Батыс Қазақстан облысында соңғы жылдары жол құрылысы өте қарқынды жүріп жатыр. Биыл жолшылар жыр болған Жәнібек пен Орда жолын тапсырды әйтеуір.
Арылмай тұр жол азабы
231
оқылды

Бұл екі аудан қаладан 500 шақырым қа­шық­та жатыр. Жол азабын ең көп тартқан аудандар еді. Облыстан шалғай орналасқан Казталов, Бөкейордасы және Жәнібек аудандарына апаратын жолды жөндеу жұмысы 2019 жылы басталған еді. Ол үшін бюд­жет­тен 80,1 млрд теңге қаржы жұм­салыпты. Аз ақша емес. Ал ол жолдың сапасы қандай болды? Әңгіме – осында!

Сапа демекші, батыста жол неге жиі тозады? Былтыр ғана жөнделген жол ара­ға бір жыл салып ырым-жырымы шығады. Мұның сыры неде? Дұрыс маман жоқ па? 

Біз осы жол құрылысына қатысты сұрақтарымызға жауап іздеп, осы салада бірнеше жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан мердігер компания басшысына келдік. Келе сала, «Жолшылар неге қара күзде, қыста асфальт төсегенді ұнатасыздар? деп әзіл-шыны аралас сұрағымызды қойдық. 

– Ақшаның бөлінген уақыты ғой. Біз Үкіметтен жолға қаржыны ерте ­бө­лу­­ді сұрап жүрміз. Өкінішке қарай, ол әзір­ге орындалмай тұр. Мысалы, ертең жыл басталады, ақпанда сессия өтеді. Одан қаржыны бөледі, ол қаржыны мемлекеттік сатып алуға салады, тендер ойнатылып, мердігер анықталғанша наурыз-сәуір болады. Ол ақша түскенше, маусым-шілде болады. Біз әзірге құрылысқа қажетті материалды тасып болам дегенше, тамыз-қыркүйек келеді. Міне, осындай ұзақ процестен өтеміз. Бізге бәрі «неге сендер күзде, қыста жол саласыңдар» деп ренжиді. Бұған біз кінәлі емеспіз, – деп күледі ДСК «Приоритет» ЖШС-ның директоры Жанна Кенжина. 

Материал демекші, біздің облыста жол салуға арналған бірде-бір материал жоқ. Біздің жолшылар бәрін сырттан тасымалдайды. «Материалдың болмауы бірінші кедергі» дейді жолшылар.

– Ең бірінші себеп – ақша кеш бөлі­неді. Жазда вагондар бос болмайды. Бізде жол құрылысына арналған ештеңе жоқ. Біздің облыста тек құм бар. Қалған материалдың бәрін сырттан әкелеміз. Негізі, жол құрылысына материал тасу үшін қысқы уақытты пайдалану керек. Мысалы, қыста вагондар бос, заводтарда жүктеме аз. Олар біз сұраған материалды еркін тиеп жібере алады. Сосын жазда жұмысты бастап кету керек қой. Бірақ бұл әзірге мүмкін болмай отыр. Мысалы, біз қиыршық тасты Ақтөбеден, битюмді Ақтаудан, Ресейден, минералды қоспаларды Қызылорда, Алматыдан әкелеміз. Бізде тек құм ғана бар. Сол құмның өзін ала алмай қаламыз. Мысалы, биыл су тасқыны кесірінен карьерлердің бәрін су басып кетті. Біз сол құмға жете алмай қалдық қой. Осыдан кейін енді не сұрайсыз? Бір вагонга 68-70 тонна тиейміз. Бұрын вагондардың тасымал тарифы арзан еді. Қазір оны да көтеріп жіберді. Бізде жол құрылысынан көрі материалды әкеліп, жеткізіп алу екі есе қымбатқа шығады, – деп қынжылады Жанна Кенжина. 

ДСК «Приоритет» ЖШС 2011 жылдан бері жол құрылысында жүрген ірі компаниялардың бірі. Тек биылғы жылы 60 шақырымнан астам жол жөндеген. Жол салушы мамандар мәслихат депутаттарына «Қаржыны ерте бөлуді қарас­тырыңыздаршы» деп бірнеше мәрте құ­лаққағыс етіпті. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. 

Мысалы, Орал қаласының өзінде 2023 жылы жол жөндеу жұмысына 7,8 млрд қаржы жұмсалған. Бұл ақшаға қа­ла­дағы 70 шақырым жолға жөндеу жүргі­зіпті. Ал биыл жол жөндеуге деп бюджеттен 7,3 млрд қажы жұмсалған. Бұл туралы Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов қалалық маслихаттың сессиясында айтты. 

– 2024 жылы 41 көшеге, яғни 57 шақырым жолға жөндеу жүргіздік. Ол үшін бюджеттен 7,3 млрд қаржы қарас­тырдық. Осының арқасында қала көшелерінің 81 пайызы асфальтталған деп айта аламыз. Қала аумағының үлкеюіне байланысты жаңа шағынаудандарда әлі жол жоқ. Дәл осы шағынауданның хал­қынан арыз-шағым өте көп түседі. Біз алдағы екі жылда 10 млрд теңгеге 47 жобаны жоспарлап отырмыз. Мұның ішінде 36 көшенің жолын жаңғырту, 7 көшеге орташа жөндеу жүргізу, 3 көшеге күрделі жөндеу жүргізсек, бір көшеге жөндеу жүргізілетін болады. Осы жұмыс­тарды сәтті аяқтасақ, қала көшелерінің 90 пайызын асфальттаймыз, – деді қала әкімі өз сөзінде. 

Мінекей, алыс аудан, ауылдарды айт­паған күнде де қаланың өзінде жол жоқ көшелер бар. Сәл жауын жауса, ауыл түгілі қаланың өзінде батпаққа батып жа­тамыз. Бірақ әкімдер «Жол салып жатырмыз, жол салып жатырмыз» деуден шаршамайды. Біз қоғамдық кеңестің мүшесі Азамат Мусиловті сөзге тарттық. «Облыста жол өте көп салынады, неге сапасы төмен?» деген сұрақты қоғамдық кеңес мүшесіне қойдық. 

– Жол сапасы неге түзелмейді? Мұның жалғыз себебі – жемқорлық. Жол құрылысына деп бөлінген қаржы сол жұмысқа жетпейді. Ақша бөлінген бойда ұрланып бастайды. Тіпті, мердігерге де жетпейді. Неге? Себебі бұл салада жем­қорлық көп. Ал мұнымен құзырлы ме­кемелер айналысуы керек, оларға сұрау салсаңыз, сол Жол басқармасының бер­ген есебі бойынша баяндайды. Негізі прокуратура, аудит деген ұйымдар жол құрылысы басқармасының сөзіне сенбеу керек, тәуелсіз тексеріс жүргізуі керек. Анықтау керек, ақша қайда кетіп жатыр? Егер осы ұйымдар сол салынған жолдарды тексерсе, бөлінген қаржыдан 50 млрд қаржыны кері қайтаруға болады. Себебі біздің жолдардың сапасына қарасаң, сонша қаржы жұмсалғанын көрсетпейді, – дейді Азамат мырза. 

Сонымен қатар Қоғамдық кеңес мүшесі біздің облыстағы салынған жолдың үш жылдан кейін үгітіліп қалатынына қын­жылыс білдірді. «Жол салдық деп ай­қайлап жатады, әйбаттап тапсырып жатады. Бірақ сол жолдар өкінішке қарай ұзақ қызмет етпейді. Мұның себебі – дұрыс мамандардың болмауында», – дейді Азамат Мусилов. 

– Бізде жол салумен айналысатын мердігер компаниялардың кәсібилігі тө­мен. Бізде салынған жол 3 жыл өтпей-ақ беткі қабаты ыдырап, селдіреп түсіп жа­­та­ды. Асфальт жыл өтпей жарылып кетеді. Неге? Себебі жол саласында кәсіби маман жоқ. Олар тек тендерге қатысып, ақшаны ұтып алады да, жұмыс істей береді. Мәселен, кеше ғана тапсырылған Шолохов көшесін алайық. Өте үлкен қаржыға салынған көше. Мен ол көшені «Шоқалақов» көшесі деп атаймын. 

Бұл – КПО компаниясының қаржысына салынған жол. Осы ақшаға жол сала алмаған мердігер компанияны «жолшы» деп атай алмаймын. Жолды тек салып қана қоймай, күтіп ұстау да маңызды. Бізде күтіп ұстау жұмыстары мүлде жүрмейді. Осыдан келіп жол тез азып кетеді, – деп қорытты өз ойын Азамат Мусилов.

Жол құрылыс саласында тағы бір індет бар. Бұл күрделі жөндеу жүруі керек жерге орташа жөндеу жасай салу. Әрине, мұның салдарын халық тартады. Жол апа­ты да көп болады. Жол сапасы жақсармаған соң апат та көбейеді. 

БҚО-да 2024 жыл басталғалы 1 038 жол апаты тіркелген. Осы жол апатынан 89 адам қайтыс болып, 1 517 адам жараланған. Полиция «Жолда дұрыс жүрмейді» деп көлік жүргізушілеріне кінә артады, ал көлік тізгіндегендер «Жолдың сапасы нашар, жолдағы шұңқырдан қашамыз деп түйісіп жатырмыз» деп ақталады. Ал жол құрылысына жауапты мекемелер болса, орташа жөндеумен шектеліп жүр. Шекпенділер орташа жөндеу жүргізуге неге құмар? Олар бұдан не ұтады?

– Бұл – сыбайластық. Күрделі жөндеу жүруі керек жолға орташа жөндеу жүр­гізу деген сөз – халықты алдап, бетін сипап кету деген сөз. Бізде басшыны та­за іскерлігіне қарап бағаламайды. Кім қар­жыны көп үнемдейді, сол жақсы әкім бо­лып есептеледі. Мысалы, бір жолға 5 млрд бөлді дейік, содан 50 млн үнемдесе, сол басшы жақсы деген сөз. Егер «5 млрд сапалы жолға жетпейді, дұрыс жол саламын, тағы 2 млрд ақша керек» деп ақша сұраса, оны іске ебі жоқ басшы деп шығады. Орташа жөндеу жүргізудің себебі – осында. Басшылар бұл жолға күрделі жөндеу керек деп ақша сұрауға қорқады. Одан да өтірік бетін сипап, халықты алдап қойған тиімді. Бұл тек тапсырыс беруші мекеменің кінәсі емес. Екіншіден, сол жолды бақылаудан өткізген, құрылысқа рұқсат берген бақылаушы мекемелердің де кінәсі. Ұлттық сапа орталығы бұл жолға күрделі жөндеу керек деп неге айтпайды? Неге орташа жөндеуге келісім береді? Неге олар өз жұмыстарына салғырт қарайды? Міне, бар гәп осында, – дейді Азамат Мусилов.

Жол активтерінің сапасы Ұлттық орталығы – БҚО-дағы жол сапасын тексеретін жалғыз мемлекеттік мекеме. Басқа жеке мекемелер де бар. Бұл орталыққа қатысты да сын көп.

Сөзіміз дәлелді болсын деп, Жанна ханымнан сұрадық. 

– Біз Ақсай-Федровка тасжолының бір бөлігіне жөндеу жүргізетін болып тендерді ұтып алдық. Кейін құрылыс жұмыстарын бастау үшін жолды қарауға бардық. Бізге қаржыны орташа жөндеу­ге деп берді. Барсақ ана жолға күрделі жөндеу керек, тіпті ол жолды қайта салу керек деп айтар едім. Себебі жолдың ас­тыңғы қабаты түгел үгітіліп қалған, ол жерде тек құм жатыр. Ал біз құмның үстіне апарып асфальт төсей алмаймыз ғой. Оны бір жауын жауса жуып кетеді. Тіпті, біз жасап береміз деген күнде де ол жобада жоқ. Жобаны жасаған адам тек кабинетте отырып сыза салған. Ол егер сол жолды көрсе, түсінер еді. Жол құрылысы уақытты күтпейді, күн ашық кезде жасап алу керек. Ал біз болсақ, соттасып жүрдік, сот арқылы ол жерге күрделі жөндеу жүргізу қажет екенін дәледедік. Бұл нені білдіреді? Тексеріс жасайтын мамандар жолға шықпаған, қарамаған деген сөз. Жәй кабинетте отырып, қол қойып жіберген. Біз соттастық, сотпен дәлелдедік. Әрине, бәріне жаманатты болдық. Соттың шешімімен ол жұмыстар тоқтады. Қайтадан тексеру жасалды, – деп атап өтті Жанна Кенжина. 

Жалпы, жолға қатысты бірнеше маманмен сөйлескенде ұққанымыз – жол құрылысына алдымен шала жоба жасалады екен. Сол шала жобамен тексеріс те шала-жансар жасалады. Бір өкініштісі – жобаны сызған адам не тексеріс өткізген мамандар «әй, қарақтарым, мына жерге күрделі жөндеу жүргізуі керек, бұл жолға орташа жөндеу жасай алмайсыздар» деп жанашырлық танытпай отырғаны. 

Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы демекші, осы орталықтың бұрынғы басшысы Зауірбек Қыпшақбаев ірі көлемде пара алғаны үшін 10 жылға сотталып кетті. Ол мердігер компания басшысынан 32 млн пара алды деп айыпталды. 

Бұл – әшкере болған бір ғана жағдай. Жолға бөлінген қаржыны жолдан жейтіндер өкінішке қарай азаймай отыр. Жуырда БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бір маманы істі болды. Орал сотының судьясы Магира Китарованың үкімімен Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағымен БҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының маманы Ерлан Ержанов кінәлі деп танылып, оған 5 млн айыппұл салынды. Ол мердігер компания­дан есепшотқа 500 мың аударуды сұраған. Осылайша, оларға «қамқорлық» танытуды көздепті. Өкінішке қарай, ісі әшкере болып, соттың шешімімен «мемлекеттік қызметтегі міндетін асыра пайдаланды» деп қуылды. Бұл оқиғадан кейін басқарма басшысы Бауыржан Айтмағамбетов қызметінен кетті. 

Бұл жол құрылысына тікелей жауапты басқарма мамандарының, Ұлттық сапа орталығы басшының бірлі-екілі мысалы. Қаралып жатқан істер, жүріп жатқан тергеулер туралы жазсақ, том-том кітап жазуға болар еді. Кейбір істердің сотқа жетпей қысқаратыны тағы бар.

«Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді?» дейді дана халқымыз. Егер жол сапасын тексеретін Ұлттық сапа ор­талы­ғының басшысы миллиондап пара алса, сапалы жол салуға тиісті Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының маманы біреуден 500 мың алып жатып ұсталса, біз сапаны кімнен сұраймыз?! 

Әттеген-ай! 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы