Сыр еліне танымал атасы Торғай датқа (белгілі аймақтың басшысы) шаңырағында дүниеге келген Мұстафа жасынан ата баба дәстүрін, ұлттық салт сананы бойына сіңіре есейіп, ер жетті.
Әлемге танылған тұлға
1,768
оқылды

Жапонның белгілі ғалымы Уяма Томохико 2001 жылы Мәскеу мен Токио бірі­гіп шығарған Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» деген еңбегіне жазған алғы сөзінде: «ХХ ғасырдың басында Ресейдің өз ішінде және оның төңірегінде Исмаил Гаспринский, Абдурашид Ибрагим, Мирсаид Сұлтанғалиев, Заки Валидов (Тоған), Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Махмудқожа Бехбуди, Абдурауф Фитрат, Файзулла Қожаев, Мехмед Эмин Расулзаде және тағы басқа көптеген мұсылман ұлы реформаторлары мен революционерлер шоғыры пайда болды» дей келіп,  жаңа азат жолдан «Тіпті осы жұлдыздар ішінде Мұстафа Шокаев (1890-1941) немесе Шоқай бірегей орын алады» деген еді. 

Бұл сөздердің шындығына ардақты тұлғаның кезінде әділеттілік пен заңды­лықтың орталығы болған Франция аста­насы Парижде жиырма жылдан астам тұрып, берісі Түркістанның, арысы бүкіл түркі жұртының  тәуелсіздігі үшін сан қыр­лы саяси қызметі мен бірнеше тілде жазылған мол шығармашылық мұрасынан азын-аулақ хабардар болған оқырманның толық көзі жетеді. 

Адамзат өркениетінің үлгісіндей бол­ған Еуропа түгіл Ресейдің орталығынан алшақ жатқан сонау Қазақстанның Сыр бойындағы Наршоқы құмында дүние есігін ашқан Мұстафа Шоқайдың осындай бағаға ие болуының, әлемдік биікке кө­тер­ілуінің, мұсылман ұлы реформа­тор­лары мен рев­олю­ционерлер шоғырында жұл­дыз­дай  жарқырауының сыры неде жатыр еді? Мұны тану үшін ұлы тұлғаның қай­раткерлігі және шығармашылық қызметінің бедерлі-бедерлі деректеріне назар салайық. 

Сыр еліне танымал атасы Торғай датқа (белгілі аймақтың басшысы) шаңырағында дүниеге келген Мұстафа жасынан ата баба дәстүрін, ұлттық салт сананы бойына сіңіре есейіп, ер жетті. Ауылдағы төрт жылдық медресені екі жылда бітірген туасы зерек перзентінің өз құқығын өзі қорғай алуы үшін әкесі Шоқай оның әрі қарай орысша  оқуын қалайды. Оның санасында орыс қоныс аударушылары мен патшаның жергілікті шенеуніктері екі рет кірпіштен салынған үйін ақысыз-пұлсыз, ал егістігін тартып алғандары терең із қалдырған болатын. Содан 1899 жылы жазда Ақмешіт­тегі үш жылдық Перовск училищесіне апарып, келісіп қайтады. Бірақ Мұстафа оқу басталар алдында қара шешекпен ауырып, ұзақ жатып, училищеге бара алмай, қазіргі Сұлутөбе стансасындағы теміржол мек­тебінде оқуға мәжбүр болады. Елде қайта-қайта мектеп ашып жүрген көзі қарақты Әліш ағасы да,  училище кісі­лерімен жүзбе-жүз сөйлескен әкесі Шоқай да Мұ­ста­фа­ның оқу үдерісінде Перовск училищесімен байланыс жасап тұрған болуы керек, әйтпесе 1874 жылы ашылған, Қазақстанның оңтүстік өңіріне талай тілмаш, тағы басқа кадр дайындаған оқу орны өзімен қатысы жоқ оқушыға 1902 жылы бітірді деп құжат бере қоймайды ғой. Осы құжатпен  Ташкенттің  сегіз жыл­­дық ерлер гимназиясында оқуға түседі. Мұстафа осында өзінің орысша сауатын жетілдіріп алғаннан соң Түркістан өлкесі орталығының қоғамдық өміріне еркін араласа бастайды. Елден келген жергілікті халықтың арыз-шағымдарымен түрлі мекемеде, тіпті өлкелік генерал-губерна­тордың алдында да  бірнеше рет болып, өлкедегі саяси-әлеуметтік өмірді тереңірек тануға мүмкіндік алады. Жұрт­шылықтың өзекті мәселелерін шешуде белсенділік көрсетеді. Гимназияны бітіргеннен соң Мұстафаны А.Самсонов­тың тілмаш ретінде жұмысқа шақыруының осындай негізі бар болатын.  

Мұстафа Шоқайдың болашағы үшін араларында үзілісі бар бас-аяғы 6-7 жыл Петерборда болуы маңызды болды. Им­пера­тор  университетінің Заң факультетінде оқып, берісі Ресейдің, арысы Еуропаның білімі мен ғылымының тәтті дәмін татты, ерекше алғырлық қабілетімен сол кездегі орыс қауымындағы демократиялық үрдістерді бойына сіңірді. 1910-1914 жыл­дарғы саяси жағдайларға байланысты студенттермен бірге көшелерде өткен демонстраттар қатарында Үкіметке қарсы шешімдер қа­былдауға  қатысады. 

Сондай-ақ болашақ саяси қайраткердің дүние­танымы­ның қалыптасуында оның Орта­лықтағы Ресей мұсылмандары қоғамдық ұйымдарының жұмысына тартылуы да ерекше рөл атқарды. Әсіресе, бұл бағытта Алаш ардақтыларының, оның ішінде сонау гимназияда оқып жүргенде  тағлымды сөзін естіген, Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, кейін «Алаш» партиясының негізін қалаған, Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейхан ықпалының жөні бөлек болды. 

Ұстазының ұсынысымен 1916 жылғы тамызда Мемлекеттік Дума және Үкіметтің тыңдауына Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысын патша үкіметінің қатыгездікпен басқаны туралы арнайы материал жинау мақ­сатымен құрылған Дума жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы сена­тор К.Тевкелев пен Дума мүшесі А.Керескийдің жетекшілігімен құрылған комиссияның аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде Түркістан өлкесінде болуы айрықша мәнді болды. Соңғы сапар Мұстафа Шоқайды Думаның Мұсылмандар фракциясының кеңесші бюросына қызметке әкелді. Бұл оның Түркістан туралы мәлі­меттер жинауына,  фракция өкілдеріне өлкеге қатысты матер­иал­дар дайындауына мүмкіндік берді. 

Ресей орталығындағы сан салалы күр­­делі өмір Мұстафа Шоқайдың саяси қай­раткер ретінде қалыптасуының нағыз саяси университеті болды десек кателесе қоймас­пыз. Бұған оның 1917 жылғы сәу­ір­дің басында Петербордан Ташкенттен кетер алдында өзіне бұрыннан таныс, сол тұста бүкіл Ресей территориясында маңызды рөл атқарған Петербург жұмысшы және солдат депутаттары кеңесінің төр­ағасы Николай Семенович Чхеидземен кездес­кендегі әңгіме тақырыбы дәлел бола алады. Ол Мұстафа Шоқайдан өз­дерінің жұмысы туралы сұрағына Түркістан автономиясына әзірлік жасап жатқанын айтады. Бұл сөзден шошынған Чхеидзе автономия елді дереу дербестікке, бөлінуге апаратынын айтқанда, Мұстафа орыс революцияшыл демократиясы ұлттардың бостандығы туралы талай жылдан бері көтерген ұранына берік болса, бөлінуден қорқудың реті жоқ екенін еске салады. Бұл кездесу екі мәселені ашық байқатады. Біріншісі – Алаш ұлт азаттық қозғалысы­ның автономия үшін күресінің басталғанын көрсетсе, екіншісі –Мұстафа Шоқайдың саяси өресін, шынайы қайраткерлік бол­мысын танытты. 

Бойына адалдық пен әділеттілік, қай­сар­лық пен қарапайымдылық, білім­ділік пен біліктілік, жауапкершілік пен қай­раткерлік сияқты адами қасиеттерді сіңірген Мұстафа Шоқайдың саяси қыз­меті­нің алғашқы асуы, Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы Түркістан Мұқтарияты болды. Саяси-әлеуметтік һәм экономикалық жағынан, әсіресе діни жа­ғынан аса күрделі өлкеде саяси және рухани мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, жер­гілікті халықтың жетекші өкілдерін басты мақсатқа ұйыстыра алудың нәти­жесінде жаңа тұрпатты мемле­кеттік құрыл­ым­ға қол жеткізу айрықша бас­қару­шылық нақты көрінісі болатын. Алайда Түркістан Мұқтарияты барлығы 64 күн ғана өмір сүрді. Автономия­ның  «Алаш» партиясының бағдарламасын­дағы «Ресей – «демократи­чесая, федератив­ная республика» болу («Демократия ма­ғынасы –  мемлекетті жұрт билеу. «Федерация ма­ғынасы  – құрдас мемлекет­тер бірлесуі. «Федеративная рес­публикада» әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі ал­ып жүреді) де­ген қағидатты норма Ке­ң­ес үкіметіне ұнамады. Содан автономия құлатылды. Қоқан қанды қыр­ғынға ай­налды. Ал басына 1000 сом бәйге жариялан­ған Мұстафа Шоқай шетелге кетуге мәж­­бүр болды. Өмірінің 20 жылдан ас­та­м­ын эмигранттық­тардың екінші отаны саналған Францияда болғанда ерекше қажыр-қайратымен, сан тақырыпты қам­­тыған шығармашылығымен отандық эмигра­циялық қызметтің тұңғыш жарқын беттерін жазды, ірі қайраткер санатында әлемге танылды.

Эмиграцияда арнайы құрылған саяси ұйымы, саяси партиясы жоқтығына қа­ра­май, Мұстафа Шоқай өзі кезінде қыз­ғыштай қорғаған автономия туралы идеяны артқа тастап, тәуелсіздік, толық дербестік үшін кең мағыналы күреске шығып, бұл бағытта Түркістандағы озбыр кеңестік саясатты барынша жан жақты көрсете білу үшін ең бірінші Батыс ел­дерінің кеңестік кезеңдегі Түркістан мә­се­лесін  қандай дәрежеде білетіндігі мен түсінігін орыс отаршыл­дығына қарсы күрестің стратегиясының құрамды бөлігі деп санап Ыстанбұл, Париж, Лондон, Берлин, Варшава тағы басқа қалалардың тиісті мінбелерінде сөз сөйлеп, Кеңес Одағындағы түркі халықтары көріп жатқан большевиктік саясатты бар­ынша әшкере­ле­ген баяндамалар жасады, түрлі басылым­да мақала жариялады. 900-ден астам ең­бегінде Мұстафа Шоқай кеңестік жүйе­нің Түркістандағы ұлттық саясатының бар бағытын ғылым тұрғыдан терең талдау жасап, кеңестанулық ғылым тұрғысынан жан-жақты және терең баға берді. 

Шетелде сан түрлі қайраткермен  қа­рым қатынасқа түсіп, кейде әділеттілік үшін айтысқа да барған, көзбен көргені де, ойға түйгені де мол түркі тектес эми­гр­ант­тардың кемел көсемі ғана емес, түйінді сөздің шешені де болған энцикло­педиялық білімдар Мұстафа Шоқай жоғарыда аталған еңбектерінде Кеңес үкіметінің ұлттық саясаты, Түркістанның азаттығы үшін күреске аса қажет «ұлтшыл­дық», «ұлттық рух» сияқты адами қасиеттер, тәуелсіз ұлттық мемлекет, олардың мәні мен маз­мұны, оларға жетудің жолдары мен амалдары,  қоғамдағы саяси қайраткер­лер мен зиялы қауымның орны, оларға қой­ылатын талап тілектер тағы басқа тақ­ырыптар туралы сан салалы саяси әл­еу­меттік ой тұжырымдары жасады. Бұлардың қысқаша мазмұны 1936 жылы Берлин радиосынан  Түркістан жастарына арналған сөзінде былайша керемет бей­неленді: «Біздің құбыламыз – өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек! Түрік халқы – батыр халық, түрік халқы – арыстан, ер халық». 

Түркістанның тәуелсіздігіне қатысты бұл идеялар «Яш Түркістан» журналының тұңғыш санында жарияланған «Біздің жол» атты мақаладан бастау алады. Онда мынан­дай жалынды сөздер жазылды: «Біз Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түр­кістанның бодан­дықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістан­дықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды». Бұл ойлар әрі қарай дамытыла түсіп, күрестің түпкі мақсаты: «Большевиктер «Түркістан республикалары түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық» деседі. ... Ал біздің мұратымыз – Түркіс­танда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп­ айқындады. 

Патшалық Ресейді соның саяси жалға­сындай болған Кеңес үкіметін терең әрі жан-жақты батыл сынаған Мұстафа Шоқай үшін  дереккөздер қызметін, ең алдымен, өзінің басынан өткен жағдайлар атқарды. Кеңес үкіметінің екі жарым жыл­дай өмір сүрген Алаш үкіметін тарауға мәжбүр ет­кені, тағдыры екі айдан астам ғана болған Қоқан автономиясына қару жұмсағаны белгілі. Сондай-ақ Мұстафа Шоқай кеңестің жауапты қызметкерлерінің жазған мақала­ларынан, сөйлеген сөздері­нен, «Еңбекші қазақ», «Қызыл Өзбекстан», «Правда Востока», «Правда» тағы басқа бұ­қаралық ақ­парат құралдарынан алынған бұрынғы патшалық, кейінгі пролетарлық Ресейдің езгісіндегі отар елдердің объек­тивті шын­дығынан мол мәліметтер алды. Әрине, бұл шындық өз иелеріне жақпады. Бұл сонау Мәскеуге жетіп жатты. 1925 жыл­дың 29 мамырында И.Сталиннің РКП (б) Қырғыз өлкелiк комитетiнiң бю­ро мүшелерiне жолданған хатында: «Бiз өкiметтi, жастарды саяси және идео­логиялық тәрбиелеудi партияда жоқ бур­­­­­жу­азиялық интеллигент­терге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығы­мен және еш қалдықсыз коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда – автор) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғыз­стандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең» деп жазуы тегіннен тегін емес болатын. Кеңес көсемінің бұл хаты Мұстафа Шоқайға қарсы күреске жаңа қарқын беріп ғана қойған жоқ, оның атын Кеңес Одағына кеңінен мәлім етті. 

Мұстафа Шоқайды әлемге әйгілі еткен оның адами болмысын, қайраткерлік тынысы мен энциклопедиялық білімдарлы­ғын мына мысалдар да толық дәлелдейді. 2012-2914-жылдары жарық көрген он екі томдық шығармаларының толық жинағына енген  еңбектері қазақ, орыс, ағылшын, гру­зин, неміс, өзбек, поляк, түрік шағатай және француз тілдерінде жарияланды. 

Халықаралық өмірдің сұңғыла сарап­шысы Мұстафа Шоқай 1920 – 1930-­жылдары негізінен орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк және түрік-шағатай тілдерінде жазылған  150-дей мақаласында Англия, АҚШ, Аустрия, Германия, Италия, Жапония, Қытай, Польша, Палестина, Франция, Чехославакия, Шығыс Түркістан тағы басқа елдердің сыртқы саясатына, жалпы халықаралық өмірдің өзекті мәсе­лелеріне саяси талдау жасады. Сыртқы саясаттың Түркістанға оң әсерін білу автордың басты мақсаты болды.

Осындай себеппен Мұстафа Шоқай 1924 жылдан 1933 жыл аралығында Лондонда бес-алты рет болып, француз тілінде баяндамалар жасады. Оның  лекцияларына ағылшындардың үлкен қызығушылық білдіргеніне 1933 жылғы 30 наурызда Лондондағы Корольдің Халықаралық қатынастар институтындағы  оқылатын лециясына қатысты «Корольдің Орталық Азия» қоғамының, ағылшын парламеті Қауымдастар  палатасының мүшесі, Кавказ өңірінің зерттеушісі У.Алленнің және Кездесулер департаменті­нің хатшысы Г.Ровеннің тиісінше 13, 15 және 17 наурыздағы хаттары толық дәлел бола алады. Ал Корольдің Халықаралық қатынастар инс­титутында оқылған дәрістен соң  институт Кеңесінің төрағасы Н.Мальколм Мұстафа Шоқайға мынандай мазмұнда хат тапсырады: «Құрметті Шокаев мырза! Сіздің «КСРО және Қытай Түркістаны» атты тақырыпта сөйлеген сөзіңізге Корольдің Халықралық қатынас­тар институты еңесінің атынан алғысымды жазып отырмын. Институтқа көр­сеткен қыз­метіңіз сіздің тарапыңыздан үкен игі­лікті іс болды. Сөйлеген сөзіңізді оған қатысушы мүшелер шын ықылас­тарымен тыңдап, риза болды». 

Мұстафа Шоқайдың білімпаздығын, ерекше мәмлегерлігін, қағидатты көз­қарас­тарын, әділеттілік жолына шын беріл­генін, саяси-әлеуметтік болмысын 100-ге тарта әртүрлі елдің, әртүрлі ұлттың өкілімен, саяси қайраткерлерімен, ғалым­дарымен қарым-қатынасының нәтиже­сіндей болған, сол кездегі өзекті сан түрлі мәселел­ерді қозғаған  үш жүздей хаттарды қамтыған эпистолярлық мұрасынсыз толық түсіну мүмкін емес. Бұл хаттар Мұс­тафа Шоқайдың эмиграциядағы мұсыл­мандардың көшбас­шысы болғанын айқын да нақты көрсетеді. 

Бүгінде Мұстафа Шоқайдың ұлттық рухтың шынайы «ұлтшылдық» ұғымына қатысты ойлары да маңызды. Тәуелсіз­дігімізге отыз жылдан асса да, ресми  ақ­­парат­­тарда бұл ұғымға кешегі кеңестік көзқараспен қараушылар табылады. Сон­дықтан нағыз ұлтшыл күрескердің кейбір ойларына тоқтай кетсек артық болмас. «Халқымыздың мәдени және ру­хани жақтан қол жеткізген жетістіктері­нің бәрі тек ұлтшылдық қозғалысына тән» деген ұлтшыл күрескер: «Қанқұмар коммун­ис­тер халқы­мызға хайуандық пен зұлымдық істей отырып, ұлтшылдық идеясынан баз кештіре алар ма? Егер кімде кім бұл өлмес идеяны Мәскеудің күнде өзгеріп тұратын түсі сияқты деп білсе, сөзсіз қателескен болар еді. Ол – хал­қымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деп жазды. Ал ұлтшылдықты қалай түсінуге болады дегенге былайша жауап беріп еді: «Біздің ұлтшылдығымыз Түркістанда ұлт­тық үкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған». 

Тәуелсіз ұлттық мемлекет мүшелеріне, әсіресе зиялы қауымға, саяси қайраткерлер­ге қатысты айтылған ойлар да тағылымды. Мұстафа Шоқай қоғам дамуында, жалпы мемлекеттің жаңаруында ойы өрісті, сөзі келісті, еңбегі жемісті, ұлттық рухы жо­ғары, шынайы отаншыл зиялылардың рөліне ерекше көңіл аударды. «Ұлттық зиялы» деген мақаласында ұлттық зиялыға кімдердің жататынын мына сөздермен бедерледі: «Біздіңше, белгілі бір мұрат мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат мақсаттар төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады», ал «Ұлттық зиялылар қатарына тек өз хал­қының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қыз­мет ете алатын адамдар ғана кіре алады». Зия­лылардың міндеті ұлы да қа­сиетті болуы себепті өте ауыр екенін атап көрсете отыр­ып, оның бір қырын былайша түсіндірді: «Халықты ұлт деңгейі­не көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бір­лестіріп, олардың  санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі». 

Мұстафа Шоқай – саяси  қайраткерлер туралы, олардың тамаша кісілік қасиеттері жөнінде де өнегелі өсиеттер қалдырды.  «Шығыс Түркістан, сыртқы дүние және біздің міндеттеріміз» деген мақаласында ұлттық күрестің мүддесі осы күреске белсене қатысқан әрбір жеке адамның мүддесіне немқұрайды қарамауды талап ететінін, ал ұлттық қозғалыстарды бас­қарып, жетекшілік ететін жеке тұлғаларды қорғап қана қоймай, олардың беделін арттыруға күш салудың қажеттігін: «Біз саяси қайраткерлерді оның  ұрандарына қарап емес, іс қимылдарына қарап баға­лаймыз» деген ойымен айқындай  түсті. Сонымен қатар мемлекеттің саяси сипаты да, әлеуметтік әлеуеті де оның тікелей бас­шы­сына байланысты болатынын да терең түсінген Мұстафа Шоқай «Кеңестің негізгі заңы» атты мақаласын Алманияның ұлы мемлекет қайраткері Бисмарктің: «Әкімшілігінен ынсап кеткен жерде заң­нан қайыр жоқ» деген сөздермен бастауы жай­дан жай емес еді. Саяси басшылардың жеке билігі қоғамның қай саласының болмасын әлсіреуіне, төмендеуіне әкеліп отыратынын тарих талай дәлелдеді. Оны «генсектердің» ақыл ойына сүйенген кешегі кеңестік биліктің тағдыры толық дәлелдеген еді. Мұны алғашқы жылдары қажет болған, алайда тәуелсіздік жылдары жалғаса түсуі­мен көптеген қайшылыққа душар еткен еліміздегі суперпрезиденттік басшылық та көрсетіп берді.  

Тәуелсіз жылдары Мұстафа Шоқай айтқан «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деген қағидатты идеясына жете мән бермей, мыңдаған жыл ата бабамыз күш жігерін, тіптен ғұмырларын да құрбан етіп, қол жеткізген азаттықты тиісінше қадірлей, қастерлей, мақтаныш  ете ал­майтын жан­дарды аз көріп жүрген жоқпыз. Осы сәтте Мұстафа Шоқайдың сонау 1923 жылы тәуелсіздікке қол жеткізген туысқан Түркия елін реті келгенде әркез үлгі етуді ұсынғаны ерік­сіз еске түседі: «Біз бүгін «Шығыс рухы» басым болуы себеп­ті мешеу қалған» деп саналатын Түркияда Батыс білімі жергілікті жағдай­ларға сәйкес сәтті қолдан­ыл­ып жатқанын көріп отырмыз. «Батыс білімін» «Шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды. Біздіңше, дүние тарихында бұрын соңды  көтерілме­ген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі ментал­итетін (Mentalitet) сәтімен үйлестіре алуында жатыр». 

Түркістандықтардың күндердің күнінде азаттық алатынына, туған елінің тәуелсіз­дікке қол жеткізетіне Мұстафа Шоқай кә­міл сенді. «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деген ас­­қақ арманы орындалды. Бүгінде ұлы тұл­ғаны сағыныштан сарғайтқан  Отаны – өзіндік экономикасы мен саясаты, өркен­и­еті мен мәдениеті бар  Тәуелсіз Қазақстан бүкіл адамзат қауымдастығынан өзіне лайықты орын алды. Бірнеше ғасыр құрсауда болған қазақ халқы «өз жерінің нағыз қожа­сы» болып отыр. 

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылым докторы