Биыл күздің соңғы айы қарашада қалың қар түсіп, коммуналдық қызметтер тәулік бойы екі ауысымда жұмыс істеп, күн сайын қаладан жүздеген жүк көлігі қар шығарып жатыр.
Қарттардың ауласын қардан тазалады
575
оқылды

Ал көптеген жеке сектор тұрғындарының, әсіресе жалғыз тұратын зейнеткерлердің ауласын қардан тазартуға мүмкіндіктері жоқ. Қарт кісілерге қар тазалау физикалық тұрғыдан қиын әрі өте қауіпті екені белгілі. Сондықтан оларға көмектесу, жәрдемдесу жастар үшін қалыпты болуға тиіс. Бүгінде Астанада қалыптасқан жақсы үрдіс бар. Жастар қаладағы түрлі жағдайдағы өзіне қолайлы орта жасай алмайтын тұрғындарға көмектесіп, отынын, көмірін түсіріп, ауласының қарын, мұржасының күйе­сін, пешін тазалап беруге дағдыланған.

Биыл «Таза Қазақстан» республика­лық экологиялық акциясы аясында Ас­тана қаласы әкімдігінің «Астана жаста­ры» жастар ресурстық орта­лығы» КММ-ның 20 шақты волонтері зейнеткер­лердің үйлерінің жеке ауласын қардан тазартты және көмір түсіруге қолғабыс етті.

Мұндай жұмыстар өскелең ұрпақ­тың үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу секілді өзара көмек және ұжымдық жұ­мыс әдеттерін жетілдіруге септігін тигі­зеді. Сондай-ақ «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» деп бабадан балаға мирас болған ынтымақ-татулық сынды қағидалардың жастар арасында нығаюына әсер етеді. Ізгі, игі істер эмпатияның дамуына ықпал етіп, неғұрлым тұрақты және қамқор қоғам қалыптастыратыны даусыз.

Байқоңыр ауданының әкімдігімен бірлесіп, жалғызбасты қарт адамдардың жеке үйлерінің аулаларында қар тазалап, көмір түсіруге көмектесуге барған еріктілерге қажетті жабдықтармен және жылы қолғаптар берілді.

Өзін Давид Шарипов деп таныстыр­ған ерікті бұл өздері қатысқан алғашқы акция емес екенін айтты.

– Мен – Жастар ресурстық орталығының волонтерімін. Бұл біз қатысқан алғашқы акция емес. «Таза Қазақстан» акциясы жастардың қызығушылығын кеңінен қамтыды. Бұл тек таза көшелер мен саябақтар жайында емес, сонымен қатар таза ниеттер мен игі істер туралы екенін түсінуіміз керек. Мемлекет басшысы волонтерлік қызметтің баға жетпес үлесі туралы бірнеше рет айтқан. Біздің жігіттер әрқашан бірінші болып жауап береді және қажет болған жағдайда көмекке асығады. Елорданың жастары мүмкіндігінше біздің еріктілеріміздің үлгісін ұстанып, осы асыл акцияға қосылғанын қалаймын, – Д.Шарипов.

Ал Байқоңыр ауданының тұрғыны ерікті жастардың қызметіне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.

–  Қыс енді ғана басталды, қар аз жауған жоқ. Қарды өзімнің тазартуға шамам жоқ. Жарайсыңдар, балалар, өте уақытылы көмектесті. Осы балалар болмаса, жалғыз өзім не істер едім. Осындай балаларды тәрбиелеген ата-аналарына алғысым зор. Қар тазалауға көмектесетіндерін айтқан кезде қатты қуандық. Мұндай көлемде қар жауғанда қақпаны ашу қиын болады, бұрынғыдай күш-қуатымыз жоқ. Уақыттарын бөліп, бар күшін салып, көмектесіп жатқан балаларға көп рақмет. Бұл – біз үшін үлкен көмек, – деді ол.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ