Ақсай қаласында көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, жедел жәрдем көлігі өрттен зардап шеккен үш адамды Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Олар қазір Бөрлі аудандық ауруханасында ем алып жатыр.
– Өрттен зардап шеккен үш адамды Бөрлі аудандық ауруханасына жеткізді. Олар реанимацияда жатыр, жағдайы ауыр, – деп мәлімдеді БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бүгін өрттен 1981 жылғы әйел адам мен 2020, 2016 жылғы екі бала зардап шеккен. Олар қазір ауруханада.
Өрт сөндірушілер бір адамды құтқарып, 12 адамды эвакуациялады.
Өрт басталған сәтте әйел адам екі баласын терезеден лақтырған. Кейін өрт сөндірушілер келіп, әйел адамның өзін құтқарған.
Облыстық ТЖД мәліметінше, таңғы 9:14-те төтенше жағдай қызметіне Ақсай қаласында көпқабатты үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.
– Бүгін таңғы 9:14 шамасында Ақсай қаласында көпқабатты тұрғын үйдің төртінші қабатынан өрт шықты. Өрттің жалпы аумағы 60 шаршы метрді құрады. Өрттің шығу себептері анықталуда. Құтқарылған адамды медицина мамандарына тапсырды, – деп мәлімдеді БҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Айта кетейік, желіде Ақсай қаласындағы көпқабатты үйден өрт шығып, әйел адамның балаларды жоғарыдан лақтырып жатқан видеосы тарады. Тіпті, бір баланы ұcтай алмай қалғанын байқауға болады.
Белгілі болғандай, әйел адам өрт сөндірушілер келгенге дейін екі баланы терезеден лақтырған. Қазір балалар да, әйел де ауруханада.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, БҚО