Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы орталық ком­муника­циялар қызметінің көшпелі брифингі Қызылордада ұйым­дас­тырылып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың әлеу­меттік-экономикалық дамуы бойынша хабарлама жасады.
Сыр өңірі көш бастап тұр
317
оқылды

Жалпы, биылғы  10 айдың қорытын­ды­сы­мен Сыр өңірі макрокөрсеткіштер бойынша көш бастап тұр.  Облыс бюджеті молайып, 744 млрд теңгеден асады. 

Облыс әкімі өз хабарламасында өңір­де атқарылған жұмыстар мен мақ­сат-міндеттерді егжей-тегжейлі баян­дады. Алдағы уақытта атқарылар жоба­ларға да кеңінен тоқталды.  

«Бүгінде Президентіміздің, Үкі­мет­тің ерекше қолдауының арқасында облысымыздың бюджеті өсті. Осыдан екі жыл бұрын 364 млрд теңге болса, биыл 744 млрд теңгеден асты. Соның не­гізінде осы жылдың 10 айының қо­ры­тындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында өсім қалып­тас­ты. Өңірлер арасында көшбасшылар қатарынан көріндік. Атап айтсақ, өнеркәсіп өндірісі – 0,8, өңдеу өнер­кәсібі – 22,8, ауыл шаруашылығы – 3, құрылыс жұмыстарының көлемі – 50, тұрғын үй – 7,4, көлік – 3,5, сауда 6,5 пайызға өсті. Биылға жоспарланған 517 млрд 500 млн теңге инвестицияның 478 млрд 300 млн теңгесін 10 айда тарттық. Оның 74 пайызы – жеке инвестиция­лар», – деді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Аймақ басшысы атап өткендей, соңғы 2 жылда өңірде құны 19 млрд 600 млн теңге болатын 22 инвестициялық жоба іске қосылған. Биылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде 10 млрд 700 млн теңгенің 13 жобасы жоспарланған. Бүгінде 9 жоба қолданысқа берілген. 

Облыста өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы өңір экономикасын әртарап­тан­дыру жұмыстары да қолға алынған. Осылайша, мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы төмен­деу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі кейінгі жылдары қыркүйек айынан бастап оң динами­каға шығып отыр.

Жалпы, Сыр өңірінің дамуына ерекше серпін беретін игі бастамалар аз емес. Жуырда ғана бой түзеген жаңа әуежай терминалы,  теннис орталығы, «Жайлы мектеп» бағдарламасы шең­берінде қолданысқа берілген алғашқы білім ордасы,   шыны зауыты – соның айқын көрінісі.

Көшпелі брифингте аймақтық және республикалық басылымдар мен теле­арналар журналистері екі сұрақтан қойып,  көкейдегі мәселеге тұшымды жауаптарын алды.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы