Партияның Әйелдер қанаты заң шығарушы органдар, атқарушы билік және жергілікті қауымдастықтар арасында байланыстырушы рөл атқарады.
«AMANAT»: Әйелдер қанатының бір жылдық жұмысын қорытындылады
828
оқылды

Қазақстанның барлық өңірінен келген 150-ден астам әйел-көшбасшылары өткен жылғы жұмыстардың қорытындысын, сондай-ақ «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты алдында тұрған өзекті мақсаттар мен міндеттерін талқылады. Іс-шараға белгілі саяси және қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясының өңірлік әйелдер қанатының кеңесшілері, бизнес қауымдастығы өкілдері, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстаннан келген шетелдік қонақтар қатысты, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Салтанатты жиынды ашқан «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасы құндылықтарын нығайту және гендерлік теңдікті насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударатынын атап өтті.

«Соңғы жылдары Президент бастамаларының арқасында елімізде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында маңызды өзгерістер енгізген саяси реформалар жүзеге асырылды. Өз кезегінде, партия әйелдердің құқығын барынша қолдап келеді. Мәселен, партияның Әйелдер қанатының тікелей қатысуымен әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң әзірленді, партиялық тізімдерде гендерлік квоталар енгізілді. Tomiris жобасы аясында әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға арналған оқыту курстары ұйымдастырылуда. Өңірлерде «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары ашылды. «Балаңа уақыт арна!», «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» секілді көптеген партиялық бастамалар мен жобалар әйелдердің мүддесін қорғауға бағытталған.  Біз «AMANAT» партиясының мүшелерінің көпшілігі, яғни 60%-дан астамы – әйелдер қауымы екенін мақтанышпен айтамыз», – деді ол.

Сондай-ақ партияның Атқарушы хатшысы бақытты ана мен балалар өмірін жақсарту бойынша жүйелі реформаларға назар аударды. Бұл реформалар Мемлекет басшысының Жолдауларында және оның сайлауалды бағдарламасында, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған. Мысалы, көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы мөлшері ұлғайтылды, барлық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Осы жылдың басында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды, оның аясында әр бала инвестициялық табыстан ақша алу мүмкіндігіне ие.

Сонымен қатар «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты Қазақстанның барлық өңірлерінен келген әйел көшбасшыларының бастамаларын тиімді түрде жүзеге асырып отырғаны атап өтілді. ҚР Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, партияның Әйелдер қанаты заң шығарушы органдар, атқарушы билік және жергілікті қауымдастықтар арасындағы байланыстырушы рөлін атқарады.

 «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтары – бұл интернаттық мекемелер. Алайда, бұл мекемелерде болу балаларға қолайсыздық сезімін тудырады. «AMANAT» партиясының Әйелдер қанатының мүшесі, Мәжіліс депутаты Айна Мусралимованың ұсынысымен, осы мәселеге қатысты заңнамалық өзгерістер бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның аясында кәсіби қамқоршы отбасылар институтын енгізу жоспарлануда. Яғни, балаларды белгілі бір уақытқа кәсіби отбасылары қабылдайтын болады. Сол сияқты, Мәжіліс депутаттары, Әйелдер қанатының мүшелері ұсынған басқа да бастамалар заң шығару жұмысында көрініс тауып отыр», – деді халық қалаулысы.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева цифрлық дамудың кезеңінде цифрлық теңсіздік, жеке деректерді қорғау және технологиялардың қарқынды дамуына байланысты туындайтын жаңа сын-қатерлерге қоғамды бейімдеу мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Цифрлық даму тек мүмкіндіктер ғана емес, сонымен қатар қоғамның әртүрлі салаларына әсер ететін сын-қатерлерді де әкелуде. Әсіресе, цифрлық теңсіздік, оның ішінде интернетке қолжетімділік мәселесі тұр. Мәжіліс депутаттары шалғай өңірлерде байланыс инфрақұрылымын дамытуды, мүгедектігі бар адамдар үшін жеңілдік тарифтерін және байланыс қызметтерін субсидиялауды қоса алғанда, осы теңсіздікті төмендетуге бағытталған шараларға бастамашылық жасады», – деді ол.

Айта кету керек, «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының кездесуі «Табысты жыл қорытындысы – ұлттық идеялардан жаһандық ынтымаққа» атауымен өтті. Әйелдер қанатының төрағасы, партияның хатшысы Шолпан Каринова атап өткендей, «AMANAT» партиясы Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған мыңдаған қатысушыларды біріктіріп, Әйелдер қанаты әйелдердің мүддесін қорғап, отбасы құндылықтарын насихаттауда.

«Әйел аманаты» және Tomiris әйелдер көшбасшылығын дамыту жобалары арқылы біз партиямыздың бастауыш ұйымдарында әйелдерді біріктіріп, олардың әлеуетін арттыруға, кәсіби дамуына және қоғамдық-саяси өмірге қатысуына қолдау көрсетеміз. Гендерлік теңдік стратегиясын белсенді жүзеге асыра отырып, әйелдердің еліміздің өміріне толыққанды қатысуы үшін жағдай жасаймыз. Мәселен, Tomiris  жобасы аясында 100-ден астам әйел көшбасшылықты дамыту оқыту курсынан өтті. Бұл мәслихаттардағы әйел депутаттарының үлесін 30%-ға дейін арттыруға әсер етті», – деді ол.

Сондай-ақ Шолпан Каринова Әйелдер қанатының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде өткізілетін балаларға арналған «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалінің маңыздылығына тоқталды. Бұл фестиваль ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға интеграциялауға және олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұндай іс-шаралар мүгедектігі бар адамдарға толерантты көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді.

Іс-шара барысында өңірлерден келген белсенді әйел көшбасшылары да сөз сөйледі. Атап айтқанда, Астана қалалық филиалы Әйелдер қанатының төрағасы Салтанат Дженалаева ата-аналарға дағдарыс жағдайлары мен саналы тәрбиелеу мәселелерін талқылауға арналған семинарлар мен тренингтердің сериясын ұйымдастырғанын айтты. Оған шамамен 300 адам қатысқан. Ал Жамбыл облыстық филиалы Әйелдер қанатының жетекшісі Айман Ашимова партиялық жобаларды жүзеге асыру туралы баяндады. Мәселен, «Қарызсыз қоғам» қаржылық сауаттылықты арттыру курстарының көпшілігі әйелдер. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несиелерге өтініш бергендердің де көпшілігі әйелдер, бұл оларға фермерлік шаруашылықпен айналысуға және табыстарын арттыруға мүмкіндік береді.