Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрылғанына 30 жыл толды.
Мемлекетшіл мамандардың  жаңа буынын даярлаған мекеме
201
оқылды

Елімізде ерекше мәртебесі бар бұл жоғары оқу орнының басты міндеті – мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру. Осы мерейтойлық күнге орай «Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет: бүгіні мен болашағы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Ондағы мақсат – мемлекеттік қызмет жүйесіндегі адам ресурстарын басқаруға қатысты тың идеялар мен әдіс-тәсілдерді талқылау және тиімді практикалық шешімдерді іздеу.

Конференция ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Мемлекет басшысының құттықтауында «30 жыл уақыт аралығында академия еліміздің білім жүйесіндегі беделді оқу орындарының біріне айналды. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін шыңдау ісін жетілдіріп, оны жаңа деңгейге көтерді. Озық ойлы, отаншыл әрі кәсіби мамандар даярлаудың өзіндік дәстүрін қалыптастырды. Ел мүддесін бәрінен биік қойып, Әділетті Қазақстанды құруға атсалысу – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Олардың адал, жаңашыл әрі жасампаз болуы аса маңызды. Академия осы асыл қасиеттерді әр түлектің бойына сіңіріп, мемлекетшіл мамандардың жаңа буынын тәрбиелеуге зор үлес қосып келеді. Мұның бәрі оқытушылар қауымының еселі еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Білім ордасының ұжымы алдағы уақытта да ел игілігіне қызмет ете береді деп сенемін» делінген.

КонференцияғаПрезидент Әкімшілігінің жа­уапты қызметкерлері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің, шетелдерден келген ғалымдар мен мемлекеттік сектор өкілдері, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары мен халық­аралық сарапшылар, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Шара барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Президент жанындағы Академия өзінің 30 жылдық тарихында ғылыми базасы қалыптасқан, мемлекеттік басқару саласына қажетті мамандар даярлайтын толыққанды оқу ордасына айналғанын атап өтті.

«Академия өзінің 30 жылдық тарихында мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін шыңдап, мемлекеттік қызметшілер арасында жоғары басқарушылық мәдениеттің қалыптасуына үлкен үлес қосып келеді. Әлемде өзгеріс қарқыны күшейіп, бәсекелестіктің артып отырғаны баршамызға мәлім. Уақыттың көшімен бірге жүру үшін ғылым-білімдегі озық әдістерге сай адам капиталын үздіксіз дамыту қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік қыз­метшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзектілігін атап өтті. Мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтің сапасын одан әрі арттыра түсу үшін адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек екенін алға қойды.  Бұл ретте, оқу үрдісінде заман талабына жауап беретін инновациялық біліммен қатар жоғары адами құндылықтарға бастайтын «Адал азамат» идеясын мемлекеттік қызметшілердің санасына орнықтыру маңызды», – деді МҚІА төрағасы.

Конференцияға қатысушылар елімізде мемлекеттік қызметті жаңғыртуға бағытталған өзгерістер жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Мемлекеттік қызметтегі кадрлық процесстер  eQyzmet жүйесінде цифрландырылды, конкурстық іріктеулердің ашықтығы мен әділдігі қамтамасыз етілді, соның арқасында бос лауазымдар конкурсына қатысушылар саны екі есе артты.

Президент айқындаған «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасына сай кәсіби әрі сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға бағытталған Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы аясында мемлекеттік қызметтің гибридті моделіне көшу бойынша шаралар қабылдануда.  

Ғылыми-практикалық конференция аясында өзге мемлекеттердің мемлекеттік басқару академиялары ректорларының кездесуі және түлектер форумы өтті. Сонымен қатар сервистік және адамға бағдарланған мемлекеттік қызметті қалыптастыру, мемлекеттік басқарудағы заманауи үрдістер, кадрлық процестерді цифрландыру және мемлекеттік қызметтер көрсету, жасанды интеллектті пайдалану, мемлекеттік қызметті кәсібилендіру мәселелерін талқылау бойынша секциялық отырыстар ұйымдастырылды. 

Секцияларда баяндамашылар мемлекеттік басқару бойынша өз бастамалары мен көзқарастарын ортаға салып, мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту жөніндегі ойларымен бөлісті. 

Іс-шара аясында мемлекеттік қызметтің кәсіби біліктілігін арттыруға үлес қосқан мемлекеттік қызмет­шілер мен Академия қызметкерлері Қазақстан Республикасы Президентінің  «Құрмет» грамоталары, «Алғыс» төсбелгілері, Алғысхаттарымен марапатталды.

Конференция соңында МҚІА төрағасы қатысу­­шы­ларға мазмұнды баяндамалары мен тұжырымды ой­лары үшін алғысын білдіріп, олардың алдағы уа­қыт­та Агенттік пен Мемлекеттік басқару академиясы­ның жұмысында ескерілетіндігін айтып, Академия ұжы­мының алда атқарар қызметіне жемісті нәтиже тіледі.  

Ә.МҰХАНБЕТ