңбек болды.

Осыған орай мойындауымыз керек: Шерубай Құрманбай­ұлының зерттеулерінің арқа­сында бұрын лексиколо­гияның бір тармағы ғана болып жүрген қазақ терминологиясы дербес ғылыми пән, сала болып шықты. Басқа тілтанушылардан бір ерек­шелігі – мемлекеттік қызметтегі басшылық лауазымын осы ғылым­­ды дамытуға пайда­ланды. 

Шерубайдың терминология­мен бірге атау іліміндегі еңбегін де ерекше мойындау керек. Мұны жалпы тіл білімінде «тілдік номинация» деп жүр. Арнаулы атаулар, жаңа атаулар, көпсың­арлы атаулар, қос сөз атаулар, будан атаулар т.б., оларды қол­дану жайы – бұлар да Құрманбай­ұлы­ның қаламы қамтыған мәсе­лелер. Атау болған соң уәж­ді­лік мәселесі де тыс қалмайды.

Шерубай Құрманбайұлын аударматанушы ретінде де мой­ын­­дауға тура келеді. Аударма дегенде, ол көркем аударманы нысан еткен. Әлем классик­терінің шығармаларының қазақ тіліне аударылған нұсқаларын талдаған. Көркем аударманың лингвистикалық мәселелерін талқылауды көздейді. Көркем аударма десек, алдымен аудар­маға әдебиеттану тұрғысынан қарайтындардың мәселесі көл­денеңдеп шығады. Олар аудар­маның тілтанулық аспек­тісіне әріпқой аудармаға жол ашады; жекелеген тілдік бірлік, жеке сөз, сөз тіркесі, сөйлемге үңілу­дің салдарынан шығарма­ның­ тұтас­тығы назардан тыс қалады, түп­нұсқа идеясы, автор­дың концеп­циясы еленбейді деген сияқты сын айтады. Әрине, тіл білімінің бір кезеңдегі даму деңгейіне байланысты бұл сын белгілі бір дәрежеде орынды да болатын. Алайда қазіргі тіл білімінің көтер­ілген деңгейі бұл қиын­дықты еңсереді. Қазір тіл білімі жеке сөз, грамматикалық тұлға, сөйлем тағы сол сияқты мәтін деңгейінен қаралады. Мә­тін тұтастығы мен байланыс­тылы­ғын, автор тұрғысын да лингвис­тика ғылымы саралап бере алады. Аударманы тілдік жағынан қарау дәлдікке, деректі нақтылыққа жол ашады, тілдерді салғастыру арқылы неғұрлым жалпылаушы мәні бар қоры­тындылар жасауға мүмкіндік береді. Бұл аударма­тануды заңдылықтарға негіздел­ген объективті ғылыми пән етеді, практикалық мәнін арттырады. 

Осыны жат сабағындай біле­тін ғалым аударманы зерттеудің өзіндік жолын анық тапқан. Ол – аудармадағы сөзжасам құбылы­сы. Қазақ тіл білімінде аударма­дағы сөзжасам алғаш рет арнайы сөз болып отырғанын ескерсек, Ш. Құрманбайұлының «Көркем аудармадағы жаңа атаулар: жас­алуы мен қолданылуы» (Астана: Фолиант, 2017. –560.) моногра­фиясын соныға тартқан зерттеу деп санауға болады.  

Шерубай Құрманбайұлының лексикографиялық еңбектері бір пара. Бұл оның ғылыми шығар­машылығының бір ерекшелігі­мен орайлас. Оны мен «сөз гео­логі» деп атар едім. Сөз іздеудің бей­нетін ол «сатып алады». Ол бей­нет­тің зейнетін кешу пешене­сіне жазылғандай. 

Тіл мәдениеті де назарынан тыс қалған емес. Баспасөз тілін үнемі бақылап отырады. «БАҚ және сөз мәдениеті» кітабы – осы­н­ың дәлелі. Ел назарын аударып отырған «Сөзтүзер» атты қателер сөздігін түзуге басшылық еткенін де ел біледі. 

Абай айтқандай, «сөз танитын кісі болса», Шерубайдың ізі қа­зақ сөзінде сайрап жатыр.

Жантас ЖАҚЫПОВ,

филология ғылымының докторы, профессор