Курорттық аймақтағы бірнеше емдеу-сауықтыру шипажайында тұратын халықтан маза кеткен.
Жұртты шулатқан жер дауы
360
оқылды

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан мыңнан астам жер учаскесінде орналасқан тұрғындар ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан жерінен айырылып қалуы мүмкін. Дабыл қаққан тұрғындар меншікті жерлері ұлттық парктің иелігіне кететіні жайлы хабарды жақында ғана естіген. Бейқам жатқан халықтың ащы наразылығын туғызған оқиғадан кейін халықтың көңіл күйі түсіп кетті. 

Қолдағы бар байлығы – бас­паналары орналасқан жердің «Бу­рабай» мемлекеттік ұлттық та­биғи паркінің меншігіне өт­ке­лі жатқаны жайлы суыт әрі жай­сыз хабар осыдан бір айдан астам уа­қыт бұрын ғана елді дүрлік­тір­ген. Тұтас жергілікті мемлекеттік ор­ган­дардың қатысуымен үй-үй­ді аралап өткен комиссиядан ға­­на алғаш рет жерден айы­ры­ла­тын­­дары жайлы хабар естіген ха­­лық өзінің қолда бар байлығы – жер үлестеріне заңды құқықтары ба­рын айтып, бұл күмәнді ше­шім­нің алынып тасталуын талап етіп отыр. 

Тұрғындардың облыс әкі­міне жолдаған ресми өті­нішіндегі мәліметтеріне сен­сек, жергілікті билік «Бурабай» мем­лекеттік ұлттық табиғи пар­кінің меншігіне кезінде ұлттық парк­тен халыққа сату үшін алын­ған мыңнан астам жер учас­­кесін кері қайтарға тиіс. Бі­р­ақ тұрғындардың бұл шешім­мен ешқашан келіскісі жоқ. Олар бұл жерге толықтай заңды құ­қықтары бар екенін, сондық­тан соңына дейін күресіп билік органдарынан болған жағдайға ресми жауап беруін өтінеді. Об­лыс әкіміне жолданған хатта тұр­ғындар халықтың консти­ту­ция­лық құқығының бұзылғанын алға тартады. 

– Біз, қарапайым халық бұл ше­шіммен келіспейміз әрі өз же­­­ріміз үшін биліктің заңсыз әре­кетімен жерімізді тартып алуы­на мүмкіндік бермеу үшін соңы­на дейін күресуге әзірміз. Қа­лыптасқан жағдайға түсінік­теме беруді сұраймыз. Меншік ие­леріне хабарламастан әрі олар­дың келісімінсіз қандай негізде хал­ықтың тағдыры шешілмек? Бізге бермей отырған тізім қалай құрылған? Конституцияның 26-бабында жекеменшік мүлік­тің заңмен қорғалатыны және оған қол сұғылмайтыны тайға таң­ба басқандай көрсетілген. Еш­кім өз мүлкінен сот шеші­мі­мен айырылмауы тиіс. Сізден про­­куратураның шешімінің күш жойғызып, біздің жер учаске­ле­рімізді, үйлерімізді, шаруа­шы­лық құрылыстарымызды Щу­чинск шипажайының бас жос­­­­­­­­­парына кіргізуді өтінеміз. Ті­зімде тұрған барлық меншік иелерін қалыптасқан жағдаймен таныстырып, Щучинск қаласы, Бурабай кенті, Светлый, Щу­чинс­кий шипажайларының ше­ка­расының күшін жою тура­лы мәслихат шешімі мен про­ку­ратура қаулысын халыққа ұсы­ну­ды сұраймыз, – делінген хат­та. 

Облыс әкіміне жолданған өті­­ніште тұрғындар Ақмола об­лы­сы прокуратурасы өзінің әре­кетімен ондаған жыл бойы же­ке­меншікте тұрған Бурабай, Щу­чинский, Светлый және Щу­чинск қаласының бір бөлі­гі­не дейінгі жер учаскелерін бір­жақ­ты шешіммен тартып алы­на­тыны туралы хабар алғанын жазған. 

– Осы жылдың 15 қазанында түс­кі үзілісте жұмыстан үйге кел­­­­дім. Үйдің алдында сегіз адамдық  ко­миссияның келгенін көрдім. Құрамында «Бурабай» МҰТП-ның бас инженері, жергілікті ор­­­­маншы, БТИ қызметкерлері жә­не аудандық Жер қаты­нас­та­ры комитетінің басшысы болды. Қас­тарына барып мән-жай сұ­ра­­дым. Жерлеріміз Бурабай МҰТП-ның меншігіне ауда­ры­ла­тынын, осы жерлерді тексеру үшін келіп тұрғанын айтты. Әри­не, мұндай суыт жаңалық тө­­­бемнен сұп-суық суды құйып жі­бергендей әсер етті. Қол­да­рын­да жүрген тізім өте үлкен. Біз­ді онымен танысу үшін де көр­сетпеді. Дәл келесі күні-ақ Бу­рабай ауданы әкімінің қа­был­дауына жазылдым. Ұйымдасып хат жазып, шұғыл түрде бетпе-бет кездестік. Бастапқыда әкім біз­дің уәжімізбен келіскен ың­ғай танытқанымен, кейін бірден пі­кірін күрт өзгертіп алды. Ті­зім­ді кім жасағанын, мұндай ше­шім қалай шыққанын, ши­па­жай ашылғалы бері жекенмен­шік сектор болған жердің неге осылай өтетіні жайлы барлық мә­ліметті сұрадық. Әкім нақты жауап­тан жалтарып, тексеріс жүр­гізілетіндіктен, ешқандай құ­жат берілмейтінін, жердің «Бу­­­­рабай» МҰТП меншігіне өте­тінін жеткізді. Мұнымен қо­са, қазанның 17-сі күні жазған ха­тыма әлі жауап берген жоқ. Күн­­де «ертеңмен» тойдырып жүр. Біз одан кейін «Бурабай» МҰТП басшысымен де барып әң­гімелестік. Олар бұл тексерісті өз­дері жасамағанын айтып ақ­тал­ды. Біз заңды түрде жерді ала ал­майтынын, бірақ құпия жа­сал­ған кар­та барын, ал жер бас­қа кар­та­мен мәс­ли­хат арқылы бе­ріл­­генін айтады. Олар осы мәс­­ли­хат ше­шімінің кү­шін жой­мақ. Осы­лайша, жер­гілікті ат­қару­шы ор­ган да еш­теңе істей ал­майды. «Егер тізімде өз тегіңіз бар-жо­ғын білгіңіз кел­се, Бас про­кура­тура­ға жүгі­ніңіз­дер» дей­ді. Ал осын­ша халық Бас про­кура­тура­дан өзінің тегі бар-жоғын қалай анықтамақ? – дейді БАҚ өкіл­деріне пікір біл­дір­ген Щучинс­кий шипажайы тұр­ғыны Сымбат Темірбекова. 

Тұрғындардың айтуынша, олар өз еркімен жерлері­нен бас тартып, кейін дәл сол жер­ді «Бурабай» МҰТП-дан жал­ға алу керек екен-мыс. Ко­мис­сия прокуратура елді мекен­дер­дің бас жоспарының күшін жойып, ерікті түрде жер учас­ке­лері­нен бас тартпаса, сот арқы­лы тартып алынатынын түсін­діру үшін келген. 

Сонымен, «қара тізімге» ойда-жоқта жері шұрайлы ку­рорт­­­тық аймақта тұратын 1 060  адамның жер учаскелері еніп кеткен. Бұл учаскенің әр­қай­­сысында тұрғындардың жыл­­дар бойы салған құры­лыс­тары бар. Оның бәрі бір-ақ сәтте бұзылып, алғашқы берілгендей «ие­сіне» толықтай қайтарылуы тиіс бо­лып шыққан. 

Тұрғындар өздері тұратын шипажайларда ешқан­дай кәріз де, ауызсу да жоқ еке­нін алға тартты. Сондай-ақ абат­тандыру да жергілікті билік­тің есінен шығып кеткен. 

– Бізде су да, кәріз жүйесі де жоқ. Жергілікті биліктен жалы­нып сұрап жүріп осыдан бес жыл бұ­рын жылу жүйесіне әрең қо­сыл­дық. Әр жер учаскесінде тұ­ра­тын адамдар шағын мон­ша, душ, әжетхана салып алған. Осын­дай жағдайда өмір сүруге мәж­бүрміз. Осының өзін тартып ал­ғылары келеді. Бұл жерлер біз­ге тұрғын үйге қызмет көрсету үшін берілген ғой, – дейді Бура­бай ауданының тұрғыны Татьяна Неведрова. 

Жергілікті сәулет және қа­ла құрылысы бөлімі­нің басшысы құжаттарды об­лыс­тық прокуратурадан алуға бо­латынын айтады. 

– Бізге күн сайын жер учас­ке­­лерінің игерілген яки игеріл­ме­­генін анықтау жөнінде мони­то­ринг жүргізу туралы тапсырма тү­седі. Ол жерде қонақүй, тұр­ғын­ үй, басқа да нысандардың бар-жоғы тұрғындардың тұра­тын немесе тұрмайтыны жөнін­де қазір мониторинг жасап жа­тыр­мыз. Әзірге соңғы нәтиже шық­қан жоқ. Қазір біз жауап кү­тіп отырмыз. Тізім облыстық про­куратураның тексерісі кезін­де жасақталды, – дейді Бурабай аудандық сәулет және қала құ­ры­­лысы бөлімінің басшысы Жас­қанат Дүйсенов. 

Тұрғындар көтерген шудан кейін түйткілді мәселеге арнайы жауап беру үшін Ақмола облысы про­курорының орынбасары ха­лық­пен кездесіп, арнайы жиын да ұйымдастырды. 

Жиын жүргізген облыс про­курорының орынбасары Марат Бақ­тыбекұлы тізімнің тек тек­се­ріс жүргізу үшін жасақталғанын атап өтті. 

– Бұл тізімге сіздердің жер­ле­ріңіз қосылған немесе қосыл­ма­ғанында ешқандай айырма­шы­лық жоқ. Бұл тек тексеріс үшін жасалған. Яғни, тиісті ор­ган, яғни біз қарсылық білдіріп ұсы­ныс жасаймыз. Жергілікті ат­­­­­қарушы орган осы тізім бойын­ша тексеріс жүргізеді. Егер жер учас­келері бос болса, онда ол мем­лекеттің пайдасына тәркі­ле­ніп алынады. Егер жер учаскесі же­­кеменшікте болып, онда құ­ры­лыстар салынса, ол жер учас­ке­сін ешкім тартып алайын деп отыр­ған жоқ, – дейді Ақмола об­­лыстық прокурорының орын­басары. 

 

P.S. 

Қоғам арасында аса үлкен әлеуметтік резонанс тудырған курортты аймақтағы жер дауы прокуратура өкілдері барып қайтқанымен, әлі тыншыған жоқ. Қазір аталған іс бойынша сот процестері басталған. Істің қалай шешілетіні әзірге беймәлім. Түйткілді мәселені шешуде бірінші кезекте тараптар арасында өзара келіссөз жасалу қажет сияқты...  

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы