Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елдегі креативті индустрияны дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Қазақша дубляж қашан оңалады?
337
оқылды

Бұл орайда Мәдениет және ақпарат министрлігінен арнайы департамент ашылып креативті индустрияны дамыту бойынша арнайы тұжырымдама қабылданған болатын. Құжатта креативті индустрияның Қазақстан экономикасына қосар үлесін 2025 жылға қарай 5%-ға, креативті индустрияларда жұмыспен қамтуды 4%-ға дейін ұлғайту көзделген болатын. Сенат депутаты Айгүл Қапбарова Мәдениет және ақпарат министрлігіне креативті индустрияның маңызды саласының бірі – шетелдік блокбастерлерді қазақ тіліне дубляждау мәселесі аясында сауал жолдаған болатын. 

Жыл сайын шетелдік 15 фильм­ді қазақ тіліне дубляждауға мем­лекеттік қолдау арқылы бюд­жеттен шамамен 443 млн теңге бөлінген. Алдағы 2025-2027 жыл­дарға осы мақсатты жүзеге асыруға жоғарыда аталған сома көлемінде қаражат тағы көзделіп отыр. 

Ал­айда 2023 және 2024 жыл­дары аталған қара­жат игерілмей, толы­ғымен бюд­жет­ке қайтарыл­ған, яғни мем­лекет қолдауымен соңғы екі жылда бір­де-бір шетелдік фильм қазақ тіліне аударылмады, көрерменнің әлем­дік танымал кинотуындыларды ана тілінде көру құқығы ескерілмей отыр. Осы орайда сенатор Айгүл Жарыл­қа­сынқызы жауапты мин­ис­тр­ліктен қаражат­тың қатары­нан екі рет бюджетке қайтарылу се­бебін және алдағы жылдарға қа­рас­тырылған бюджетті игеру бой­ын­ша жоспарларын сұраған еді. 

Бұл сұраққа Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ыс­қақов жауап берді. Ол қаражат­тың игерілмей жатқанын растады. Оның айтуынша, расында да, былтыр министрлік Голливудтың 15 блокбастері мен анимациялық фильмдеріне қаражат бөлген.  

Ал­айда тиісті аудару жұмыстары жүр­гізілмеген. Сондықтан бұл қа­ра­жат бюд­жетке қайтарылған.

– Басты себеп – ең алдымен, голливудтық немесе анимациялық фильмдерді қазақ тілінде аудару үшін бірнеше қатаң шарт бар. Бір­ақ бізде екі үлкен қиын шарт бар. Ірі дистрибьютор­лық ком­пания­лар бұл шартты іске асыруға мүм­кіндігі жоқ. Бірінші шарт – әрбір туынды қазақ тілінде аудару ал­дында онлайн сауалнама өтуі ке­рек. Ол бірнеше айға созы­ла­ды. Екінші шарт – тек үлкен рей­тинг ала алатын немесе Голли­вуд туын­дылары ғана аударылатын кино немесе анимациялық туын­ды бол­уы керек. Осы екі шартты орын­дау үшін 3-4 ай өтеді. Әрине, ол кезде туын­дының тұсаукесері де өтіп кетеді. Сондықтан министрлік Мә­жіліске тиісті заң жобасын ен­гізіп, екі норма бойынша оңтай­лан­дыру немесе жеңілдету жұ­мыстарын жүргізуде. Бұл мәселені біз бақылауға аламыз. Тиісті заң­намалық өзгерістер енгізіп, бөлін­ген қаражатты тиянақты, орынды, нәтижелі жұмсауды мақсат етеміз, – деді Қанат Ысқақов. 

Вице-министр, қазақ тіліне сұраныс көбейген соң, дистри­бьют­орлік компаниялар фильм­дер­ді өз қаражатына аударуды қолға алып жатқанын айтты. 

Бұған дейін Мәдениет және ақ­парат министрі Аида Балаева анимациялық фильмдер мен ки­но­ларды қазақ тіліне дубляждау процесінде өзгерістер енгізілгенін хабарлаған еді. Жаңашылдықтар компанияларды отандық нарық үшін сапалы контент өндіруге кө­бірек тартуға көмектесетінін не­гізге алды. Бұл мемлекеттік тіл­дегі контентке сұраныстың бүгінде 80% екенін ескере отырып жасал­ғанын атап өтті. 

Министрдің сөзінше, елімізде шығармашылық индустрия қар­қын­ды дамып келеді. Алайда осы бағыттарды дұрыс жүйелеу керек. Индустрияда анимациялық филь­м­дер жасайтын коммерция­лық ком­паниялар, Ұлттық кино орта­лығының қолдауымен әзір­лен­ген материалдар бар. 2024 жылға дейін Мәдениет министрлігі дайын жо­ба­ларды қабылдағандықтан, олар­дың сапасы мен идеялық маз­мұ­ны­на көп көңіл бөлінбеген. Көп­теген туынды, соның ішінде ани­ма­циялық фильмдер халықаралық конкурстарға қатысу мақсатында жасалды. Арасында кең прокатқа бағыт­талмаған авторлық фильм­дер де болды. 

– Қазіргі таңда 10 тақырыптық бағыт­та сценарий байқауларын ұйымдастырып жатырмыз. Маз­мұн­ды жіті бағалап, өндіріс кезең­ін­де сапасын бақылаймыз. Егер өнім талаптарымызға сәйкес кел­ме­се, ол қаржыландырылмай­ды,­ – деді министр. 

Аида Балаеваның айтуынша, қазақша контент сұранысқа ие болып отыр, аудиторияның 80%-ы шығармашылық өнімді мемлекет­тік тілде тұтынады. 

– Кино, өнер – бұл, ең алды­мен, қазақ тілі және нарық та со­ған бағдарланған. Біз барлық өнім­деріміздің қазақ тілінде де, орыс тілінде де болуына мүдде­ліміз, – деді министр. 

Бұған дейін Қазақстанда көр­ер­мендер қазақ дубляжы бар фильм­­­дерді елемейтіні айтылып келген еді. Кино сарапшыларының айтуынша, қазақ дубляжының тағдыры тікелей халықтың белсен­ділігі мен талғамына байланысты да болып отыр. Егер көрермен қазақ тіліндегі өнімдерді қолдап, сұраныс туындатса, дубляж саласы да қарқынды дамып, мемлекеттік тілдің мәртебесі арта түседі. Сон­дықтан бұл мәселе шығармашылық топтардың ғана емес, жалпы хал­ық­тың да назарында болуға тиіс. Халықтың қазақ тіліндегі контент­ке сұранысы ел мәдениетінің даму­ы­на жаңа серпін берері сөзсіз.

Дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев қазақ дубляж өнерінің дамуындағы негізгі мәселелер мен болашаққа бағытталған ұсыныс­тарды атап өтті. Оның айтуынша, дубляж – үлкен шығармашылық ұжымның еңбегі және бұл салада аянбай жұмыс істеп жүрген білікті мамандар жетерлік. Дегенмен бұл еңбекті тиісті деңгейде қолдау жетіс­­­пейді, ал дубляж заң жүзінде қорғалмаған.

− Дубляждың дамуына еңбек етіп жүрген актерлар мен аударма­шылардың ізденісіне көңілім тол­ады. Әйтсе де, отандық дубляж өнер­­іне мемлекеттік деңгейде қол­дау аз, тіпті ол заң жүзінде қор­ға­лмаған. Мәселен, кинотеатрлар­дағы шетелдік фильмдерді әрбір көрермен тұтынушы ретінде қа­зақша немесе орысша көруге құ­қылы. Осы тұста, көбінесе қазақ көрермендерінің құқы бұзылады. Яғни, осы мәселені заң жүзінде рет­тей алмай отырмыз. Сондай-ақ көбінесе кино компаниялар өз туындыларын қазақша түсіруге ынталы емес. Фильмді орысша ұсынсақ, көрерменнің қарасы бас­ым, пайда мол болады деп ой­лайды. Бұл – қате түсінік. Қазір уа­қыт өзгерді, жыл санап мем­ле­кеттік тілдің мәртебесі биіктеп келеді. Мәдениет саласына жауап­ты мамандар шетелдік фильмдерді ана тілімізде дубляждау мен отан­дық туындыларды қазақша түсіру­ге маңыз беріп, оны жан-жақты зерт­теп, шешкені жөн деп ойлай­мын, – дейді режиссер.

Дегенмен қазақ тіліне дубляж жасаймыз деп бөлінген қаржының игерілмей қалғаны көңілге қоным­сыз. Сенатор Айгүл Қапбарова орын­ды мәселе көтеріп отыр. Дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев айтқандай, әрбір көр­ермен тұтынушы ретінде қазақша да көруге құқылы. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ тіліне дубляждау мәселесін орынды шешкен дұрыс.

Әсет ҚАЛИ