Қазір эпидемиологиялық тексеру және аурудың таралуының алдын алу шаралары жалғасуда.
Атырауда бір адам «сібір жарасын жұқтырды» деген күдікке ілінді
638
оқылды

Атырауда бір адам «сібір жарасын жұқтырды» деген күдікке ілінді. Бұл туралы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Альмира Талапқызы мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.

«Ауру малды сойып, тасымалдаумен айналысқан 17 адам оқшауланған болатын. Соның ішінде, бір адам бүгін дене қызуының көтерілуіне байланысты №2 Атырау облыстық ауруханасына жатқызылды. Қазір науқастың жағдайы бірқалыпты. Одан сынама алынды, анализ қорытындысы бір күннен кейін шығады», – деді басқарма өкілі. 

Күні кеше «Асыл агро» базарында мал өлімінің екінші дерегі тіркелді. Қазір ол малдың Құрманғазы ауданы, Сүйіндік ауылынан әкелінгені анықталды. Жануардың нақты қандай дерттен өлгені белгісіз. Одан да сынама алынды.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметінше, сібір жарасына шалдықты деген күдікке ілінген малмен бірге Оралдан 10 жануар әкелінген. Оның сегізін сойған. 

Алайда, атыраулық атқамінерлер бұл ақпараттан бейхабар болып отыр. Қазір эпидемиологиялық тексеру және аурудың таралуының алдын алу шаралары жалғасуда.

Баян Жанұзақова