Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар «Акваөсіру туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
«Акваөсіру туралы» заң жобасы мақұлданды
637
оқылды

Сондай-ақ ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдап, бірқатар халықаралық құжатты ратификациялады.

«Акваөсіру туралы» заң жобасы жаңа өндіріс орындарын құру және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту, бәсекеге қабілетті акваөсіру объектілері көлемін ұлғайту, олардың адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған ортаға қауіпсіздігін қамта­масыз ету арқылы акваөсірудің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Аманғали Бердалин баян­дамасында құжатта су қоймаларын конкурстық негізде және конкурстық рәсімсіз беру тәртібі қарастырылғанын айтты.

– Су айдындарын аукциондық сауда-саттық тәсілімен электрондық портал арқылы конкурстық негізде жүргізу қарастырылады. Бұл ретте тор қоршамада балық өсіру шаруашылықтарын құру жөніндегі инвестициялық жобалар үшін, егер инвестиция сомасы кемінде 150 мың АЕК болса, халықаралық және республика­лық маңызы бар су айдындарын конкурс өткізбей беру ұсынылады, – деді А.Бердалин.

Бұл ретте қосымша мемлекеттік қолдау шаралары енгізіледі: субсидиялау, жеңіл­детілген кредит және ғылыми сүйемелдеу. Сондай-ақ балық өсіру үшін су беру жөні­н­дегі қызметтер құнын субсидиялаудың жаңа түрі көзделіп отыр. Субсидиялау агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілетін болады.

Бұдан бөлек, салаға бақылауды Кәсіп­керлік кодекске сәйкес бақылау субъектісіне барып және бармай тексеру және профил­актикалық бақылау нысанында жүзеге асыру жоспарланған. Басқа стандарттар да қарастырылған.

Жұмыс тобының жетекшісі Сергей Пономаревтың айтуынша, заң жобасы халықтың балықты ішкі тұтынуын арт­тыруға, теңіздегі балық шаруашылығын және тауарлық балық шаруашылығын дамыту арқылы импортты алмастыруды, сондай-ақ экспорт әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, 2023 жылы қазақстандық өндірушілер Германияға, Нидерландыға, Қытайға және Ресейге 85,4 миллион долларға 25 мың тоннадан астам өңделген балық өнімдерін экспорт­тады.

Есепті тыңдаған соң депутаттар Үкімет мүшелеріне нақтылау сұрақтарын қойды. Талқылау нәтижесінде «Акваөсіру туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер бірін­ші оқылымда мақұлданды. Оларды одан әрі талқылау жұмыс тобының отырыс­тарында жалғасады.

Сонымен қатар мәжілісмендер ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңда Мәдениет және ақпарат министрлігінің осы салалар­дағы негізгі мақсаттары, міндеттері мен құзыретінің қағидаттары айқындалады. Түзетулерде Президенттің «Әділетті Қа­зақ­станның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын іске асыру аясында әзір­ленген «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің қызметін құқықтық реттеуді көздейтін нормалар қарастырылған.

 Білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түзетулер де екінші оқылымда мақұлданды. Заң кәсіби қабылдаушы отбасылар қызметінің құқық­тық негіздерін, осы саладағы құқықтық қатынастар субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ қорғаншылық немесе қамқоршылық саласындағы кәсіби қабылдаушы отбасылар мен уәкілетті органдардың өзара іс-қимыл тетіктерін  анықтайды. Депутаттардың бастамасымен осы заңға 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту сала­сындағы қызметтерді көрсететін ұйымдарды лицензиялау тәртібін енгізілді.

Мәжіліс Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісімге ен­гізілетін екі түзетуді ратификациялады. Оның алғашқысы құжаттың 1-бабына енгізілді. Ол банк операцияларын географиялық қамтуды Сахараның оңтүстігіне қарай Африка елдеріне және Иракқа шектеулі және біртіндеп таратуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Қаржы министрі Мәди Тәкиев Қазақстан үшін Африканы Банктің қызмет ету аймағына қосу миллиардтаған халқы бар елдерде байланыс орнату және жобаларға инвести­ция салуда жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Екіншісі – Еуропа Қайта Құру және Даму Банкін құру туралы келісімнің 12-бабының 1-тармағына әдеттегі опера­цияларға жарғылық капиталдық шектеуді жою туралы. Директорлар кеңесіне капи­тал­дың жеткіліктілігі стандарттарының тиісті деңгейлерін белгілеу мүмкіндігі бер­і­леді. Ол Банк капиталын пайдаланудағы тиімділік пен икемділікті арттырады.

Бұдан соң Мәжіліс мемлекеттік (муни­ципал­дық) сатып алуды жүзеге асыру кезінде банк кепілдіктерін өзара тану жөніндегі келісімді ратификациялады. Келісім 2023 жылы 29 тамызда Мәскеуде жасалған.

– Бүгінгі таңда Еуразиялық Одақ туралы шартқа сәйкес, мемлекеттік сатып алу нарығы өзара қатысушылар үшін ашық. Алайда Одаққа мүше мемлекеттердің арасында банктік кепілдікті өзара тану қарастырылмаған. Мәселені шешу үшін тараптар тиісті келісімді әзірлеп, қол қойды. Құжат бір мүше мемлекеттің резидент банктері берген банктік кепіл­діктерін басқа мүше мемлекеттің мемле­кеттік сатып алуға қатысуы үшін пайдалануға мүмкіндік береді, – деді М.Тәкиев.

Мәжіліс комитеттері ратификациялық үш жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олар: Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топ туралы келісімге және Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржылан­дыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еура­зиялық топтың бюджетін қалыптастыру және атқару тәртібі туралы хаттама, Қа­зақстан мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісім және орыс тілі жөніндегі халық­аралық ұйымды құру туралы шарт. Соңғы құжат жалпы отырыс барысында ратифи­кацияланып, Сенатқа жолданды.

Жалпы отырыс соңында «AMANAT» фракциясының депутаты Ермұрат Бапи Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев пен Ақпарат және мә­дениет министрі Аида Балаеваға жолдаған сауалында қазіргі әлеуметтік желілердегі қоғамдық пікірге ықпал ету саясатын сөз етті. 

Ал Үкімет басшысы Олжас Бектеновке сауал жолдаған депутат Аманжол Әлтай еліміздегі қаланың не ауылдың санатында жоқ кенттер мемлекеттік қолдауға зәру екенін жеткізді. Кешегісінен бүгіні, бүгінінен ертеңі қиындап бара жатқан кент тұрғындарының жанайқайына көңіл бөлуді сұрады. 

– Қалалық мәртебеге де, ауылдық мәрте­беге де толық сәйкес келмегендіктен, бұл аймақтар екі бағыттағы да мемлекеттік қолдау шараларынан шет қалуда. Нәтижесінде, жолдар, су және энергиямен қамту, әлеуметтік нысандардың жеткі­ліксіздігі шешімін таппаған басқа да мәселелер – өз кезегінде тұрғындардың тұр­мыс сапасын төмендетуде, – деді депутат.

Мәжілісмен өз сөзінде мәселені шешу үшін нақты шараларды атап өтті.

Кәмила ЕРКІН