Олардың әрекеттерінің нәтижесінде мектепке 10 млн теңгеден астам мөлшерде мүліктік залал келтірілген.
Астанада мектептің 2 бухгалтері бірлесіп 10 миллион теңге жымқырған
Фото: istockphoto.com
751
оқылды

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып аса ірі мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемдену (ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы) фактісі бойынша Ж. мен А.-ға қатысты айыптау үкімі шығарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  
Ж., мектептің бас бухгалтері және А., сол мектептің бухгалтері бола тұра, өздерінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы, 2021 жылғы қаңтар мен 2023 жылғы сәуір аралығында өздерінің банктік шоттарына жалақы түрінде ақшалай қаражатты заңсыз аударған.
Олардың әрекеттерінің нәтижесінде мектепке 10 млн теңгеден астам мөлшерде мүліктік залал келтірілген. 
Залал толығымен өтелді.  Сотталушылардың кінәсі сотталушылардың, куәгерлердің айғақтарымен, аудиторлық тексеру мен сараптаманың қорытындыларымен, сондай-ақ ақша қаражатын алу фактісін растайтын банктік деректермен дәлелденді.
Прокурор сотталушылардың әрқайсысына 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушылар мен олардың қорғаушылары бас бостандығын шектеу түрінде ең төменгі шектен төмен жаза тағайындауды сұрады.
Жәбірленуші тараптың өкілі жаза туралы шешімді соттың қарауына қалдыруды сұрады.
ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 1) тармақшасының санкциясы мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 6 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не айыру жазасын көздейді.
Сот мүліктік залалды ерікті түрде өтеуді, шын жүректен өкінуді, А.-ның зейнеткерлік жаста және науқас болуын, сондай-ақ Ж.-ның кәмелетке толмаған баласының болуын жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен сотталушылар ҚК 189-бабы 3-бөлігінің 1) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 6 жыл мерзімге айырыла отырып, 3 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.