Энергетикалық сусындарды жиі қолдану ағзаға қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған.
ҚМДБ энергетикалық сусындарға қатысты үкім шығарды
266
оқылды

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы энергетикалық сусындарды ішуге қатысты үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Энергетикалық сусын – құрамында кофеин, қант, психостимуляторлық заттар қоспалары (матеин, гуарана, женьшень, шөп сығындылары, цикламат, сахарин, сукралоза) бар, орталық жүйке жүйесіне стимулятор ретінде әрекет етіп, адамдардың денсаулығына психикалық және физикалық әсер беріп, тәуелділікті тудыратын газдалған алкогольсіз немесе алкоголі аз сусын.

ҚМДБ егер энергетикалық сусындардың құрамында алкоголь аз мөлшерде болса да, оны ішуге тыйым салынатынын мәлімдеді. Дәлел ретінде Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) «Мас ететін нәрсенің азы да, көбі де – харам» деген сөзін мысалға келтірді.

Сонымен қатар, кез келген сусынның құрамында алкоголь, зиянды заттар, харам, нәжіс нәрселер болмаса оны қолдануға рұқсат етілетінін айта отырып, алайда құрамында адам денсаулығына зиян беретін заттар болса (алкоголь, қауіпті заттар, харам, нәжіс және тағы басқа) қолдануға тыйым салынатынын айтты.

– Энергетикалық сусындарды жиі қолдану ағзаға (жүрекке, жүйке жүйесіне, қан қысымының жоғарылауына, қант диабетіне, семіздікке, аяқ-қолдың діріліне, тағы сол сияқты) қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған. Сондықтан мұсылман адамға мұндай сусындардан аулақ болған дұрыс. Сусынның құрамында шариғатта тыйым салынған нәрселер болмаса, оны қолдануға рұқсат. Алкогольді энергетикалық сусындарды ішу – харам. Энергетикалық сусындарды жиі қолданудың ағзаға қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған болса, оны қолдануға тыйым салынады, – делінген ҚМДБ үкімінде.

Шешім:

  • Сусынның құрамында шариғатта тыйым салынған нәрселер болмаса, оны қолдануға рұқсат.
  • Алкогольді энергетикалық сусындарды ішу – харам.
  • Энергетикалық сусындарды жиі қолданудың ағзаға қауіпті екені медицина тұрғысынан нақтыланған болса, оны қолдануға тыйым салынады.