Санжарәлі Бегалиев көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, болашақта бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге тырысатынын айтты.
Бокстан әлем чемпионы атанған Санжарәлі Бегалиевке қомақты сыйақы берілді
1,818
оқылды

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы Санжарәлі Бегалиев пен оның жеке жаттықтырушысын қабылдады. Әкім жас спортшыны тарихи жеңісімен құттықтап, оның жетістігі тек Шымкент қаласының  емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асқақтатқанын атап өтті,  деп хабарлайды Aikyn.kz қалалық Спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Санжарәлінің спорттағы жетістіктері, дайындық барысы және алдағы жоспарлары талқыланды. Сонымен қатар жаттықтырушының еңбегі жоғары бағаланып, оларды қолдау мақсатында тиісті көмек көрсету мәселелері сөз болды.

Қала әкімі жас спортшыға алдағы додаларда сәттілік тілеп, оған Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Сондай-ақ  оған қала әкімінің алғысхаты мен 4 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ал оның бапкері Әлішер Ерметовке 1 миллион теңге берілді.

Санжарәлі Бегалиев өз кезегінде көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, болашақта бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге тырысатынын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Будвада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 6 алтын, 1 күміс және 10 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Шымкент қаласының спортшысы Санжарәлі Бегалиев 75 келі салмақ дәрежесінде жалпы 5 кездесу өткізіп, алтыннан алқа тақты.