Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің мамандары елдегі азық-түліктің жартысынан көбі сапа стандарттарына сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
Қазақстандағы әрбір екінші азық-түлік өнімі қауіпті – зерттеу нәтижесі
GOV.KZ
445
оқылды

«Сапалы өнім» жобасы аясындағы кең көлемді зерттеу нәтижесінде тексерілген өнімдердің 69%-ында заңбұзушылықтар анықталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz

«Қазақстандықтар күнделікті тұтынатын азық-түліктердің сапасыздығы денсаулыққа қауіп төндіріп отыр. Зерттеу нәтижелері 60%-дан астам өнімнің белгіленген нормаларға сәйкес келмейтінін көрсетті», – делінген Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәлімдемесінде.

Жоба аясында елдегі дүкендерден алынған 1423 азық-түлік пен тұрмыстық химия үлгісі тексерілді. Зерттеулер арнайы аккредиттелген зертханаларда жүргізілді. Нәтижесінде, 69% өнімнен түрлі заңбұзушылықтар анықталған.

«Бұл көрсеткіш – тұтынушылар үшін алаңдатарлық белгі. Мамандар сапасыз өнімдерді тұтыну денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін екенін ескертеді», – деп жазылған хабарламада.

Құзырлы органдар азық-түлік сапасын қатаң бақылауға алып, заңбұзушылықтарға жол берген өндірушілерге шара қолданатынын мәлімдеді. Қазақстандықтарға азық-түлік таңдауда мұқият болуға және сертификатталған өнімдерді ғана сатып алуға кеңес беріледі.